Жаңалықтар

Қарағандыда хакатон сайыстары басталды

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де республикалық хакатон сайыстары басталды. Жастар жылы аясында ұйымдастырылған шараға Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қарағандыдан 200-ге жуық үздік идея авторлары қатысуда.

Биылғы хакатон ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласындағы жобалармен жұмыс істейтін өнертапқыштар арасында өтуімен ерекшеленіп отыр. Ғылым мен технологияны жетік меңгерген жастар ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік беретін жобаларды ұсынуда. Сондай-ақ, олар еліміздегі егіншілікті дамытудың жаңа тетіктерін әзірлеп, оны көпшілікке таныстыруды қолға алды. IT-технологиялар саласындағы өзекті бағыттар жөнінде ой бөліскен Жәйрем КБК автоматтандыру және байланыс басқармасының басшысы Асқар Аужанов «Таныстарың болмаса, көп ақша табу мүмкін емес дегенді көп естимін.

Мен лайықты жалақы аламын, миллиондаған жалақы алатын әріптестерім, таныстарым бар. Көп төлеуге дайын компаниялар бар. Егер өз ісіне немқұрайды қарайтын маман болсаңыз, онда сіз қайда көшіп барсаңыз да байып, көп ақша таба алмайсыз. Керісінше, егер сіз жоғары білікті қызметкер болсаңыз, әлемнің кез келген нүктесінде жұмыс істей аласыз. Табыс пен байлықтың жалғыз кілті – білім. Біз әрқашан өзімізге жұмыс жасап, кәсіби тұрғыда өсуіміз керек», – дейді.

Сайыста Асқар Аужанов секілді спикерлер өздерінің кәсіпкерлік саласындағы жетістіктерімен бөлісті. Білім беру саласындағы IT-шешімдерді әзірлеумен айналысатын кәсіпкерлер жас стартаперлерге сәттілік тіледі.

 Хакатон сайыстарының жеңімпаздары бір миллион жүлде қорына ие болатынын айта кеткен жөн. Жүзден жүйрік шыққандар жобаларын патенттеуге және ілгерілетуге мүмкіндік алады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button