Бас тақырып

Қарияларға – тегін жазылым

Газет қоржынына күн сайын алуан сипатты хат-хабарлар мен түрлі мазмұндағы жазбалардың үзіліссіз түсіп жатуы – қалыпты үрдіс, заңды құбылыс. Солардың арасында ілкіде бір өзгеше бітімдегі дүниелердің келуі, әрине, еріксіз елең еткізеді. Біз төменде жұртшылық назарына ұсынылып отырған жарияланымды дәл солай қабылдадық. Әріден тартсақ, құндылықты қастерлеуді мұрат тұтқан, беріден салсақ, ортаға парасатты ұсыныс тастап, ұлағаттың «ұшқынын шашыратқан» ойлы оқырман, білікті педагог-басшының тәлімді пікірі – қалың ел болып қолдауға татитын бағалы бастама.

Ендеше, іске сәт, ардақты ағайын!

РЕДАКЦИЯДАН.

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек екені анық», – деген болатын. Осыны ескере келгенде басылым беттеріндегі тың тақырып, ұшқыр идея, өзекті мақала, сараптамалық зерттеу материалдары талғамы биік оқырманның жүрегіне жол тапса, нұр үстіне нұр!

Иә, баспасөзге жазылу науқаны – көпке ортақ іс, өз газетінің таралымы артуына мүдделі әр баспасөз құралы үшін де аса маңызды кезең.

Бүгінгі таңда жастардың дені электронды оқуды қаласа, аға буынның ақпаратты баспа беттерінен оқығанды ұнатары анық.

Үлкендi сыйлау, құрметпен қарау – атадан балаға мирас болып келе жатқан тәрбиенің қайнар көзі. Олай болса, үлкендерге лайықты сый-құрмет көрсетіп, алғысына бөленген, ақ батасын алған ұрпақтың қашан да көсегесі көгерері сөзсіз.

Жыл сайын қазан айының басында аталып өтетін Қарттар күніне орай, педагогикалық еңбек ардагерлеріне, аға буын жақындарымызға «Орталық Қазақстан» газетіне алдағы 2020 жылға жазылу түбіртегін тарту етсек, бұдан асқан сыйлық болмасына сенімім мол!

Менің бастамам – Қарттар күні аясында «Қарияларға «Орталық Қазақстан» газеті жазылымын сыйлайық» акциясын ұйымдастыру. Мен педагогикалық еңбек ардагері, анам Сара Балқашқызына «Орталық Қазақстан» газетіне жылдық жазылымды рәсімдеймін.

Игілікті іс жарасымды жалғасын тапсын деген ниетпен эстафетаны ұлт ұстанымдарын ұлықтауға ықыласты зерделі оқырманның баршасына жолдаймын.

Сәулеш МҰҚАНОВА,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры.

Басқа материалдар

Back to top button