Жаңалықтар

Арқаның ардагері

Шет ауданының дамып, өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан азаматтар көптеп саналады. Өмір, еңбек жолдары кейінгі жас ұрпаққа үлгі боларлық сондай азаматтардың бірі, Шет ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері – Боранбай ЖҮМКЕҰЛЫН өңір халқы мақтан тұтады.

Бар саналы ғұмырымызды қатар өткізіп келе жатқан, сексен жас атты асуды сергек бағындырып отырған досымыз Боранбай Жүмкеұлының еңбек жолы жайында әңгіме өрбітуді жөн санадық. Әкесі Жүмке Исатаев (1910-1991) Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар бойы колхоздың қара жұмысын атқарған. Анасы Базар Исатаева (1910-1961) колхозшы, жеті баланы дүниеге әкеліп, өсіріп жеткізген. Боранбай отбасында үшінші болып 1940 жылы мамыр айында дүниеге келген. Кейіпкеріміздің орта мектепте оқыған жылдары елімізде тың жерлерді игеру науқанының қызу жүріп жатқан кезі. Ауыл жастарының көпшілігі техниканы меңгеруге бет алған еді.

Біз, Боранбай екеуміз (Мағауия, мақала авторы) 1959 жылы Шет ауданы орталығы, Ақсу-Аюлыда орта мектепті бірге бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығы өндірісінде жоғарғы білімді инженер-механик маманы боламыз деп, Ақмола қаласында жаңадан ашылған ауыл щаруашылығы институтының механикаландыру факультетіне құжат тапсырып, институтқа қабылдандық.

Қазақ мектебінен келген бізге І, ІІ курста оқу өте қиынға соқты. Үшінші курста қалыптасып кеттік. Боранбай екі жарым жылдай үздік шәкіртақы алды.

Институтта теориялық оқу тәжірибемен ұштастырылып, ерте көктемнен күзге дейін жаздай егін егу, ору және мал азығын дайындау сияқты жұмыстарды трактормен, комбайнмен институттың оқу-тәжірибелік бөлімшелерінде атқардық. Бірсыпыра студенттердің ішінде Боранбай, Мақсұт үшеуіміз де «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталдық.

1964 жылдың күзінде институттағы оқуымыз аяқталып, дипломдық жұмысымызды сәтті қорғадық. Сол 1964 жылы қыркүйек айында Боранбай осы институтта механикаландыру факультетінің «Машина-тракторлар паркін пайдалану» кафедрасына ассистент қызметіне кіріскен-ді. Факультеттің жоғары курстарына практикалық және лабораториялық жұмыстардан дәріс беру және 5-курс студенттерінің дипломдық жұмыстарына жетекшілік жасау сияқты жұмыстарды атқара жүріп, ғылыммен де шұғылданып отырды. Сол жылдары институттың ғылыми жұмыстарының ішінде оның үш арнайы ғылыми мақаласы жарияланды.

Ізденімпаздығы мен терең білімін аңғарған институт ректоры М.Гендельман Боранбайға «жолдама берейін, Ленинградқа аспирантураға бар» дейді. Алайда, аспирантураға отбасы жағдайына байланысты бара алмады. Институтта үш жылдай жұмыс атқарып, кейіннен ұстаздық қызметін Қарқаралы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында жалғастырды. Түпкілікті ойы туған елінің топырағын түлетуді мақсат еткен Боранбай 1969 жылы Шет ауданына оралғанды.

Кейіпкеріміз Шет аудандық «Қазсельхозтехника» бірлестігінде, Орджоникидзе атындағы кеңшарда, одан кейін 1974 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында – үшеуінде де бас инженер-механик қызметін атқарып, көп ұзамай 1977 жылы осы мекеме басшысының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатылды.

Қолға алған ісіне табандылық танытып, жүктелген жауапты жұмыстарды мінсіз орындап отыратынын байқаған сол кездегі аудан басшысы К.Дүйсенбеков 1978 жылы Боранбай ға ауданның ауыл шаруашылығы саласын басқаруды тапсырады. Мен (Біләл Доскеев, мақала авторы) 1973-1975 жылдары Шет аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының экономика жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген жылдардан бастап, Боранбаймен қызметтес болып, өте жақын, жақсы араласып кеттік.

