Жаңалықтар

Ахаңның ақырғы сөзі

Әлеуметтік желіге кірсең, жан-жақтан анталаған, ойран-ботқаға айналған ақпарат қойын-қонышыңа емін-еркін кіріп, ойыңды тұсап, уақытыңды ұрлап, жадыңды жайдақтатып жібереді. Адамға милануға, ойлануға мұрша бермеу үшін жасалған тәрізді. Бірақ, оқта-текте алтынның сынығындай тот баспайтын жәдігерлер шыға келетіні бар. Содан арзанынан маржанын айырып, оқырмандарға ұсыну дәстүріміз. Ұмытпасаңыздар, ноғайлардың «Домбыра» әнін, Қытайдағы Оспан батырдың атылар алдындағы «Қоштасуын» жарияладық. Ауыздан ауызға ауысып айтылып жүр екен. Қазір табан астында жаттап алып, жадына тоқып алатындар жоқ. Айтыңызшы, ақпақұлақ көп пе, құймақұлақ көп пе? Компьютерге хакер кіріп, вирус жіберсе, бітті емес пе? Бармақ емес, шынтақ шайнайсың. Сондай болып жүрмесін деп, ауызша ән, терме түрінде айтылып жүрген баға жетпейтін қазыналарымызды тасқа басып, газетке жариялайтын себебіміз осы. «Қаламмен жазылғанды балталап өшіре алмайсың». («Что написано пером, не отрубишь топором»).

Ахмет Байтұрсыновтың атылар алдындағы соңғы сөзі Орынбор архивінен табылғанын, домбыраға қосылып, әнімен айтылатын нұсқасын белгілі журналист Төрехан Майбас «WhatsApp» арқылы жіберіпті осы төрт-бес күн мұғдарында. Іле-шала күні кеше ғана облысымызды басқарған Камалтин Ескендірұлы Мұхамеджановтан келді. Кәмекең Ахаңның түрмедегі суретін қоса салыпты. Төрехандыкі – жөн. Кәсібі – сол. Камалтин Ескендірұлымен бұрыннан пікірлес едік. Мұнан кейін тіпті, разы болып қалдым. «Орталықтың» тұрақты, ойлы оқырмандарының бірегейі.

Ахаң өз қолымен жазып қалдырған ғұмырнамасы негізінде ұлы Мұхтар Әуезов Алаш арысының әкесі Байтұрсын кәрі оязды сабап, Сібірге айдалып кеткенін, өзі 1907 жылы Патша үкіметіне теріс пиғылы болғаны үшін алты жолдасымен Қарқаралы абақтысына жабылып, одан Семей түрмесінде отырғанын «Ақаңның елу жылдық тойы (юбилей)» мақаласында жазады («Ақ жол», 1923 жыл, 4 февраль). Небары 25 жастағы М.Әуезов: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын… Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ақаңды өзінің басшысы деп санайды. Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды…» («Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол». Құрастырған Р.Нұрғалиев. Алматы: «Жалын». 17-бет) деп жазған екен. Ахаңның сол  50 жылдық  тойында  «Еңбекші қазақ» газетінде даңқ­ты жерлесіміз Сәкен Сейфуллин: «… Өзі үшін ұлтшыл болған қулардан бөлініп, Ахмет сол ұлт қамы үшін Коммунист партиясына кірді. Әрине, Ахмет коммунист партиясында көп бола алмады. Көп бола алмайтыны белгілі еді. Ахаң байлардың құлдығында шіріген жарлылардың айғайшысы емес, олардың шоқпаршысы емес, бірақ байын, кедейін айырмай, қазақты ғана сүйетін адал жүрек, ұлтжанды еді. Қалай болса да жазушысы аз, әдебиеті нашар қазақ жырларына «Оқу һәм тіл құралдарымен» қызметі таудай», («Ахмет Байтұрсынов. Шығармалар» Шәмшиябану Сәтбаева. Алматы. «Жазушы» баспасы. 7-бет) деп жазады. Сәкен ағамыз да сонда 25-те ғана екен.

Алашты, Алашорданы, Алаш арыстарын түбірлеп зерттеп, түгендеп жүрген досым Тұрсын Жұртбайға хабарластым. Қазір өз жанынан шығарып, ертеде ғұмыр кешкен ақындар мен жазушылардыкі деп тарихи деректерді бұрмалайтындар шыға бастаған соң Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Ұраным – Алаш!» еңбегін өзіміз қолдаған Тұрсекеңе жүгіндім. Рас екен. Ахаң толғауын Архангельскідегі түрмеде бірге отырған әрі жерлесі, әрі жақын досы Файзоллаға атылар алдында ауызша айтты ма, жазып қалдырды ма, біле алмадым. Содан толғау күйіндегі әнмен айтылатын нұсқасынан қағазға түсіріп, газетке жариялап отырмын.

