Бас тақырыпҚарағанды

Қарағанды миллионерге қайтсе айналады?

Ертең – Қарағандының туған күні. Дәл осыдан 85 жыл бұрын 1934 жылғы 10 ақпанда Қарағандыға қала мәртебесі берілді дейді жылнама. Содан бері кеншілер мекені – Қарағанды өзінің 85 жылдық тарихында тотықұстай түлеуін әсте толастатпапты. Апақ атамыз тапқан тас көмірден бастау алған қатпарлы қалың тарихы – қойнауы қазыналы өңірдің қуатты Қарағандыға айналғанын айғақтайды. Қандай күрделі кезеңдерде Қарағанды өзінің өндірістік өзегін талдырып, қажырын сарқып көрмепті. Ол – Отанымыздың индустриалдық орталығы. Еліміздің экономикалық һәм стратегиялық тірегі. Уақыттың көшінде жүктелген зор міндетті жолда аударған жоқ. Бүгінде қуатты Қарағандыда жаңа міндет. Ол – миллион тұрғынды мегаполиске айналу.

ЕЛБАСЫ САПАРЫНАН КЕЙІНГІ СЕРПІН

Астана, Алматының қатарын былтыр Шымкент толықтырғаны мәлім. Сөйтіп, үш миллионер қала бар елде. Төртінші болып үмітін үкілеген – Қарағанды. Мұны Қарағандыға келген былтырғы сапарында Елбасы да айтқан. Мемлекет басшысы сонда Қарағандының төртінші миллион тұрғыны бар қала атануға мүмкіндігін атаған еді. Сонымен, Қарағандыға миллонер мәртебесі бұйыра ма? Сараптап көрелік…

«Бүгінде мұнда 500 мың адам тұрады. Мен Қарағандының миллион тұрғыны бар  қала болғанын армандар едім. Қазір біздің Алматыда – екі миллионға жуық. Астанада – миллион, ал, 30-шы жылдарға қарай екі миллион болады. Шымкент – миллиондар қатарында. Енді келесі Қарағанды болуы тиіс. Ол үшін халық еңбек ететін кәсіпорындарды дамыту қажет»,–деген-ді Президент Қарағандыға сапарында. Яғни, Қарағанды үшін алдағы жылдарға мақсат пен міндет айқындалды. Қарағанды қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыта отырып, сол арқылы тұрғындар санын миллионға жеткізу межесі белгіленді. Бұл үшін жергілікті билік Қарағанды қаласының алдағы даму жоспарын да жасады. Онда дамудың тетіктері негізге алынуы тиістігін айтып облыс әкімі Ерлан Қошанов та Президент сапарынан соң қала әкіміне арнайы тапсырма да берген еді. Демек, қазіргі таңда қала әкімінің қолында Қарағандыны миллион тұрғынды мегаполиске айналдырудың жан-жақты зерттелген, сарапталған жоспары болуы тиіс. Тек, бір әттеген-айы бізге ол жоспарды білу «бақыты» бұйырмады. Себебі, қала әкімінің баспасөз қызметі халыққа есеп берер алдында уақыттарының тығыздығын айтады. Қош… Әкімнің жоспары болмаса, Қарағанды қаласының Бас жоспары бар. Ал, ол Бас жоспарда Қарағандыны дамыту егжей-тегжейлі көрсетілген. 2007 жылы жасалған Бас жоспар Қарағандыны миллионерге айналдыруда қалай қызмет етпек? «Қоғамдық және әкімшілік-іскерлік облыс орталығы қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде (45га) Спасск тас жолы мен 7-ші магистраль арасында орналастырылады. Мұнда ірі бизнес орталығы, Диалог және қоғамдық келісім облыстық орталығы салынады.

Орталық коммуналдық аймақта технопарк, ғылыми және эксперименттік-технологиялық орталықтар, көрме кешендерінің құрылысын салу көзделеді (54 га). Бұрынғы аумақтарынан денсаулық сақтау мекемелері көшірілетіні ескеріле отырып, орталық көп бейінді емдеу-сауықтыру кешені (52 га) салынады» делінген 2007 жылы Үкімет бекіткен бас жоспарда. Яғни, ел аузында жүрген Оңтүстік-Шығыс қаланың орталығы болады деген гу-гу негізсіз емес. Оның төркіні – Бас жоспар.