1978 жылдың маусым айында Шет кеңшарының директоры қызметіне тағайындалған едім. Кеңшарда бірінші кезекте мал азығының берік қорын жасау мақсатында «Шортанды» тоғанын қайыра жөндеп, іске қосу керек болды. Боранбаймен ақылдасып едім, ол көмектесемін деді. Іске кеңшардың мелиорация бригадасын кірістірдім. Боранбай аудандық «Сельхозтехника» мекемесінен керекті техника, құрал-жабдықтармен көмек көрсетіп, өзі де жиі келіп қадағалап отырды. Қысқа мерзімде тоған қалпына келтірілді. Бұрынғы 50 гектар суармалы жерді 100 гектарға жеткіздік. 1979-1980 жылдары екі каскат (байлам) жасап, 250 гектарға жеткізілді. Суармалы алқапқа жүгері, тағы басқа дақыл егілді. Сол жылы (1980) әр гектардан 350 цент. сүрлем алдық. Бұл аудан көлемінде ең жоғары көрсеткіш еді. Борекеңнің көрсеткен көмегіне ауыл халқы қатты риза болды.

1991 жылы Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. 1992 жылдың басында елімізде Президенттік басқару жүйесі еніп, аудан әкімі болып жерлесіміз Қасымбек Медиев тағайындалды. Б.Жумкин аудан әкімінің ауыл шарушылығы саласы бойынша орынбасары болып бекіді. Аудан кеңшарларында өндірген өнімдерінің ақшасы төленбей, жұмыстары тоқыраған.

Бюджет қаржысының тапшылығынан ауданның білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнер, әлеуметтік қорғау салалары да өте қиын жағдайда, қайсыбірі жабылу алдында тұрды.

Аудан кеңшарларын кезең-кезеңімен мемлекет иелігінен алып, жекешелендіру жұмыстары жүргізіле басталды. Бұл жауапкершілік арнайы комиссияға жүктелді. Ол комиссияның төрағасына аудан әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары Боранбай тағайындалды. Алғашқы кезеңде (1993-1997) аудан көлеміндегі он шаруашылықтың бесеуі ұжымдық кәсіпорынға, біреуі өндірістік кооператив болып қайта құрылды. Асыл тұқымды мал зауыттары акционерлік қоғамға ұйымдасты. Ауданның мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде (РСХО) мүлкінің 51 пайызын сатуға және 49 пайызын үлестірілуге тиісті жекешелендіру жұмысы басқаларға қарағанда күрделілеу болды. Боранбай комиссия мүшелерімен ақылдаса отырып, шаруашылықтағы барлық тұрғындардың еңбегіне байланысты үлесін, ел-жұртқа әділ бөліс жасауға қатты талап етуінің арқасында мәселе дұрыс шешіліп, халық разы болды. Осындай қиын шаруаларда жүріп Борекең бір адамға дауыс көтермей, қатты айтқандарға жылы сөйлесіп, жағдайды түсіндіріп, бәрін де риза еткен-ді.

1997 жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен Ақадыр ауданы таратылып, Шет ауданына қосылды. Ақшатау комбинатының дүние-мүлкі талапайға түсіп, сатылғандарынан түскен қаржы жұмыссыз қалған жұмысшыларының бірнеше айлар бойғы төленбеген еңбекақысын өтеуге де жетпей жатты. Бюджет қаржысының тапшылығынан зейнетақы, мұғалімдер мен дәрігерлерге, басқа да мемлекеттік қызметкерлерге берілетін еңбекақы айдан айға кешігіп, төленбей жатты.

Аудандағы туындаған осындай күрмеуі қиын күрделі мәселелерді дер кезінде шешуде аудан әкімі К.Сарханов, аудандық мәслихат хатшысы Р.Оразханов және аудан әкімі орынбасарлары: Р.Әбдікеров, Б.Жумкин, Б.Төлеуқұлов, Р.Мақсұтов кезек-кезегімен сол елді мекендерге барып, өтпелі кезеңде мұндай қиыншылықтардың болатынын түсіндіріп, жиналғандарды сабырлылыққа шақырып, тығырықтан шығудың тетіктерін айтып, көп ұзамай ел ішінде оңтайлы ахуал орнайтынына сендіріп, тыныштандырғанын аудан жұртшылығы жақсы біледі.

