Бас тақырып

Қарағанды – Арыспен бірге

Апат айтып келмейді. Арыс трагедиясы ешкімді бейжай қалдырмады. Қайғылы оқиға қазақстандықтардың бірлікке мығымдығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сын сағатта қазанының емес, қалың елдің қамын ойлаған қазақ елі жұдырықтай жұмылып, қолдан келген көмектен аянып қалған жоқ. Облысымызда да Арыс жұртына қолдау көрсету қарқынды жүргізілуде. Қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмек бір сәтке де толастаған жоқ. Әлі де жалғасуда.

«Nur Otan» – алдыңғы сапта Аймақ басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасымен «Nur Otan» партиясының Қарағанды филиалында гуманитарлық көмек жинау бекеті ашылды. Мұндай бекеттер партияның барлық филиалдарында да бар. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанованың айтуынша, әуе және көлік қатынастарымен қазірдің өзінде 30 тоннаға жуық бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пен киім-кешек жіберіліпті. Жалпы құны 1 миллион теңгеге дәрілік заттар да жиналған.

Апатты жағдай әл-ауқатпен қатар, тұрғындардың психологиялық жағдайына да ауыр нұсқан келтіретінін партиялықтар назардан тыс қалдырған жоқ. «Nur Otan» жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес өкілдерінің ұйымдастыруымен зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына сол жерде 40 маман кәсіби психологиялық қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, облыс бойынша қаржылық көмек көрсету мақсатында бастапқы партия ұйымдарының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударған. Арыс қаласында зардап шеккендерге жекелеген қарағандылықтардан «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының шотына 12 миллион теңгеден астам қаражат түскен. Облыстың аудандары мен қалаларындағы ведомстволық басқармалар бір күндік жалақыларын, яғни, 340 млн. теңге аударылған. Көмек қолын созамын деген қала тұрғындары да «жедел желі» арқылы хабарласып, мән-жайды біле алады. Ал, гуманитарлық көмек көрсету бекеті тәулік бойы жұмыс істейді.

Атқарушы билік атқа қонды

Қысылтаяң тұста, әрине, жүктің ауыры әкімдіктің, жалпы алғанда биліктің еншісіне тиесілі екені мәлім. Қарағанды облысының мамандары Арыс қаласындағы 83 тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда. Оның 11-і – көпқабаты үй. Аймақтың әр өңірінің мемлекеттік қызметшілерінен құралған, облыс әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев бастап барған топ жарылыс толқынынан үйлердің қираған есіктері мен терезелерін алмастыру жұмыстарымен айналысуда.

– Қызметкерлеріміз қазір Арыс қаласында бүлінген ғимараттарды қарап-тексеру және бағалау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, 59 нысанды қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілуде. Жұмыстарды бір ай шамасында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді облыс әкімінің орын басары Ермағанбет Бөлекбаев.

Жалпы, Арыс қаласы көмек көрсетілуі тиіс бес секторға бөлінген екен. Қарағанды облысына бөлінген бесінші секторға 18 шағын аудан кіреді. Қарағандылықтар осы шағынаудан тұрғындарын анықтап, келтірілген шығын тізімін жасаумен айналысуда. Оның көлемі анықталған соң, құжаттарын реттеп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.

  • Алдымен үйлерге кіріп, жарылыс толқыны қаншалықты зиян келтіргенін анықтау үшін пәтер иелерін табу керек болды. Біз Арысқа келгенде үйлерде ешкім болған жоқ. Телефон нөмірлерін білмейміз, қайда екенін білмейміз. Оны анықтаудың өзіне біраз уақыт кетті. Жарылыс толқыны үйлердің терезелерін сындырып жіберген, тіпті, есіктерге де зақым келіпті. Иелері табылған соң, есік-терезелерді қалпына келтіру үшін өлшеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құжаттар реттелген соң арнайы бекітілген фирмаларға тапсырыс береміз. Олар алып келген соң, фирма қызметкерлерімен бірге, терезелерді және есіктерді орнатуға көмектесіп жатырмыз, – дейді Қарқаралы ауданының «Жастар ресурстық орталығының» директоры Асылан Рахымбергенов.

Асылан Рахымұлының айтуынша, жарылыс салдарынан сәл жел көтерілсе, шаң да көтерілетіндіктен терезелерді қалпына келтіру жұмыстары жедел жүргізілуде. Апат салдарынан үйлерінен безінуге мәжбүр болған тұрғындар да қазір қайта оралып, көмекке келгендерге қолдарынан келген қолғабыс етуде.

Кәсіпкерлер де қалыс қалмады Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесі мүшелері де «Атамекен» ҰКП-ның Арыс қаласында зардап шеккендерге көмек көрсету бастамасынан тыс қалған жоқ. «Менің Атамекенім» қоғамдық қорының ресми шотына бүгінгі күнге дейін 5 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Ал, облыстағы кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің төрағасы Болатбек Байменов болса, бастаманы қолдаушылардың бірі ретінде қор шотына 2 млн. теңге жолдапты. Жекелеген кәсіпорындар да игі іске өз үлестерін қосуда. Олардың қатарында «Аспап» ЖК, «Найдоровское», «Ремстрой», «ЕСКО», «Galex Plus» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестері бар. Ал, Абай ауданындағы «Стежок» ЖШС Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде төсек-орын жабдықтарын, ал, «Шығыс» және «Еуразия» шаруашылықтары Арыс қаласы тұрғындарына азық-түлік жіберген. Жезқазған қаласының жеке кәсіпкері 1 млн. 600 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетті.

«Арыс балаларына» үндеу

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этнобірлестіктер де – қаржылай көмек көрсетуде алдыңғы орындарда. Осыған дейін «Түркістан» қоры арқылы 2 миллионға жуық ақша аударылған. Ал, қаржылай және гуманитарлық көмекпен қатар, Аналар кеңесі «Арыс балаларына» үндеу жолдады.

«Еліміздің болашағы, келешегінен үміт күткен балғын балауса балаларым! Бұл азапты күндер, сынақ күндер де ұмыт болып артта қалар. Уақыт емші деген. Кішкентай ғана жүректеріңе түскен ауыртпашылық барша аналардың жүрегін селт еткізбей қоймады. Өмірдің сынағына төзе біліп, жарқын өмірге деген үміттеріңді үзбеңдер. Әр ананың жан жылуы мен аялы алақаны, ақ тілегі мен мейірімі, махаббатқа толы кең құшағы әрдайым өздеріңе арналады!» делінген үндеуде.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button