Бас тақырып

“Қарғайын десем, жалғызым…”

алпауыттар енді экологияға енжар қарамайды

Моно һәм шағын қалалардың күретамырына айналған алпауыт ірі өндірістер өңірдің экономикасын еселесе де, экологияны «емдей» алмай отыр. Тозаң жұтып, қара қармен қақалған Теміртау – соның дәлелі. Жалғыз Теміртау емес, жалпы экология мәселесі Қарағанды үшін өзекті. Түтінге тұншығып, зиянды қалдықтардан тынысы тарылып бара жатқан аймақтың ахуалына бұқара да бей-жай емес. Мұны жақында өткен облыс әкімінің есепті кездесуінде тағы бір мәрте көрдік. Халық экологиядағы теңгерімнің тепе-теңдігіне уайым кешеді. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК Қарағандыдағы бұл мәселенің шешімін табу – алға қойған негізгі міндеттің бірі деді. Яғни, жергілікті билік алпауыттарға ауаны ластатып қойып, қол қусырып қарап отырмайтынын ұғындырды.

Экология – ауасы ластанып, суы лайланып тұрған Қарағанды облысы үшін осы күні жазылмай жүрген жара. Ірі алпауыт кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтардың ауа райына кері әсері кейінгі жылдары айқын көріне бастады. Сондықтан, Теміртау, Балқаш, Жезқазған экологиясы – бұл орайда әбжіл һәм пәтуалы шешім шығаруды талап етеді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жария етілген дерегінде атмосфераға зиянды қалдықтар ең көп шығарылатын аймақтар қатарында – Қарағанды және Павлодар облысы атап көрсетілгені мәлім. Сол мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша атмосфераға шығарылған зиянды заттардың нақты эмиссиясы 2,5 млн. тонна. Ол жыл сайын 100 мың тоннаға артатын көрінеді. Соның ішінде, электр энергиясын өндіру стансаларына (көмір ЖЭС-тері) 940 мың тонна тиесілі болса, тау-кен саласының үлесінде 760 мың тонна зиянды қалдық бар. Мұнай өндіру саласы – 520 мың тонна, көлік пен ауыл шаруашылық саласы – 320 мың тонна зиянды заттар шығарған.

Бұған қоса, нақты шаралар қолға алынбаса, 2030 жылға қарай, ауаны ластайтын қалдықтардың эмиссиясы 3,6 млн. тоннаға жету мүмкіндігін де жоққа шығармайды құзырлы орын.

Айталық, Теміртаудың экологиясына келер зиянның 80 пайыздан астамы «Арселор Миттал Теміртаудың» еншісінде. Тіпті, миллиардттап айыппұл төлесе де, алпауыттың экологияға зияны тыйылар емес. Мысалы, соңғы 4 жылдың өзінде өндіріс 4 млрд. теңге көлемінде айыппұл төлепті. Облыстан 50 млрд.теңгеден астам қаражат бөлініп, шаралар қабылданды. Бірақ, сонда да экология «сауықпай» келеді.

 Сол себепті, жоғарыда айтып өткеніміздей, әкімдердің ел алдындағы есептерінде халық экологияға қатысты сауалды әр өңірде қойғаны мәлім. Облыс әкімінің қорытынды есебінде де тағы көтерілді. Қала тұрғыны табиғаттың ластануының қоршаған ортаға ғана емес, тұрғындардың денсаулығына да жағымсыз ықпалының зор екендігіне назар аударды. Соңғы жылдары бұл мәселенің күрделене түскендігіне де алаңдаушылық танытқан-ды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазіргі таңда экологияны жақсартудың екі жолы ғана бар. Біріншісі – көмір жұтып, күкірт бүріккен алпауыт өндіріс орындарын қайта жаңғырту. Өндірісті қайта жаңғырта отырып, шығарылатын зиянды қалдықтарды азайту. Екіншісі – аймаққа келген газдың игілігін көріп, кәсіпорындарды соған қосу. Осы екі тетік арқылы ғана экологияны жақсартуға мүмкіндік бар. Аталған осы екі бағытта билік жұмыс жүргізіп отырса керек.

 – Былтыр осы мәселе күрделене бастағандықтан «Жасыл кеңес» құрылған болатын. Бұл – Теміртаудағы қара қар проблемасы, мұндай мәселе – Жезқазғанда, Балқашта, жалпы моноқалалардың көпшілігіне тән. Біз ластаушы ірі кәсіпорындармен, мысалы, «Арселор» секілді өндірістермен күнделікті жұмыс жүргізуге тиіспіз. Олардың өндірісті қайта жаңғыртуын талап етуіміз қажет. Басқа амал жоқ. Олардың ағымдағы өндірістерін жаңғыртуға қол жеткізе алмасақ, экологиялық ахуал жақсармайды, экологиялық тепе-теңдік сақталмайды. «Арселормен» соңғы келісім қазан айында болды. Онда Экология министрлігі мен компания, облыс әкімдігі арасында үш жақты келісім жасалды. Сол келісімде 2023 жылға дейін өндірісті жаңалай отырып, ауаға шығаратын зиянды қалдықтарды 30 пайызға дейін азайту айтылды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Үкіметпен, салалық минстрлікпен «Арселорды» газға қосу қарастырылуда. Бұл жағдайда экологиялық тиімділік болары анық. Бұл мәселе бақылауда. Келесі кезекте дәл осындай жиын Балқашта өтеді. Газдың келуімен ірі кәсіпорындарды да газға қосуымыз қажет. Бізде екі бағыт бар. Бірі – өндірісті жаңғырту, екіншісі газға қосу. Осы жөнінде жұмыстар жүргізудеміз. Бүгінгі таңда «Арселор», «Қазақмыс» корпорациясы» қоғамның қазір басқа екенін түсінеді және біздің ұсыныстарымызға қолдау танытып отыр. Экология – бұл менің алдыма қойған негізгі үш-төрт мәселенің бірі, – деген-ді аймақ басшысы.

«Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» кейпіндегі өндірістердің табиғатқа тас атпауын биліктің кірпік қақпай қадағалауына алуы – ақыры бір тиянақты шешім табыларына үміттендіреді. Енді алпауыттар экологияға енжар қарамайды…

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button