Қара жол һәм қаралы статистика

Біздің елде ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысы артқан сайын, одан туатын қауіп те көбейгендігі көпшілікті алаңдатады. Мәселен, жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллион 240 мың адам көз жұмады екен. Статистикаға сүйенсек, елімізде 2019 жылдың 11 айында барлығы 14 835 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қаза тапқандар саны – 2111, жарақат алғандар – 19 579. Талай жанның тағдырын жалмаған өзекті мәселеге Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өзі үн қатып, өрескел заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырған болатын. Сол Заң күшіне енген соң, алғашқы болып ұсталған да біздің 37 жастағы қарағандылық тұрғын. Ол 2018 жылы сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған. Алайда, соған қарамастан, мас күйінде тағы да рөлге отырған. Бұл факті бойынша тәртіп бұзушыға өмір бойына көлік жүргізу құқығынан және 5 жылға дейін шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін дейді құқық қорғау органының өкілдері. Сонымен, өткен жылы қабылданған заң аясында бұл статистиканың деңгейі төмендей ме?

ӘУЕЛІ…

 Жоғарыдағы статистиканың ішіндегі біздің облыстың үлесі қандай? Осы ретте облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметке көз жүгіртейік. Өткен жылы облыс бойынша 544 жолкөлік оқиғасы тіркеліп, одан 179 адам опат болып, 653-і түрлі дене жарақаттарын алған.

  1. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда –3,8%-ға азайған дейді мамандар. Қанша жерден өлім саны кеміді деген күннің өзінде бұл цифр аһ ұрғызады. Қанша бала ата-анасыз жетім атанды? Қанша ата-ана баласынан айырылды? Ең ауыр қасірет. Ал, Құдай қағып, аман қалды дегеннің өзінде қаншасы арбаға таңылды? Өзектісі – осы тұс.

Норвегия астанасында өткен жылы жол апаты салдарынан 1 ғана адам көз жұмған. Таң қаласыз! Сол Осло көшелерінде бірде-бір жаяу жүргінші қаза таппаған. Бұған қала ішіндегі жылдамдықтың азаюы мен жол сапасының жақсаруы сияқты факторлардың әсері бар.

АПАТТЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ ЖҮРГІЗУШІНІҢ КІНӘСІНЕН

 Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептеріне тоқталсақ. Апаттың 90 пайызында жүргізуші кінәлі екендігі анықталды. Ал, өткен жылы елдегі жүргізушілердің кесірінен 11 174 апат орын алған. Олардың 386-сы ішімдік ішкен немесе есірткі шегіп көлікке отырған.

Ал, аталған факті бойынша, облыстық статистикаға сүйенсек, биыл 21 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 7 адам көз жұмып, 24-і түрліше жарақат алған. Апат айтып келмейді деген күннің өзінде ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені ақылға сыймайды.

Қазақстанда жаяу жүргіншілерді қағып кету жиі орын алып отыр. Мұндай оқиға өткен жылғы болған жол апаттарының 42%-ы. Ал, облыстағы көрсеткіш бойынша, жаяу жүргіншілердің қамсыздығы мен жүргізушілердің жауапсыздығынан 208 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 146 оқиға екі тараптың қақтығысуынан болған. Яғни, жүргіншілер жолағына қатты жылдамдықпен келген жүргізушілердің жауапсыздығы. Соның ішіндегі 72-сі дер кезінде тоқтап, көлік иесінің өзі (жолдан шығып кету, аударылу, қағылу) апатқа ұшырау салдарынан туындаған көлік оқиғасы. Абай болған абзал.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ҚАДАҒАЛАНУЫ ТИІС

Ертеректе автобус, троллейбустардың жүргізушілері отыратын кабинасына «Жүргізушіге кедергі келтірмеңіз!» деген ескертпе жазу ілінуші еді. Қазір де бар. Ол уақытта қоғамдық көлік жүргізушілері бар назарын жол қауіпсіздігіне аударатын. Ұялы телефонның қолданысқа ене қоймағанынан болар.

Ал, бүгінгі қоғамдық көлік жүргізушілерінің ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті, хабарлама жазысып көлік жүргізетінін көзіміз көріп жүр. Үстерінен шағым да түсіп жатады. Оған қарағандылық жүргізушілер, тіпті пысқырып та қарамайды. «Уақытқа таласып, бірінен-бірі озып, кей аялдамаларда уақытынан бұрын келіп алып, жолаушылардың көп мінгенін күтіп, артынша сол жолаушылардың өзімен сөзге келісіп» дегендей… Міне, бұл – бүгінгі қаладағы автобус жүргізушілерінің көрінісі. Ал, қоғамдық көлікке отыратындардың көбі – мектеп оқушылары мен зейнеткерлер.

Қысқасы, қоғамдық көліктерді де қатаң бақылап, оның тізгіншілеріне темірдей тәртіп орнату керек.

ЖАҢА ТАЛАП МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?

 Жол ережесін сақтау қажеті қанша айтылса да, айыппұлды жыл сайын қанша көбейтсек те, оқиғалар саны азаймай тұр. Бір жүргізуші сақ жүрсе де, екінші жүргізушінің салғырттығынан қайғыға тап болып жатады. Жол тәртібін реттеуге камераның да, жол полициясы қызметкерінің де күші жетпей тұр. Неге? Кей деректерге сүйенсек, тәуелсіздік алған 28 жылда жол-көлік оқиғасы салдарынан 82 мың адам көз жұмған. Зардап шеккендері қаншама? Кез келген ақпараттық сайттарды ашып қалсаңыз, дәл осы оқиғаларды жарыса жазып жатады…

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заңға сәйкес, көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жаза күшейтілген.

Енді мас күйінде осындай қылмыс жасаған адам 10 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылады. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде мас күйінде көлік жүргізгені үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 8 жылға ұлғаяды. Сонымен қатар, егер азамат өз куәлігінен айырылса да мас күйінде көліктің рөліне отырса, онда көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру да осы жерде қарастырылған.

P.S: Түптеп келгенде орын алып жатқан апаттардың көбіне жолдың нашарлығы, көліктің ақауы емес, жүргізуші кінәлі. Жылдамдықты асырып, бір сәтте өте шығамын деп ойладыңыз. Ал, сол кез Сіздің өміріңіздің соңғы минуттары болуы мүмкін! Жамандық шақырмаймыз. Десе де, сақтансаң ғана сақтайды деген сөздің салмағы артатын секілді осы тұста…

Қасымхан ҒАЛЫМ