Ана тілі — ұлт айнасы

Бұрнағы жылдарға дейін біз Тілдер күні мерекесін 22 қыркүйек күні атап өтетін едік. Өйткені, Қазақстанда 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» Заң қабылданған болатын. Енді Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесі жыл сайын 5 қыркүйекте тойланатын болды. Тілдер күні мерекесі мерзімінің ауыстырылуының себебі де жоқ емес. 5 қыркүйек – соңында «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, Алаштың рухани көсемі, қазақ халқының ертеңі үшін күрескен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сондықтан, біз ұлт көсемінің туған күнін қазақ тілінің «қайта жаңғырып» өркендеуімен байланыста, сондай-ақ әліпбиімізді латын қарпіне көшіру үрдісі аясында нәтижелі іс-шарамен атап өтуіміз қажет.

Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.

Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген болатын.

Елбасының осы ой-пікірін мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгеруге зейін қойып, ертеңгі күні мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді мақсат еткен ұлты қазақ азаматтары ғана емес, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері де қостайды деген сенімдеміз.

Ұзақ жылдар бойы қызыл империяның бұғауында болып келгендіктен, қазақтың тең жартысына жуығы өз тілінен айырылып, не орыс емес, не қазақ емес болып қалды. Оларды ешқандай әдіс-айла, ешқандай күш қазақ ете алмайды. Сондықтан сондай қандастарымыз келешекте «таза қазақ» болып қалыптасса дейміз. Ол үшін барлық қазақ баласының тілін ана тілінде шығарып, ана тілінде тәрбиелеп, білім беруі тиіс. Балабақшада ұлттық рухта тәрбиелеп, мектептерде қазақша оқытса ғана оң нәтиже берер еді.

Қазақша сөйлейтін, қазақтың бай мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңіріп, таза қазақша өмір сүретін ұрпақ өсіп шықса; Қазақ жұрты ұлан-байтақ даласында көсіле күн кешіп, бай табиғатын өзі игеріп, күшті қуатты мемлекет болып қалыптасса; Елімізде ұлт рухының алтын қазығы – қазақ тілінің мәртебесі үстем болса дейміз. Сол арқылы мәдениетімізді, өнерімізді қазақша өркендетіп асқақтатсақ, ұлттық рухымыз биіктей түсер еді.

Алпауыт көршіміз Ресей мемлекетінің ғана емес, БҰҰ-ның ресми тілі болып отырған орыс тілі ешқашан құрып кетпейтіні бесенеден белгілі. Ал Қазақстаннан басқа жерде толыққанды дамуы мүмкін емес ана тіліміздің (қазақ тілінің) тағдырын кім ойлауы тиіс? Міне, осы мәселелер ұлт тағдырына бейжай қарай алмайтын әрбір Алаш перзентін алаңдатады.

Бүгінгі қазақ қоғамында қазақ тіліне деген мынадай көзқарас бар: 

бойында ұлттың қаны бар, рухани өресі биік – шын жанашырлар; 

қасиетті қазақ тілінің өркені өсіп, өрісі кеңісе деген тілекшілер; екі ортада қалып, яғни, қай тіл бел алса, соның «сойылын» соғуға әзір жүргендер; 

қазақ тілінен мүлде хабарсыздар. Осы көзқарастағылар бір мүддеде бас қосатын күн туса ғана қазақ тілінің бағы жанар еді… 

Алаш арыстарының бірі – Халел Досмұхамедов ХХ ғасырдың басында: «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды… Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате», – деген екен. Осыны әрбір қазақ жүрегімен сезініп, терең түсінер, сезінер уақыт жетті…

 Бектұрсын ҚАЛИЕВ, 

филология ғылымдарының кандидаты.