Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағандының фармацевтикалық зауыттары өндіріс көлемін ұлғайтуда

«Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ және Қарағанды фармацевтикалық зауыты фитопрепараттарды, өсімдік заттары негізіндегі дезинфекциялаушы және бактерияға қарсы құралдарды шығару көлемін өсіруде. Өндірісті кеңейтуге 100 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл жаңалық аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің  аталған кәсіпорындарға барған кезінде мәлім болды.

– Қазақстанда 16 негізгі фармацевтикалық зауыт бар. Олардың 95%-ы тасымалданатын шикізатпен жұмыс істейді. Ал, біз дәрілік шикізаттан дайын препараттарға дейін барлығын өзіміз өндіреміз. Барлығы 72 атау бар. Сондай-ақ жаңа препараттар – иммуномодуляторлар әзірледік, – дейді «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ Бас директоры Серғазы Әдекенов.
Қарағанды фармзауыты – шикізат өндіруден, оны қайта өңдеуден, қажетті субстанцияларды алудан дайын препараттарды шығаруға дейінгі бірыңғай технологиялық циклді кәсіпорын. Қазіргі уақытта өндірісте өсімдік шикізатын экстракциялау және лиофильді кептіру цехын салу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жеңіс Қасымбек жұмыс сапары барысында ірі ұн тартатын кәсіпорынның жұмысымен де танысты. «Сұңқар и К» астық компаниясы» ЖШС тәулігіне 140 тонна жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұн өндіреді. Компания өнімдері «100 пудов» маркасымен сатылады.

– Ұн өндіру үшін Нұра, Осакаров аудандарынан және Ақмола облысынан астық аламыз. Ұнды көтерме және бөлшек сауда желісінде ғана емес, тұрақтандыру қорына да жеткіземіз, – дейді «Сұңқар және К» астық компаниясы» ЖШС директоры Марат Айсин.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Имсталькон» ЖШС және «KAZ BUILD COMPANY» ЖШС-де болды.
«Имсталькон» ай сайын 2500-3000 тонна металл құрылымдарын шығарады. Зауыттағы жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр.
“KAZ BUILD COMPANY” өнімдері бүкіл Қазақстан бойынша сұранысқа ие. Қарағанды қаласының көптеген ірі сауда және өндірістік объектілерін салу кезінде осы кәсіпорынның металл құрылымдары қолданылды. Биыл зауытта сэндвич-панельдер шығарылмақ.
Қарағанды облысының әкімі осы қиын кезеңде өндірісте жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, мүмкіндігінше жаңа жұмыс орындарын құруға тырысу керектігін атап өтті.
 

Басқа материалдар

Back to top button