БАС ЖОСПАРДАҒЫ МҮМКІНДІК МИЛЛИОНДЫ ЕҢСЕРЕ МЕ?

Айтқандай, Бас жоспардағы жобалар да Президентке сол сапарында назарға ұсынылған.

«Маған бүгін Қарағандының орталығы болатын Оңтүстік-Шығыста орналасқан ашық алаңды көрсетті. Бұл жағдай дәл менің Астананы ашық далада салғаныма ұқсайды. Өзіңнің ойлағаныңмен әр түрлі сәулет құрылыс идеясын дамытуға болады, барлық мүмкіндік бар. Қаланың орталығы сол жерге көшірілетін болады. Мен осы жерде жұмыс істеген кезімде Қарағандының астында, яғни, қазір әкімдік орналасқан жерде миллиард тонна сапасы жоғары көмір бар екенін білетінмін. Сонау, 1970 жылдары КСРО көмір өнеркәсібі министрлігі осы көмірді шығару үшін қаланы Оңтүстік-Шығысқа көшіру туралы идеясын ұсынған. Бәрі бірден бола кетпейді, әрине, алайда әдемі жаңа орталық керек»,– деген еді Мемлекет басшысы.

Бас жоспарсыз кез келген қала, елді мекеннің әсте дамуы мүмкін емес. Ал, Үкімет бекіткен 2007 жылғы жоспарға дейін Қарағанды 1968 жылы жасалған жоспар бойынша «өмір сүріп» келген-ді. Ол отыз жылға жоспарланыпты. Онда Қарағанды қаласының тұрғындарының саны 650-700 мыңға жоспарланған. Яғни, 1998 жылы жаңа жоспар жасалуы керек-ті. Бірақ экономикалық күрделі ахуалдың салдарынан ол мүмкін болмаған-ды. 2007 жылғы Бас жоспар бойынша бүгінде Қарағанды дамуын жалғастыруда дейді облыстың қала құрылысы және сәулеттендіру басқармасының мамандары. Бұл бас жоспарда да тұрғындар саны- 640-700 мың деп жобаланған. Жоспарды бесжылдық үш кезеңмен іске асыру тайға таңба басқандай жазылған. Есепті кезеңі – 2015 жыл деп көрсетілген. Сонымен қатар, бас жоспардың есептік кезеңі аяқталғанда тұрғын үй салу үшін жаңа резервтік алаңдар қарастырылған.

Облыстың қала құрылысы және сәулет басқармасының бөлім басшысы Саят Көпбалин Қарағандының құрылыс және сәулетке қатысты жұмыстары аталған жоспар бойынша екенін айтады.

Саят КӨПБАЛИН, облыстың қала құрылысы және сәулет басқармасының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Қарағандыны дамыту 2007 жылғы Бас жоспар бойынша жүргізілуде. Есептік кезеңі 2015 жыл болғанымен, мұның заңға еш томпақтығы жоқ. Себебі, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 47 бабы 5-тармағында «Елдi мекеннiң бас жоспары жаңа бас жоспар бекiтiлгенге дейiн не қолданылып жүрген бас жоспарға заңдарға және құрылыс салу ережелерiне қайшы келмейтiн бөлігiнде енгiзiлген өзгерiстер бекiтiлгенге дейiн қолданылады» деп атап көрсетілген.

Қарағандының миллион қалаға айналдыру бағытында бұл жоспарға қандай да бір өзгеріс орын алатындығы, я алмайтындығы туралы да басқарма мамандары жауап бере алмады. Олар Қарағанды қаласының әкімдігіне жүгінуді ұсынады. Ал, олардан ақпарат алынбаудың себебін жоғарыда айттық.

Миллионер болу аймаққа несімен тиімді?

Миллионер шаһардың негізінде әлеуметтік-экономикалық даму бар. Миллионер қала – республикалық маңыздағы қала мәртебесін иеленеді. Ал, бұл болса, кез келген қаланың екінші тынысын ашатын оттегі іспеттес. Мысалы, еліміздегі ірі мегаполис Алматыда, деректерге сүйенсек, елдегі жалпы ішкі өнімнің 20 пайызы, яғни, бестен бірі өндірілді. Барлық түсетін салықтың ширегі Апорттың мекенінде жиналады. Көтерме және бөлшек операциялардың 50 пайызы да осында екен. Салынған тұрғын үйдің 16,4 пайызы Алматыға тиесілі. Барлық инвестицияның 9 пайызы да Алматыда. Шағын және орта бизнеске өріс болған. Айталық, соңғы екі жылда 27 жаңа өндіріс жұмысын бастады. 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Демек, мегаполис болу арқылы қала өзін-өзі асырып қана қоймай, ел қамбасына да қаржы құюға қауқарлы болмақ.

