Қарқаралы

Қаридың үйіне қамқорлық қажет

Қарқаралыда тарихи нысандардың қарасы қалың. Солардың бірі – осы өңірге есімі белгілі дін уағыздаушысы Имам Қаридың үйі. Жақында жергілікті өлкетанушы Ерлан Мұстафин әлеуметтік желіде осы үйдің қазіргі ахуалына қатысты мәселе көтерген-ді. Сәйкесінше, бұл жазба желі қолданушылары арасында қызу пікір туғызды. Осы орайда біз өлкетанушымен кездескен едік.

  • Имам Қари – Қарқаралының тумасы. Ол кісіні бертінге дейін өзбек деп келдік. Кейін зерттей келе, қожа екенін білдім. Қожаларды қудалаған кезде өзбек болып жазылған. Содан ел арасында өзбек болып жүрген. Үлкен бабалары Түркістаннан келген. Осы жаққа келіп мекендеп, осы жақта тұрған. Имам бала кезінен діни тәрбие алған. Бірақ, ол кісі имам сайланғанда сол кездегі билік қыспағымен мешіт жабылып қалған екен. Майданға көмек жасауға үлкен үлес қосқан. Ұлы Отан соғысы кезінде Қарқаралының мұсылман қауымынан ақша жинап, көмек ретінде жөнелтіп отырған екен. Өте білімді адам, – дейді Ерлан Мұстафин.

Өлкетанушының айтуынша, Ақжан Машановтың әкесімен дос болса керек. Бала Ақжан Қарқаралының педагогикалық техникумына оқуға түскен жылы әкесі Қарқаралыға әкеліп Имам Қаридың үйіне орналастырады. Сол үйде оқиды. Кейін үйдің тарлығынан Имам Қаридың бөлесі Үсен қожаның үйіне ауысады. Ал, Ақжан Машановтың бойында білімге деген құштарлық осы Имам Қаридан даруы әбден мүмкін. Себебі, имам өте білімдар адам болған. Араб, парсы, өзбек, татар, орыс тілдеріне сауатты сөйлеген. 30-шы жылдары оқымысты, агроном, поляк Богдан Ильич Ясенецкий де Имам Қаридың үйінде тұрыпты.

  • Ақжан Машанов пен Ясенецкийді бауырына басып, үйіне тұрғызып, қамқорлық таныту Имам Қаридың адамгершілігін көрсетеді. Егер, Ақжан Машановтың білім-ғылымға деген алғашқы қадамы Имам Қаридың үйінен басталмаса, Әл-Фарабидің де қазақ болып ортамызға оралуы екіталай ма еді?!. Жақсы жанмен танысып, біраз уақыт болса да үйінде тұрып, тәлімін алған, ұлты бөлек болса да, халқына сіңірген еңбегі бір, мақсат-мүддесі бір қос азаматтың тұлға болып қалыптасуында Имам Қаридың тікелей ықпалы бар деп айтуға толық негіз бар, – дейді өлкетанушы.

Имам Қаридың бес баласы болады. Қазір екі немересі бар. Көкшетау жақта тұрады. Ерлан Мұстафин олармен де хабарласып тауып алған. Кейіннен Қарқаралыға келіп, әкелерінің басына құран оқытып, ас берді. Балалық шағы өткен аталарының үйіне барып, еміс-еміс естерінде қалған сәттерін еске алыпты.

Бүгінде үй жекеменшік қолда тұр. «Осы үйді жанашыр азаматтар сатып алып, тарихи нысан ретінде қамқорлыққа алса», – дейді Ерлан Мұстафин. Орынды ұсыныс. Жақында билік тарапынан көңіл бөлініп, қалталы азаматтар да табылып қалар деген үмітіміз мол.

Басқа материалдар

Back to top button