Алтын бесіктегі ақын тойы

Ақтоғай – бақытты. Көптің айтып жүрген пікірі – бұл. Себебі, алтын бесік ән болып әуелеп, жыр болып төгіліп келеді. Алаш аспанында ғана емес, Еуропада, тіпті, мұхиттың арғы бетінде де. Ақын Абзал Бөкеннің сөзіне жазылған сазгер Дәртай Сәдуақасовтың әнімен. «Ақтоғай – алтын бесігіммен…».

Бір ғана өлеңімен туған өлкесіне ескерткіш қойған ақынға елдің ықыласы ерекше болуы сондықтан. Өткен бейсенбіде осы ойымызды тағы бір нықтап қайттық. Ақтоғай ауданы әкімдігі ұйымдастырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Абзал Бөкеннің дүркіреп өткен әдеби кешінен…

Иә, ақын Абзал Бөкеннің «Жетпіс белден желіп өткен қара өлең» атты әдеби кешін Ақтоғай ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Алатаудың бөктерінен арнайы келген арқалы ақынмен қауышу үшін Мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасы қалың. Көрермен залын толтыру үшін жиналғандар емес, өлеңге, өнерге іңкәр жандар. Қошеметі де ерекше. Қадірлі қонақтардың қатарында Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Балқаш қалаларынан келген өлеңсүйер қауым мен Абзал Бөкеннің замандастары, өнердегі бауырлары да бар.

Негізі, Абзал Бөкенді Ақтоғай ауданының басшылығы мен ықыласы ыстық ағайын ерекше салтанатпен қарсы алды. Қазақы ырыммен шашу шашып, ақынның қадамына құт тіледі.

Кешті ақын, Т.Айбергенов, Н.Мәукенұлы, Бұқар жырау атындағы сыйлықтардың иегері, ақтоғайлық Ілияс Мұқай жүргізді. Сахна шымылдығы Ақтоғай ауданына қарасты Мәдениет үйі қызметкерлерінің оқуындағы Абзал ақынның өлеңдерімен түрілді. Жырсүйер қауым сүйсінбей қайтсін?! Өмірдің өткелдері, сезім мен сырға толы сәттер, бәрі-бәрі тұнып тұр ғой, себебі. Ақын өлеңдерінде.

– Біз Абзал Бөкен ағамызды әрдайым мақтан тұтамыз. Ақын ағамыздың әр өлеңі мазмұнға толы, – деді кеште алғашқы болып құттықтау кезегін алған Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова. Сондай-ақ, аудан басшысы ақынын ардақ тұтқан аудан халқының атынан ат мінгізіп, кеш иесінің иығына оқалы шапан жапты.

Өз сөздерінде кеш иесінің өміршең өлеңдерінің мән-мазмұнына зер салған меймандар қатарында ақынның жерлестері – Елордадан келген қоғам қайраткері Қайырбек Сәдуақасов, облыс орталығынан жеткен нарманбеттанушы Амангелді Туғанбаев және «Балқаш өңірі» газетін ұзақ жылдар басқарған қаламгер, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанболат Башар болды. Олар Абзал Бөкеннің ақындық және адами қасиеттеріне ерекше тоқталды. Расау, Абзал ағамыз әр тақырыпқа қалам жүгірткеніндей, әркімнің жан-дүниесіне де үңіле біледі. Қарапайымдылығымен ерекшеленіп келеді.

Негізі, Абзал Бөкеннің сөзіне екі-ақ ән жазылған екен. Бірі – біз жоғарыда айтқан «Ақтоғай – алтын бесігім» болса, екінші бір өлең сөзіне Ж.Елебеков атындағы республикалық ән байқауының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Дәуренбек Әркенов ән жазыпты. Әнші-сазгер сахнаға өзі шығып, «ұйықтап жатқан жүректі оятты». Осы күні гитараның құлағында ойнаған мақтанышымыз Сейіл Аяғанға деген елдің құрметінде де шек болмады. Заңды да…

Кеш иесі, әрине, кезегіне қарай өрелі өлеңдерімен жырсүйер қауымды арқаландырып отырды. Біздің тамсанғанымыз, ел Абзал ағаға «бәлен өлеңіңізді оқыңыз» деп қолқа салады. Халық ақын өлеңдерін жарыса отырып, жатқа оқиды екен. Тамсандық, таң қалдық…

Кештің көрігін қыздырып, әнмен әрлеген елдегі беткеұстар өнер ұжымдарының бірі – «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің де еңбегін ерекше атау керек. Халық әндері мен Шәмші әндерін тамылжыта орындады.

Сахнаға көтерілген игі жақсылар қатарында жазушы-журналист Сүйіндік Жанысбай, ардагер журналист Қасым Орынбетов, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Қамбар Ахметов, Абзал Бөкеннің өкшелес бауырлары Байзақ Әлмағанбетов, Мейірхан Тәтибеков, айтыскер ақын Бақытжан Әрінов және ақын Мақсат Күземханов бар. Құрметті қонақтар ақжарма тілектерін арнап, кеш иесінің адами қасиеттерін, ақындық қарым-қабілетін тілге тиек етті. Ақын тойына шашуы мен тарту-таралғысын ұсынды.

Бұдан бөлек, тарихшы Ерғазы Төлеу, Нұр-Сұлтан қаласынан келген ақтоғайлық журналист, ағылшын тілінің маманы Ернат Қашқынов, ақын Салтанат Смағұлова, руханият жанашырлары Жексен Әбдірахманов бастаған азаматтар ыстық ықыластарын жеткізді. Ақынның туған жері Нарманбет селолық округінің әкімі Қайдар Жортаров та жерлестерінің атынан сый-сияпат жасады.

Ақиық ақын моншақтай мөлдір өлеңдерімен ғана емес, адамгершілік болмысымен де бөлек әлем. «Тәж», «Уыт» және өзге де көптеген жыр жинақтарының авторы Абзал Бөкен туралы қазақ әдебиетінің классиктері де пайымды пікір айтқан. Мәселен, көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев «Абзал Бөкенов өлеңдері өмірге құштарлығымен тартымды» десе, ақын Жүрсін Ерман «Өлең сөздің құпиясын жіті аңғаратын ең талғампаз жыр жанашырлары ғана Абзалдың жампоз жырларының құнына жетіп, оның өлең кітаптарын күтіп жүріп оқиды» дегені бар. Шынайы баға!

Мақаланың кіріспесінде сөзге өзек қылдық. Ақтоғай – бақытты. Алтын бесік өзге аудандар сияқты материалдық байлығымен марқаюға да құқылы. Алайда, ең бастысы, ол – рухани әлемімен, ән-жырымен ел аузында. Үш арыс туған мекен, Манарбек (Ержанов), Күләш (Байсейітова), Шашубай, Нарманбет туған топырақ қой.

Біздің Абзал аға да қасиетті өлкеге қазық қақты. Мәңгілік қазық. Жаңбыр жауып, су шаятын белгімен емес, мәңгілік ескерткішпен. Ақтоғайдың гимнімен.

 «Гүл, гүлдей жайнай бер, Ақтоғайым…».

Қуаныш АМАНҚҰЛ