Арқаның алтын асығы

Ақтылы қой өргізіп, Арқа атырабында асыл тұқымды Қарғалы қойы тұқымын сақтап қалған «Отқанжар» шаруашылығын осылай атаса да болады. Нұра ауданы, Изенді ауылдық округіне қарасты шаруашылықтың аты – республикаға мәлім. Нарықтағы сұраныстың төмендігі, қой өнімдерінің, әсіресе тері мен жүннің қора маңында іріп-шіріп қалуы «Отқанжарды» аяғына қойып, 20 жыл басқарған Қанат Отарбаевтың қайратын мұқалта алмады. Ата кәсіптің түбі бір несібесі боларын әу баста-ақ болжаған Қанат Жариясұлы ақыры мақсатына жетті. Қыруар қарызбен, небары 3000 бас қоймен қабылдап алған шаруашылық бүгінде асыл тұқымды қой зауытына айналған. Игілігін халық көріп отыр.

Сонау Кеңес дәуірінде Нұра ауданында қой шаруашылығына маманданған «Балықтыкөл», «Амантау», «Нұра» совхоздары болған. «Нұра» совхозы – қазіргі Изенді ауылы. Ал, қалған екеуінде қой түгілі, ел қалмады. Кешегі «Нұра» совхозының, одан кейінгі «Изенді» АҚ-ның мұрагері «Отқанжар» ЖШС-нің қотанында бүгінде 11 000 қой жусап, 120 ауыл тұрғыны нәпақа тауып отыр.

Отандық селекцияның зертханасына айналған «Отқанжардың» орасан игілігі ел экономикасына да елеулі серпін беріп келеді. Қанат аға шаруашылық тізгінін өткен жылы үлкен ұлы Аслан Отарбаевқа тапсырған-ды. Ауыл-аймақ «Апыр-ай, жас бала ғой, шаруашылықты шашып алмас па екен?» деп күмәнданғаны да жасырын емес. Ұяң жүнді «Қарғалы» қойының тұқымы Қазақстан бойынша осы «Отқанжарда» ғана қалған. Яғни, бүкіл республика бетіне қарап отыр. Ендеше, елдің күмәндануына негіз бар. Алайда, әке тағылымынан нәр алып, әке тәжірибесіне сүйенген Аслан Қанатұлы шаруашылықты жаңашыл бағытта дамытуға құлықты екенін аңғартып, ел күдігін сейілтті.

… Қарбаласын ала келер қараша туар мезгіл. Изендіге жолымыз түскен. Шынымен-ақ, қарбалас шаққа тап келдік. Қанат Жариясұлы басқарған жылдары да ауыл халқы шаруашылықтың қамқорлығынан шет қалып көрмеген-ді. «Әке көріп, оқ жонған» Аслан да сол дәстүрден жаңылмапты. Ауыл шетінде тұрғындардың меншік малына арналған мал егу алаңы (раскол) ашылып жатыр екен. Бір сәтте 600 бас малды егуге мүмкіндік беретін арнайы алаңның құны – 3,5 млн. теңге. Бұл да – «Отқанжардың» тартуы. Тұрғындар қуанышында шек жоқ. Аудан басшылары да шаруашылықтың игілікті ісіне дән риза.

Бекет АХМЕТОВ, аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

  • Қазір мал індеттерінің жаппай таралуы қатты алаң тудырып отыр. Қоршаған ортаға да, адамға да аса қауіпті саналатын індет ошағы біздің Нұра ауданында тіркеле қойған жоқ. Десек те, «Отқанжар» ЖШС ауыл тұрғындарына салып берген мынадай арнайы алаң сол індеттердің алдын алуға көп септігін тигізеді. Бүгінгі таңда Изенді ауылында 1500-ден астам меншікті мал бар. Осынша малды мына алаңда екі немесе үш бөліп, егіп шығуға болады.

«Отқанжар» ЖШС – еліміздегі асыл тұқымды қой өсіретін бірегей шаруашылық. Негізі, қойдың бұл тұқымын өсіру ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қолға алынған. Қазақы қой мен Еділбай тұқымының буданы арқылы алғашқы төлі 1931 жылы алынған деседі дерек көздері. Алайда, Қарғалы тұқымын жетілдіру, жүнді бағыттағы тұқым болғандықтан, өнім сапасын арттыру мәселесі отандық селекцияның күн тәртібінен бүгінгі күнге дейін түскен емес. Әсіресе, өткен ғасырдың 60-шы жылдарында қарқын алған селекциялық жұмыстар нәтижелі болып, ұяң жүнді қой тұқымы шығарылды. Қазіргі «Отқанжардың» өргізіп отырғаны – осы Қарғалы сүлесі. Әу бастағы авторы – академик Владимир Бальмонт. Сондай-ақ, Мүсілім Ермеков, Кәмен Қанапин, Жұмаділда Құдайберген, Мыңжасар Әдекенов, Зұлқия Қабденова, Түлік Арыстанбеков сынды ғалымдардың да осы қой тұқымының әрбір аталық желісіне автор болғанын білеміз. Әкелі-балалы Отарбаевтар осы жолы Алматы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Наржан Жұмаділдамен бірігіп тағы үш аталық желіні сынамадан (апробация) өткізді.

ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия үш күн бойы «Отқанжардың» ай мүйізді қошқарларын таразыға тартып, жүнінің сапасын талдамадан өткізді. Жалпы, отандық қой шаруашылығының тағдыры таразыға тартылып тұрғаны белгілі. Осы сәтте «Отқанжардың» қошқары да, аналығы да таразыны теңселтіп жатқан. Рас, қазіргі селекция етті бағыттағы мал тұқымын шығаруға маманданып алған. Меніңше, етті бағыттағы қой тұқымын шығаруға барынша қабілетті болып алған ғылыми селекция мамандары жүнді бағыттағы қой өсіруге қабілетсіз емес, құлықсыз. Өйткені, жүн өндіру мен ұқсатудың арасы алшақтап кеткен. Мың жерден ұяң жүнді десек те, Қарғалының жүніне деген сұраныс құлдырап кеткен. Кезінде Одақтың жеңіл өнеркәсібін желпінтіп тұрған Қарғалы қойының ұяң жүні ел экономикасы алдында ұяңдық танытып, төрге оза алмай тұр. Кілем тоқуға таптырмайтын қой жүні қорамызда шіріп, қалғанын көбелек жеп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, қойдың бұл тұқымын өсіру бейнетіңе де тұрмауы мүмкін. Ал, Отарбаевтар ұсынып отырған аталық желінің тиімділігі сонда, бұл тұқым – әрі етті, әрі жүнді.

Заңда белгіленген талап бойынша қошқардың тірідей салмағы – 90-100 кг болуы керек. Таразыны опырып жіберген «Отқанжардың» қанжар мүйіз қошқарлары осы талап үдесінен шығып жатты. Тоқты қошқардың (1,5 жасар) салмағы да орта есеппен 60 кг-нан айналды. Сондай-ақ, тоқты қошқар 2,8 кг жүн беру керек болса, Изендінің иір мүйіз қошқарлары 3-3,2 кгнан жүн беруге қауқарлы. Салалы һәм сапалы жүннің ұзындығы – 26-30 см.

Сауқымбек ШӘУЕНОВ, профессор, комиссия мүшесі:

  • Қарғалы қойының жүнді бағыттағы тұқымын жаңартып, нарық талабына сай аталық желісін апробацияға ұсынып отырған «Отқанжар» шаруашылығының ізденісіне тәнтімін. Мұнда қыруар еңбек жатыр. Шалғайдағы ауылдың әлеуметтік проблемасы да шешіліп, отандық селекция да тың жобамен толығуда. Негізінен, қойдың бұл тұқымы шөл мен шөлейтке бейімделген. Осы табиғи ерекшелігін пайдаланып, аталық желінің етті әрі жүнді тұқымын шығару тура бүгінгі күннің көп проблемасын шешер еді. Елімізде қой шаруашылығы тұралап қалды. Кезіндегі 32 млн. қойдан 8 млн. қой қалды. Сондықтан, «Отқанжар» секілді бейнетіне қарамай, ата кәсіпке адалдық танытқан шаруашылықтарды мемлекеттік тұрғыдан ынталандыру қажет. Ал, бүгінгі көрсеткіштері талапқа толық сай келеді.

Иә, елімізде қой шаруашылығы тұралап тұр. Монғолияда жан басына шаққанда бір адамға 13 қой-ешкіден келеді екен. Ал, бізде бір адамға – бір қозы жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігі деген мәселе тағы бар. Оның халықаралық стандарттағы өлшемі бойынша импорттан келген халық тұтынатын азық-түліктің үлесі 30 пайыздан аспауы керек дейді мамандар. Ендеше, «Отқанжар» сынды отандық өндірушілерді қолдау елімізді ұшпаққа шығарары анық. Шалғайдағы ауылдың «Арқаның алтын асығы» атануы тегін емес!

Ерсін МҰСАБЕК