Бас тақырып

Қарағандыда кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыру басталды

НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША БЫЛТЫРҒЫ ЖЫЛЫ АЙМАҚТЫҢ АУДАНДАРЫНА 2 МЛРД. 604 МЛН. ТЕҢГЕ НЕСИЕ БЕРІЛДІ. БИЫЛҒА 2,5 МЛРД. ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ. ӨТІНІШТЕР ҚАБЫЛДАП, ҚАРАЖАТТЫ ИГЕРУ БАСТАЛЫП ТА КЕТКЕН. БҮГІНГІ ТАҢДА 500 МЛН. ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫҒА ӨТІНІШТЕР КЕЛІП ТҮСТІ. ОНЫҢ ІШІНДЕ, 302 МЛН. ТЕҢГЕГЕ ҚОЛДАУ ТАУЫПТЫ. АЛ, 60 МЛН. ТЕҢГЕДЕН АРТЫҚ НЕСИЕ БЕРІЛІП ҮЛГЕРДІ.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қарағанды филиалы басшысы Асқарбек Мақсұмханның айтуынша, бағдарламаға шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, фермерлік шаруашылықтар қатыса алады. Бағдарлама арқылы жаңа бизнес ашуға және бизнесін кеңейтуге мүмкіндік беріледі. Қор өңірлердің дамыту картасына сәйкес барлық үміткерлерді қаржыландыруға дайын екенін атап отыр. –

Нәтижелі жұмыспен қамту аясында қор арқылы мал, құс және ара өсіру шаруашылығын дамытуға берілетін «Игілік», көктемгі-күзгі егін жұмыстарын жүргізуді несиелейтін «Егінжай», ауылда ауыл шаруашылықтық емес бизнес түрін (көлік жөндеу стансасы, жүк тасымалы, наубайхана, жылыжай және тағы басқа бағыттағы кәсіптерді) несиелеуді іске асыратын «Кәсіпкер», сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алуға қолдау көрсететін «Бірлік», «Ынтымақ» бағдарламаларын ұсынады, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қарағанды филиалы басшысы Асқарбек Мақсұмхан.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында түрлі мақсатқа несие 6%-бен беріледі. Бағдарламаға қатысушының несие талаптарына сәйкестіктерін анықтау үшін бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендер аудандық, ауылдық әкімдіктерге, жұмыспен қамту орталықтарына баруы тиіс. Өз бизнесін ашуды көздейтін, бірақ, кәсіпкерлік негіздерін оқытатын курста оқығандығы туралы сетификаты жоқ үміткерлер «Бастау Бизнес» бағытына жолданады. Ал, сертификаты барлар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ына несие алу үшін өтініш бере алады. Бұдан соң қор бизнес-жобаны бағалап, несие беру мүмкіндігі туралы шешім шығарады.

Бұл орайда филиал басшысы «Талон» жүйесінің іске қосылғанын жеткізді. Яғни, бұл жүйе арқылы үміткер құжатын талапқа сай тапсырғанда өтінішінің қандай деңгейде қарастырылып жатқанын және несие беру бойынша үдерістерді бақылай алады. Талонның мерзімі 15 күн. Егер сіз тиісті құжаттар толығымен тапсырған болсаңыз, онда қаржыландыру 15 күннің ішінде жүзеге асады.

Айта кеткен жөн, жалпы несиелеудің 80 пайызы «Игілік» бағдарламасына бұйырады екен. Бұл мал өсіруді көздейтін бағдарлама бойынша берілетін несиенің сомасы 4 млн. теңгеге дейін. Берілетін мерзімі – 6,5 жыл. Жеңілдік те қарастырылған. Соманың 20 пайызын мал азығына бағыттауға болады. «Егінжай» бағдарламасы арқылы берілетін несие көлемі – 6 млн.теңге. Мерзімі – 3 жыл. Транштың мерзімі – 1 жыл. Жылдық пайызы – 6 пайыз. Жеңілдік мерзімі де бар. Несиені жабудың икемді кестесі де ұсынылады. Сонымен қатар, етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламасы да қолданыста. Сондай-ақ, сүт-тауарлы фермаларды дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасымен қаржыландыруды жалғастыру жоспарлануда.

 

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button