Аймақ жобалары аяқсыз қалмайды

Жезқазған қаласының төрт күн бойы ауыз сусыз қалуына қатысты аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек аппарат отырысында қала әкімі Қайрат Бегімовке ауызша ескерту жасады. Мәсе­лені толығымен бір күнде шешуді тапсырды. Жезқазған қаласы әкімінің айтуынша, сәрсенбібейсенбіден бастап, қалада орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуға орай суық су тоқтатылған. Қазіргі таңда су жүйесі қосылды. Бірақ, көпқабатты үйлерде үшінші қабатқа дейін ғана көтеріледі. Су тапшылығын болдырмау үшін тасымалданып отыр. Қайрат Бегимов мәсе­ленің дер кезінде шешілетініне сендірді. Ал, аппарат отырысының күн тәртібінде республикалық бюджеттің нақтылануы мен кең жолақты интернетпен қамту жайы қозғалды.

Аппарат отырысы басталмас бұрын облыс әкімі өңірдегі кадрлық өзгерістер туралы хабарлады. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті басшылығына Бауыржан Беркешов тағайындалды.

Республикалық бюджетті нақтылау туралы қаржы басқармасының басшысы Людмила Баршина баяндады. Республикадан берілген мақсатты трансферттер көлемі 98,5 млрд.теңгені құрайды. Өзгерістерге байланысты ол трансферттер 95,7 млрд.теңгені көрсетіп отыр. 2 млрд. теңге шамасындағы ағымдағы өзгерістер мемлекеттік сатып алулар бойынша үнемдеуден қалыптасқан. Сумен қамтуда тарифтердің өзгеруі де басқармаларда осындай үнемге ықпал еткен. Үнемделген қаржыны республикалық құзырлы орындар аймақтың өз жобаларын іске асыруға жұмсауға рұқсат еткен. Аталған қаражатты тиімді игеру басқарманың назарында.

Ауылдың кең жолақты интернетке қол жеткізуіне қатысты ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы міндетін атқарушы Нұрсұлтан Байжанов баяндады. Оның айтуынша, облыстағы 417 елді мекеннің 244-і интернетке қосылған. Бұл – 58,5 пайыз. Ал, кең жолақты интернетсіз 173 елді мекен бар. Елдегі қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен шаралардың барысында 2021 жылы 52 елді мекен кең жолақты интернетке қол жетізеді деп күтілуде. Интернет жеткізілетін елді мекендер ондағы тұрғындар санына, аудан, қаладан шалғайлығына және мемлекеттік ұйымдардың сонда орналасуына байланысты болмақ. Алдағы уақытта 169 мемлекеттік орган интернетке жетіп, 77,2 мың адам кең жолақты интернетпен қамтылады.

Мемлекеттік ұйымдарға келсек, қазіргі уақытта білім беру саласындағы барлық 507 мектептің интернеті бар. Яғни, ол – 100 пайыз. Денсаулық сақтау саласының үлесі 52,6 пайыз шамасында. Осы күні Қарағанды облысы тұрғындарының 98 пайызы интернетті емханаға тіркелген. Интернеті жоқ емхана 2 пайыз. Сондықтан, аталған мәселені оңтайлы шешу үшін ауылдық жерлердегі денсаулық сақтаудың 30 нысаны жерсеріктік интернетке қосылады. Қазіргі уақытта оның 10-і дәл осы тәсілмен интернетке шыға алады.

Басқарма дерегінше, жыл соңына дейін денсаулық сақтау саласының барлық нысандары интернетпен қамтылады.

Қызғалдақ АЙТЖАН