Аналарға қолдау қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алғашқы халыққа Жолдауында қоғамда қалыптасқан басты мәселелерді қамтып өтті. Жолдауда жаңа бағыттар көрсетілді, жаңа міндеттер жүктелді. Ел дамуын көздейтін бағыттар қатарында қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын көтеруге баса көңіл бөлінді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі ролін күшейту қа­жет екендігіне де ерекше назар аударылды. Себебі, «тіл – үлкен саясаттың құралы».

Holidayz

Келер жылы Әл-Фарабидің, Абай сынды ұлыларымыздың мерейтойларын атап өту жоспарланды. Тарихымыз бен ұлы тұлғаларымызды дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелейміз. 

Зейнетақы, білім беру, кәсіпкерлікті қолдаудағы оң өзгерістер – еліміздің қарыштап дамуына апарар бірден-бір жол деп білемін. Президенттің «Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен барлығыңызды мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!» деген сөздерімен әрбір азаматымызды еліміздің тағдырына бей-жай қарамай, бірге жұмыс істеуге шақырды. 

Президент халықты жан-жақты қолдауды ешқашан ұмыт қалдырмайды. Өзінің Жолдауында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, зейнетақыны, шәкіртақыны, мүгедектігі мен асыраушыларынан айрылғанына байланысты жәрдемақыларды көбейту мәселелері үнемі назарында тұратыны Жолдауда айқын көрсетілген. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, азаматтық қоғамды қолдау, ішкі істер органдарына реформа жүргізу, сонымен қатар, басқа да өзекті мәселелерді де сөзге тиек етті. 

Әсіресе, Мемлекет басшысының көпбалалы аналарды шағын бизнеске тарту бағдарламасын әзірлеу туралы ұсынысын қолдаймын. Өйткені, көпбалалы аналармен көптеген кездесулердің нәтижесінде үйде отырып табыс тапқысы келетін жас аналардың бар екендігі айқын көріп жүрмін. Осы санаттағы аналарды табыспен қамту мақсатында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі өз жұмысын бастап кетті. Енді, бұл жұмысқа Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, бұл үлкен жетістік деп санаймын. 

Жанар КЕНЖЕҒАЛИЕВА, 

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы.