Қарқаралы

Қарқаралыда ұлағатты ұстазға құрмет көрсетілді

ЖАҚЫНДА ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ, ҰЛТ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕТКЕН ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, БІЛІКТІ БАСШЫ, ҚАЗАҚ КСР ХАЛЫҚ АҒАРТУ ІСІНІҢ ОЗЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ СМАҒАНБЕТ ДҮЙСЕТАЙҰЛЫНА ӨЗІ ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН БҰРЫНҒЫ №5 МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНДА ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ.

Бүгінде аталмыш білім ордасы Мәди Бәпиұлы атындағы №44 орта мектеп деп аталады. Шара барысында «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, асқар тау әкенің атын ұлықтаған ұрпақтары, әріптестері, ел ағалары, сыйлас болған көзкөргендер Смағанбет Дүйсетайұлының жарқын бейнесін, өнегелі ісін еске алып, құрмет көрсетті.

Ұлағатты ұстаз 1940 жылы Бесоба орталау мектебін, 1943 жылы Қарағанды қаласындағы Жамбыл атындағы мектепті бітіреді. Соғыс оты шарпыған 1943-1944 жылдары өзі туған Бесоба ауылының мектебіне меңгеруші болып орналасады. 1944-1946 жылдары Қарағандыдағы мұғалімдер иститутынан тарих мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады. 1946-1947 жылдары Калинин атындағы мектепте мұғалім, 1947-1952 жылдары Қарқаралы аудандық және Қарағанды облыстық партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарады. 1952-1955 жылдары Қарқаралыға қарасты Совет колхозында ұстаздық жолын жалғастырады. 1955 пен 1964 жылдар аралығында аудандық білім бөлімінде инспектор қызметін атқарады.

1964 жылдан бастап 1984 жылға дейін қалада жаңадан ашылған мектеп-интернаттың директоры болып жемісті еңбек етеді. Саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған Смағанбет Дүйсетайұлы сан мыңдаған шәкіртті үлкен өмір жолына қанаттандырып, олардың жүрегінде ізгіліктің өшпес шырағын жақты.

– «Тәрбиесіз берілген білім адамның қас жауы» деген әл-Фарабидің тәмсілін өмірлік ұстанымы етті. Білімнің негізі отбасында ғана берілген тәрбиеге ғана байланысты емес, сонымен қатар, мектептегі ұстаздардың тәліміне де тікелей қатысты екендігін үнемі айтып отыратын. Сол кездердегі білімге құштар ұрпақтың ой-өрісін дамытып, талабын ұштауда абзал ұстаз басқарған мектеп-интернаттың ұжымы аянбай еңбек етті. Алдына білім алсын, адам болсын деп жетелеп әкелген елдің баласының білімді, салауатты да сау ұрпақ болып өсуіне үлкен жауапкершілікпен қарады, – деп еске алды әріптестері.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button