Қарағандылық оқушыларға компьютерлер мен планшеттер таратыла бастады

Төртінші тоқсанда Қарағанды облысының 376 мектебі қашықтан оқыту форматына көшеді. Қазір қашықтан оқытуға дайындық шаралары жүргізілуде. Яғни, 6 сәуірге дейін оқушылар мен ұстаздардың барлығы қажетті гаджеттермен және интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс. 

 

Облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, дайындық шаралары бір мезетте үш бағыт бойынша жүреді. Олар: мұғалімдер мен мектеп оқушыларын компьютерлермен және қолжетімді интернетпен  қамтамасыз ету, облыс мектептерін автоматтандырылған платформаларға қосу және мұғалімдерді қашықтықтан жұмыс істеуге оқыту. Қазіргі таңда аймақ мектептерінде 36 мыңнан астам жағдайы төмен бала оқиды. Олардың ішінде 8112 оқушыда қашықтан оқуға қажет гаджет пен интернет жоқ. 

 — Барлық балалар мен мұғалімдерді компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін сегіз өңірде жергілікті бюджеттен 377 млн теңге бөлінді. Жалпы алғанда 2 409 компьютер мен планшет сатып алынады, — деді Есенғазы Иманғалиев.

Сонымен қатар, қашықтан оқуға мүмкіндігі жоқ оқушыларға мектеп балансындағы компьютерлер берілмек. Ол үшін қабылдау және тапсыру актілері жасалады. Жалпы алғанда, аймақта 500 оқушыға планшет пен флешка таратылады.

Онлайн сабақтар  sdot.bilimal.kz, daryn.online, sabak.kz, google.classroom.com, skype және zoom платформаларда өтеді.

— Қашықтықтан оқыту кезеңінде мобильді интернет қызметін тегін  ұсыну мәселесі бойынша провайдерлермен келісімдер жасалуда, — деп атап өтті басқарма басшысы.

Қазіргі таңда мұғалімдердің қашықтықтан жұмыс істеуге дайындығы аяқталуда. Оларды онлайн-семинарлар арқылы оқытуда. Тағы бір айта кетерлігі, қашықтан оқыту форматы ұстаздардың айлығына әсер етпейді. Яғни, олардың жалақылары толық көлемде сақталады.

Жоспар бойынша, 1 сәуірде оқушылармен сынақ сабақтар өткізілмек. Сонымен қатар, 2 сәуірде  Білім министрлігі онлайн-режимде республикалық ата-аналар жиналысын, ал келесі күні-балаларға арналған республикалық сынып сағатын өткізеді.

— Біздің алдымызда өте маңызды міндет тұр. «Қашықтықтан оқыту» тиімді болуы үшін негізгі үш адами қасиет қажет: шыдамдылық, тәртіп және жауапкершілік. Біз мұғалімдерден барынша беріліп жұмыс істеуді талап етеміз. Мүмкін болатын техникалық іркілістерге қарамастан, балалар толыққанды білім алуы тиіс. Келтірілген қолайсыздықтар үшін алдын ала кешірім сұраймын. Барлық мәселелерді жедел түрде шешетін боламыз, — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Ата-аналарда сұрақтар туындайтын болса, келесі телефондар арқылы хабарласуға болады: (8-7212) 50-25-00 (білім басқармасы), (8-7212) 25-25-02 (call-орталық).