Басты тақырыпҚарағанды

«Алтын арба» есігін айқара ашады

Қазақстандағы алғашқы фермерлік базар Қарағандыға бұйырды. Бұрынғы орталық базардың орнында бой көтерген «Алтын арба» сауда-фермерлік орталығы шаруа қауымының тауарын саудалауға мүмкіндік береді. Бұл орталық – фермер мен тұтынушы арасында алтын көпір болмақ. Тек қана фермер емес, кез келген ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші мұнда өнімін сау­далай алады. Саяжайшылардың өнімін сатуға арналған орын – тегін. Ал, жалға алушы фермерлер үшін 1 шаршы метрі –1 000 теңге.

Бірер күннен соң құрылыс құны 4 млрд. теңге болған «Алтын арба» сауда-фермерлік орталығы есігін айқара ашады. Қайта жөндеуден өткен базар – енді жаңа форматта тұрғындарға қызмет етпек. Сауда-фермерлік орталығы ретіндегі базар қазіргі заманғы сауда орталықтарынан кем түспейді. Мұнда жайлылық пен инфрақұрылым бар. Орталық 20 тонна ет және 25 тонна көкөніс сақтайтын тоңазытқыш қойманы да ұсынады. Фермерлік өнімдерді тексеріп, оның сапасын сарапқа салатын зертхана да бар.

Ең басты ұстаным – жаңа мәдени орталық құру. Базарға келген тұрғындардың демалыс орнын және бір мезетте барлық сапалы қызмет түріне қол жеткізуге мүмкіндік жасау,– дейді базар басшылығы. «Алтын арба» орталығының негізі – фермерлік өнімдер саудасы. Сонымен қатар, орталықтан орынды жалға алушылар қатаң талаппен сұрыпталуда. Онда басты басымдық – олар ұсынатын өнімнің сапалы болуы, ассортименттің молдығы. Ал, саяжайшы қауымнан, жоғарыда атап өткеніміздей, ақы алынбайды. Яғни, ауласында, саяжайында көкөніс өсіріп, оны сатуға ынталы тұрғындар орталықтағы орынға бір тиын да төлемейді. «Мақсат – қаржы, табыс табу емес, мейлінше, таза, сапалы өнімдердің тұрғындарға қол жетімділігін қамтамасыз ету»,– дейді «Алтын арба» СФО-ның директорының коммерциялық мәселелер бойынша орынбасары Инна Равчеева.

Инна РАВЧЕЕВА, «Алтын арба» СФО директорының коммерциялық мәселелер бойынша орынбасары:

Саяжайшы қауымға орын тегін беріледі. Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығымен айланысып, бірақ оны саудаға шығаруға құлықсыз тұрғындардың өнімін қабылдап, сатуға шығаруға өзіміз мұрындық боламыз. Біз – табыс табуды емес, орталықтың сапалы өнімнің зәкірі болғанын қалаймыз.

Орынбасардың айтуынша, бүгінде орталықтың 60 пайызы толыққан. Күн сайын тілек білдірушілер саны артып отырған көрінеді. Фермерлік базардың аумағы 656 шаршы метр. Жылдам айналымдағы тұтынушы тауарларына тиесілі алаңы 7 500 шаршы метр. Бұйырса, тамыздың 1-інде ресми түрде ашылады. Ал, 20 тамызда орталықтың ашылуына орай шеберлік-сыныптары өткізілмек.

Орталық маркетологы Нұрсұлтан Күрпітаев орталықтың алға қойған міндеті – фермер мен тұтынушы арасындағы шекараны жою екенін айтады. Осылайша, фермердің өнімі делдалсыз тікелей тұтынушыға жол тартпақ. Оған қоса, тұрмыстық қызметке қатысты тауарлар, киім-кешектер сатылмақ. Жалпы, орталықта 400 сауда нүктесі орналасады.

Қызғалдақ  АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button