Жаңалықтар

Қарағандыдағы көпқабатты үйге қорықшының бейнесі салынады

Қарағанды қаласының көпқабатты үйлерінің қасбеттері көркем суреттермен безендіріледі. Суретші Шыңғыс Қасымов ақбөкендерді қорғау жолында қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің бейнесін салуға кірісті. 

– Суреттерді салу идеясы былтыр пайда болды. Бұл – өзекті мәселе. Ол – заманауи қалалық өнер. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бұл бастаманы қолдап,  эскиздерді жасауға және демеуші табуға көмек көрсетті. Сондай-ақ, қала әкімі де қолдады. Ол бізге муралдарды құруға қажетті автовышка мен проектор табуға көмектесті, – дейді «Белсенді азамат» жобасының жетекшісі Сабир Ниязов.

Нұркен Әбдіров даңғылындағы №4 үйдің қасбетіне қолына ақбөкеннің лағын ұстап тұрған қорықшының суреті салына бастады. Оны толық аяқтау үшін екі аптаға жуық уақыт өтеді.  Сабир Ниязовтың айтуынша, сурет бірден үш маңызды тақырыпқа арналған: Қарағанды облысында ақбөкен санының азаюы, табиғатқа деген махаббат және өз ісіне деген адалдық.

– Әр суреттің астында біз кім немесе не бейнеленгені туралы ақпарат жазылған тақтайша орнатуды жоспарлап отырмыз. Мысалы, Ерлан Нұрғалиевтің қысқаша өмірбаяны, оның қызметі. Сонымен қатар Нұркен Әбдіровтің ерлігіне арналған сурет салу жоспарлануда. Онда, батыр жерлесіміз туралы айтамыз. Осылайша, бұл жұмыс ағартушылық, өлкетану қызметін де атқарады, – дейді «Белсенді азамат» жобасының жетекшісі.
 

Басқа материалдар

Back to top button