Осы жылдары аудан әкімі К.Сарханов пен орынбасары Б.Жумкин екеуі, аудан шаруашылықтарына аса қажетті, әрі маңызды басқа да жұмыстарды атқаруға атсалысып отырды. Атап айтқанда, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, ел экономикасының дамып өсуіне жол ашып, тығырыққа тіреліп тоқтап қалған өндіріс орындарын қайтадан қолға ала бастаған (1999-2004) кезеңде, ауданның іргелі бір шаруашылығы Красная Поляна ауылдық округінде «Пикет» бөлімшесіндегі суармалы жерді жаңадан күрделі жөндеуді жоспарлап, Республикадан 365,0 млн. теңге несие алуға қол жеткізілді. Бұл сома 3 жылдың ішінде толықтай игеріліп, суармалы жер пайдалануға берілген-ді. 2005 жылы аудан әкімі Р.Оразханов зейнет жасындағы Б.Жумкиннің ауыл шаруашылығы саласындағы мол тәжірибесін әрі біліктілігін ескеріп, аудандағы ауыл шаруашылық нысандарына несие беру үшін аудан бойынша «Несие серіктестігін» құруды тапсырған. Боранбай сол бетте «Шеткөмек» кредиттік серіктестігі» ЖШС-ін құрып, серіктестік басқармасының төрағасы болып жұмыс істей бастады. Бастапқыда серіктестіктің құрамына 23 шаруа қожалығы кірді. Жарғылық капиталы 8500,0 мың теңге көлемінде. 2017 жылдың аяғында серіктестіктің несие арнасы 1 млрд. 427 млн. теңгені құрап, оның құрамында 167 шаруа нысаны болды. Бұл шаруашылықтарда 260 адам жұмыспен қамтылған. Орташа есеппен серіктестік жылына 700-800 мың теңге көлемінде бюджетке қаржы түсіріп отырады.

Кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарып отырды. Мәселен, 1999-2005 жылдар аралығында «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының алғашқы төрағасы болып сайланса, 2008-2013 жылдары Шет аудандық «Нұр Отан» ХДП филиалының жанында ашылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы болғаны бар. Екі рет Қазақстан республикасы Президенті сайлауында Н.Ә.Назарбаевтің сенімді өкілі болып, қызмет атқарды.

«Еңбегіне қарай – құрметі» демекші, Боранбайдың ұзақ жылғы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып тұрды. Алғашқы медальдарынан кейін 1979 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 2003 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды. 2001 жылы Елбасының Алғыс хатын алып және «Шет ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді.

Боранбай өзі жайында: «Өмір жолымда жеткен жетістіктерім, республикаға танымал, облыс деңгейінде басшылық қызметтер атқарған тұлғалар: Хамзе Жұмабеков, Кәмали Дүйсембеков, Қасымбек Медиев, Кәкімжан Сарханов сынды ұлағатты ұстаздардан алған іс-тәжірибенің жемісі, бойымдағы жақсылық қасиеттер болса, ата-анам, ағаларым мен оқу орындарындағы ұстаздардан және қызметтегі басшыларымнан дарыған тәрбиенің әсері деп есептеймін», – дейді.

 1986 жылы Кеңестік кезеңдегі басқару саясатының арамдығын ішіне бүккен жымысқы әрекеті Боранбайды да айналып өтпей, әділетсіздіктің тауқыметін тартқаны бар. Бірақ, «аққа – Құдай жақ» дегендей, көп ұзамай әділет жеңіп, ол бұрынғы қызметін атқаруды жалғастырды.

«Адамның құрметке бөленуі, ел жұртқа абыройлы болуы – ақыл-парасаты мен істеген ізгі істеріне байланысты екені жалпы жұртқа мәлім. Ал, ел-жұрттың көңілінен шығып, құрметіне бөлену үшін де әрбір адамға мұқалмас жігер мен парасат қана емес, сан қырлы терең де кең білімдарлық қажет екені аян» деген тәмсіл сөз бар. Сол білімдарлық пен басқа да асыл қасиеттер Боранбайдың бойынан табылатынын оны білетін адамдар жоққа шығармайды. Оның бойындағы әке қанымен, ана сүтімен дарыған қасиеттері ер жете келе, «Әр адамның бойында ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек болуы керек» деген ұлы Абайдың қағидасымен толысып, еңбек жолында, өзінің Құдай берген талабымен, біліктілігімен, еңбекқорлығымен, парасаттылығымен, шынайы қарапайымдылығымен халықтың ыстық ықыласына бөлене отырып, туған топырағын түлетуде аянбай еңбек етіп, мерейі үстем тұлғаға айналғаны аян.

Мағауия САТЫБАЛДИН,

Біләл ДОСКЕЕВ,

 Мақсұт СӘДУАҚАСОВ.

Басқа материалдар

Back to top button