Алты құрылыққа жол ашқан алты орындық

Өңірімізде ‘’Smart City’’ тұжырымдамасы жеміс бере бастады. Қарағандыдағы ‘’Абсолют’’ сауда үйінің алдына алты смарт орындық қойылды. Олардың артықшылығы – күн энергиясы арқылы телефоныңызды қуаттауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін аймақ басшысы Ерлан Қошанов Қарағандыда «Ақылды қала» технологиясы енгізілетінін хабарлаған болатын. Оның басты мақсаты – қоршаған ортаға зиян келтірместен адамның сұранысын қанағаттандыру.
Смарт орындықтарда екі USB-портпен қоса, тегін Wi-Fi жүйесі орнатылған. Яғни, ұялы телефоныңызды қуаттаумен қатар, интернетті тегін пайдалана аласыз.
Орнатылғанына бірнеше күн ғана болса да, «ақылды орындықтар» көптің ықыласына бөленіп үлгерген. Озық технологияның жетістігі қала тұрғындарының қажетіне жарап тұр.
«Бастапқыда бұл орындықтардың «кереметін» білген жоқпын. Әуелде ескі орындықтарды ауыстырып қойған болар деп ойлағанмын. Сөйтсем, мұнда телефон қуаттауға мүмкіндік бар екен. Бұрын мұндайды тек теледидардан ғана көретінбіз. Қаламыздың заман көшінен қалмай, осындай жаңашылдықтарға барып отырғаны қуантады», – дейді қала тұрғыны Айбек Оспан.
«Алдағы уақытта смарт орындықтар саны артады»,– дейді жергілікті билік өкілдері.
Тек қана, осы ‘’ақылды’’ қондырғыларды қасақылыққа жаны әуес ақымақ жастар қирата-шағып тастамаса – жарады.
Сонымен қатар, ‘’Smart City’’ технологиясы бірқатар салаларға енгізілмек. Атап айтқанда, қоғамдықкөліктегі жол ақыны электронды жүйе арқылы төлеу, қоғамдық тәртіпті бақылау камераларын орнату, денсаулық сақтау саласын оңтайландыру.
Облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру бюджетке салмақ салмайды. ‘’Smart City’’ жобаларына 7-10 жылға дейін ұзақ мерзімді инвестиция құюға қауқарлы компанияларды тарту жоспарлануда.
Бұл мемлекеттік жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша іске асырылады.
Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің бес ірі қаласында осындай смарт технологиялар енгізілуде.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.