Әлемнің әйдік тәжірибесі тұрғыны миллионнан асқан мегаполистердің экономикалық дамуы қарқындылығын көрсетті. Миллионер болу үшін оның кәсіпорны, білім беру, денсаулық сақтау салалары шоғырланған миллион тұрғынды әлеуметтік те, экономикалық та қамтамасыз ететін мықты болуы керек. Былайша айтқанда, санға сапа жауап беруі қажет.

Нақтыласақ, қазіргі таңда Қарағандының басында статистикалық деректер бойынша 501 мың 229 тұрғын бар. Ал, облыс аумағында 1 378,9 мың адам тірлік кешіп отыр.

Кезінде Қарағанды аймағында басшылық қызмет атқарған бірқатар тұлғалар Қарағандының миллионер болудағы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ол үшін Қарағандыда барлық алғышарттар бар екенін атайды. Мәселен, көптеген жылдар Қарағанды аймағында басшылық қызмет атқарған, Премьер-министрдің кеңесшісі болған профессор Әбдіжаппар Әбдіәкімов Қарағандыда миллионды қала әлеуеті бар дейді.Сонымен қатар, миллион жолында «қолдан ұйымдастырудан» аулақ болу қажеттігін де ескертеді.

Әбдіжаппар ӘБДІӘКІМОВ, профессор:

– Қарағанды – жалпы о бастан өнеркәсібі де, рухани саласы да алдыңғы қатарлы қала. Қарағандының миллион тұрғынға жететін әлеуеті – зор. Көмірі де, темірі де, басқа да шикізаттық-минералдық ресурстары да жеткілікті. Сондықтан, ең бірінші өнеркәсіпке ден қойып, жаңа кәсіпорындар ашу керек. Ауыл шаруашылығы да жақсы дамуда. Бірақ бір мәселе бар. Ауылдан қалаға миграция басталады. Соны ескеру керек. Одан көптеген әлеуметтік, рухани мәселелер туындайды. Урбанизацияның екі жағы бар. Осының баршасы – салмақтап, ойланатын жағдай. Қолдан ұйымдастырылғанның бәрі адам тағдырына көп кедергі етеді. Сондықтан, қала өзі экономикалық толысып, толығып барып мұратына жетуі тиіс.

Агломерация арқылы миллионды шешу мүмкін бе?

Қарағанды-Теміртау агломерациясы – экономикалық және әлеуметтік өмірді ортақтығы мен бір-біріне жуық орналасқан кенттерді жаппай қала тәріздес өңірлерге айналу бағытымен сипатталатын елді мекендер шоғыры. Қарағанды-Теміртау агломерациясы Қарағанды көмір бассейнін игеру және еліміздегі ірі көмір металлургия орталығын жасау барысында, шахталардың, байыту фабрикалардың, жылу электр стансаларының, қара металлургия, химия, машина жасау, құрылыс индустриясы, транспорт, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары құрылысының кең өрістеуіне байланысты халықтың қоныс аударуының нәтижесінде ХХ-ғасырдың 30-50 жылдарында Қарағанды төңірегінде калыптасты. Агломерацияға Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалалары, Топар, Ақтас, Ақтау, Долинка, Қарабас, Қушоқы, Жаңа Долинка, Токаревка (Ғ. Мұстафин), Шахан, Южный кенттері кіреді. «Енді Қарағандымен іргелес кейбір елді мекеннің есебінен миллионды толтыру бір мүмкіндік пе?» деген сауал туындайды. Алайда, аузы дуалы, сөзі уәлі тұлғалар мұнымен мәселе оң шешілмейтінін айтады. Олай еткен жағдайда, тұрғындардың әлеуметтік проблемаларының жаңа легі туындайтынына сенімді. Көптің пікірі – Қарағанды өзінің көші-қон саясатымен, әлеуметтік-экономикалық саясатымен миллионға жетуі тиіс. Сонда ғана тепе-теңдік сақталады. Ал, тепетеңдік барда – даму бар.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button