Жаңалықтар

Қарағандыда аты жаман ауруға шалдыққандар азаймай тұр

Ғасыр індеті – ЖИТС алғаш тіркеле бастаған ХХ  ғасырдың 90 жылдарынан бері елдегі 9 мыңға жуық адамның өмірін жалмапты. Ал, облыс бойынша 2150 адам осы індеттің құрбаны болған. Бұл деректер ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күніне орайластырылған баспасөз мәслихатында айтылды.

Мамырдың үшінші жексенбісінде әлем осы дерттен құрбан болғандарды еске алады. 35 млн. адам. Дүниежүзі бойынша ЖИТС-тен қайтыс болғандар саны. Осыған орай, ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу бойынша облыстық орталық түрлі акцияларды, қайырымдылық шараларын ұйымдастырмақшы. 

– Бұл деректер барлық азаматтарға ой салу керек,– дейді аталмыш орталықтың директоры Бейбіт Сағымбаев.

– Ауруды жұқтырмау әр адамның өз қолында. Ол салауатты өмір салтын ұстану, наркотиктік заттардан алыс болу, серігіне адал болу сияқты мәселелерден туындайды. Кез келген адам жасына, жынысына,  әлеуметтік жағдайына, діни көзқарасына байланыссыз бұл ауруды жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан, біздің орталыққа келіп тест тапсырып отыру – маңызды. 

Мамандардың айтуынша, ЖИТС әуелдегідей, тек, әлеуметтік әлжуаз топтар ғана емес, барлық адамға ауыз салған қазір. Ауруды жұқтырғаны бірден белгілі бол-
майды, нақты белгілері де жоқ. Сондықтан, адамдардың өздерінің жауапкершілігі, тест тапсырып отырулары қажет. Анықталған жағдайда бірден ем-дом алады. Ол тұрақты түрде тегін жүргізіледі. Бүгінде 2700-ге жуық адам ем алуда. 

– Тек, қана емдеу шаралары үшін республикалық бюджеттен 1 миллиардқа жуық теңге бөлінеді. Біздің еліміз ЖИТС-пен ауыратындарды тегін емдейтін біршама мемлекеттердің қатарында. Егер, науқас вирусқа қарсы дәрілерді ұқыпты түрде үзбей қабылдайтын болса, ұзақ өмір сүру мүмкіндігі бар. Бұрынырақта ем алмаған науқастар 10-12 жыл шамасында өмір сүрсе, қазір тұрақты емнің арқасында 25 және одан да көп жыл өмір сүре алады,– деді Б.Сағымбаев.
Дәрі-дәрмектің дені шетелден әкелінеді. Арасында Алматыда орналасқан фармацевтикалық зауыттан да жеткізіледі екен бірақ, олардың да шикізаты шетелдік.
Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта ЖИТС-ті жыныстық жолмен жұқтыру жиілеп кеткен, нақтырақ айтсақ, 70%-ы. Биылғы 4 айдың өзінде ғана облыста 73 жағдай тіркеліпті. Былтыр жүкті әйелдердің арасында 56 жағдай тіркелсе, оның алдыңғы жылында бұл көрсеткіш 90-ды құраған екен. Биыл аяғы ауыр 30 әйел тіркеуге алынған. 
Өткен жылы дүние есігін ашқан екі сәби вирусты аналарынан жұқтырған. Орталықтың емдеу, алдын алу бөлімінің меңгерушісі Ольга Орлованың айтуынша, нәрестелердің бірінің анасы тіркеуге кеш тұрған, сәйкесінше, тест кеш тапсырған, екіншісі болса, тұрақты түрде емделмеген. 
– ЖИТС жұқтырғандардың емі өмір бойына жалғасады, ол үзілмеуі тиіс. Ыждаһаттылықпен емделсе, “оң нәтижелі” аналар 97-99 % жағдайда сау балаларды дүниеге әкеле алады. Адамдардың өз денсаулығына немқұрайлығы осындай салдарға алып келеді. Ол балалар бірден есепке алынды. Жалпы, қазіргі таңда 15 жасқа дейінгі 28 бала емделуде. Баланың ең үлкені 18 жаста, яғни, ол осыншама жыл өмір сүрді деген сөз. Сонымен қатар, есепте 70-тен асқан адамдар да бар,– деді ол.
Адамдағы иммунтапшылығы вирусы (АИТВ) бар адам қоғамның басқа мүшелері сияқты қалыпты жұмыс істеп, отбасын құрып, бала сүйе алады. Вирус қан арқылы, қорғанбаған жыныстық қатынас кезінде, жүктілік мерзімінде анадан балаға жұғуы мүмкін. Ал, басқа жағдайларда берілмейді. Сондықтан, ондай жандардан қашқақтап, кемсітуге болмайды. Ал, ЖИТС-ті қасақана жұқтырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ұмытпаған жөн. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button