Руханият

Қара қостың иесі һәм киесі

Адамзат құрұқ ұстағалы қай заман, қай дәуір? Әуелдегі бақташы Абыл екен дейді. Біз інісін өлтірген күнәһар Қабылдың зәузатымыз. Әйтсе де, түрік жұрты Абылдың кәсібін, Абылдың жолын таңдаппыз. Сол ықылым заманнан бері қаба жалды айғырдың жалына қазы байлап, темірқазықты бағдар етіп, ашулы боран мен сарышұнақ аязда дала кезіп, түн қатып, құрұқ сүйретіп мың жылдықтардан өттік. Бүгінге жеттік. Қаншама ғасыр ендіктер мен бойлықтарды сызып келген құрұқтың ізі ХХІ ғасырға келіп тоқтағандай. Қарқаралыда құрұқ ұстаған соңғы адам менің атам Орал Тілегенұлы болса, Ақтоғайда Сембі Кенжебайұлы. Одан кейінгі жұрт малды мотоциклмен бағып, жоқ, кешірерсіз, бағып жүрген жоқ, тырқыратып жүр…

Сембі ақсақал қырық жыл қара қостың шырақшысы болды. Ақтоғайдың Айыртасында. Мал басына мал қосты. Өскен жылқымен бірге беделі де өсті. Жезқазған облысына депутат қып сайлады. Сөзге сараң, іске жарау азамат Балқаш қаласынан Ортадересін ауылына асфальт тартуға мұрындық болды. Мәселе көтерді. Совет үкіметі құлап, өліара кезең басталып, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» кезде де ата кәсібін тастамады. Құрығын сүйеген жоқ. Үкіметтің жылқысын басы бүтін тапсырып, пайына мал алып, жеке шаруа атанды. Әуелде босағаға біткен құт қой, алдына тағы үйірүйір жылқы түсті.
Қара қостың иесін айттық қой, енді киесін айтайық. «Пайғамбар тіккен қара қос» деген сөз бар қазақта. Неге десе пайғамбарлардың көбі бақташылар екен дейді аңыз-әпсана. Яғни, әр заманда Қабыл балаларының ішінен Абылдың үмметтері пайғамбарлар шығып тұрыпты. Қазақ даласында құрұқ ұстағандарды да бейкүнә Абылдың үмметтеріне қосар едім өз басым. Пайғамбар болмаса да…
Биыл Сембі ақсақалдың уақидан бақиға аттанғанына бір жыл толды. Былтыр көңіл сұрап бардық. Төсек тартып жатқан адам қиналғанына қарамастан орнынан тұрып, сәлемімізді қабыл алды. Азды кем әңгіме құрдық. Түздің адамы ғой. Біз табанымызға шөгір кірсе безек қағамыз. Ал, Сембі ақсақал қиналғанын жасырып, темір төзімге иек артып отыр екен. Сабырлы қалпы. Есімізге қиссадағы аяулы пайғамбар Аюб түсті. Он екі мүшесі шіріп жатқанда қыңқ етпеген Аюб, жара жүрегі мен тіліне жеткенде Аллаға «Өзіңе пікір ететін жүрегім мен зікір ететін тілімді сақтай көр» деп жалбарыныпты. Сол кезде сүйікті құлына сүйсінген Тәңірі оған саулық жіберген дейді қисса. Сембі ақсақалға қарап біз де Алла саулық жіберсін, әлі-ақ айығып кетесіз деп қоштастық. Өзі сыр бермегенмен дерті дендеп кеткен екен. Ертеңіне «жылқы іздеп кете барды». Сабырлы қалпы…
Сембі ақсақал үйленген жылы Айыртасқа географтар келіп, жерді картаға түсірген екен. Мұқажан төренің қызы Дәмежан шешемізбен жайлауда бас қосыпты. Сол жер әлі күнге дейін картада «Сембіүйленген» деп аталады. «Бәленшенің қара шоқысы», «Бәленшенің биігі» деп жер аттарын айтып жүреміз ғой. Дәл солай ғасырдан ғасырға «Сембіүйленген» атауы сапар шекпек. Қараңызшы, тағдырдың өзі тарихқа атын қосып тұр…
Сембі ақсақалдың арғы тегіне зер салсаңыз тобықты ішінде Оразғұл. Тарих Ақтеке деп біледі. Қиын-қыстау кезеңде жалындаған жас, мен деген ер қиналып тұрғанда қарт Оразғұл топ бастайды екен. Сонысына бола Ақтеке атапты. Елдің серкесі ғой.
Өз әкесі Кенжебай Сембі ақсақал туғанда соғыста екен. «Ұлды болдың» дегенді естіп, майданды тастап елге тартқан. Бұдан бұрын жары он құрсақ көтеріп, бәрі де шетінеген. Қашқын атанарын, сотталарын, тіпті атылып кетуі қаупін сезе тұра, жалғасын көріп кетуге
келіпті. Ұлын бір иіскегеніне тоғыз жылын қиды. Штрафбатқа…
Бір күн бұрын көңіл сұрап, есен-сау көрген ағамыз бақилық болғанын естігенде еріксіз өлең жолдарына ерік беріп едік:
Уа, ақсақал,
Сен де кетіп барасың, сен де кетіп…
Уақыт жүйрік, мінекей, көмбені өтіп.
Дүние – жел, Ал, адам қаңбақ сынды,
Әкетеді қу ажал дөңгелетіп.
Жатсың міне, күзеттен келгендейін,
Айтшы ақсақал, қайсы бір шерді емдейін?
Қалың жылқы кісінеп, күңіренді,
Қара қосқа кім ие сенен кейін?

Мұз жастанып, түн қатып, таң атырған,
Оза туған ер едің санатыңнан.
Таудай төзім бітіпті тал бойыңа,
Сары алтындай сабырдан жаратылған.

Дерт меңдеп, дегбірді алды,
Күрсінбедің,
Сабыр деп жата бердің, құр сүлдерің.
Құдайға мойынсынған момыным-ау,
Жүрек боп мәңгі ізгі, дүрсілдедің.

Сен солай момын едің, момын едің,
Сол баяғы, со көңіл, со жүрегің.
Монтансып молаң жатыр, дәл өзіңдей,
Өмір-Өлім,
Өмір-Өлім,
Өмір-Өлім…

PS. Әкеміз Сембі КЕНЖЕБАЙҰЛЫНЫҢ жылдық асы Балқаш қаласындағы «Сұлтан Бейбарыс» мейрамханасында 4 шілде күні сағат 11.00-ден бастап беріледі.

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button