«Арыстардың аруақтары разы болсын. Ағаңның тапсырмасы. Нәтиже күтем. Орындаушы Айдар деген бала болу керек» дейді Тұрсекең.

Батыста «реквием» дейді. Моцартта, Анна Ахматовада  бар. Л.Толстойдың соңғы «Крейцер сонатасы» реквиемге келетін сияқты. Кемпірбайдың, Әсеттің, кейін «Орталықта» жарияланған Қытайдағы Оспан батырдың елмен, жермен қоштасуы бар. Енді, міне, Ахмет Байтұрсыновтың ажал алдындағы ақтық сөзі табылып отыр.

Оқып көріңіздер.

Мағауия СЕМБАЙ.

Файзолла достым, аса қымбатты,

Мұң менен азап жаныма батты.

Өтпелі дәуір – өкініш уы…

Асау өзендей толқыны қатты…

 

Өзіңе аян өмірім, ісім,

Көрдім ғой бейнет туған ел үшін.

Жабылған нақақ жаланы ойлаумен,

Өзегім күйіп, өртенеді ішім.

 

Ойсоқты болып қатты ғой басым,

Көзімнен көл боп ақты ғой жасым,

Сергелдең кешіп, сарғайып санам,

Төбемнен тура түсті ғой жасын.

Көбейген шақта сақалдың ағы,

Кетті ғой тайып ағаңның бағы.

Темір құрсаулы түрмеге мынау

Төртінші рет мен қамалдым тағы.

 

Ана сүтімен ақындық дарып,

Жыр жазып едім, отырмын налып.

«Халық жауы» боп қасірет шеккен.

Бүгінде енді, мен де бір ғаріп.

 

Езіліп жүрек, егіліп жүйе…

Өзіңе-өзің бола алмай ие.

Енесі өлген ботадай боздап

Өкінесің көп өзегің күйе.

 

Дамылдап бір сәт таба

алмай тағат,

Кеттім деп япыр-ау,

қай жерден ағат.

Түсесің ойға иір де шиыр…

Елестеп көзге мақсат пен мұрат.

 

Оралып сонда туған жер ойға,

Бір ыстық сезім тарайды бойға.

Сағыныш бауыр, анаңа деген,

Теңеген бір сәт күн менен айға.

Жоқ әлде ғашық жүректің емі,

Бәлкім, ол шығар сұлудың демі.

Мүмкін, ол, достым, аймалап сүйер,

Майдағы мақпал Сарыарқа желі.

 

Сымтастың терең ағыны сынды,

Ұғарсың сүйініш, күйінішімді.

Жеткізе алмаймын сөзіммен әсте,

Дәл осы жолғы-ай сағынышымды.

 

Сен бүгін, достым, жаныңмен түсін,

Барады күйіп, жалын боп ішім.

Сағындым елді, жерімді және,

Сағындым тіпті, аңменен құсын.

 

Жегенім – желім, ішкенім – ірің,

Түсінер түбі халқым бір – пірім.

Басты кінә боп тағылды-ау, қалқам,

Сүйгенім – туған ұлтымның тілін.

 

Бола ма сұмдық дәл мұнан өткен,

Сталин заңы шықты ғой шектен.

Жауапты орында безбүйрек жандар,

Аяуды білмес мейірімсіз неткен.

 

Тегінде бәрін алған ғой таңдап,

Қол қойдырады азаптап, зорлап.

Сенбейді айтқан сөзіңе адал,

Мазақ қылады табалап, қорлап.

 

Ильич кетті тым ерте сөніп,

Жаңа заманды орнатып беріп.

Бүгінгі мынау ойранды ой-хой,

Оралып қайта көрсе ғой келіп.

 

Көрсе ғой шіркін, Ильичтің өзі,

Тартылар еді-ау әр істің тезі.

Тұнжырап тұрған «мұртты көсем»,

Қылды ғой әбден халықты мезі.

 

Серпіліп сонда ашылар тұман,

Тыйылар жөнсіз күдік пен күмән.

Кесапат күндер келмеске кетіп,

Туады анық нұрлы бір заман.

 

Қашан да болсын әділдік қымбат,

Партияға мен де болғанмын солдат.

Қатемді түзеп, анықтап жолды,

Алғанмын тұңғыш Ильичтен мандат…

 

Мәскеуде онымен кездесіп едім,

Шешіліп ұзақ сөйлесіп едім.

Халқымның айтып арзу арманын,

Ортақ тілекке үндесіп едім.

 

Алды кең екен сыр алысқанға,

Ұлттық мұратты шын ұғысқанға.

Халық ағарту комиссары боп,

Бар деді маған Қазақстанға.

 

Кірістім іске жанымды салып,

Зиялыларды қасыма алып.

Жұмыс жасадық жұмылып бірге,

Жүрмейік деп біз ұятқа қалып.

 

Әттең-ай, сол күн тұрмады ұзақ,

Ильич қайтып, басталды тұзақ.

Талауға түстік, тонауға түстік,

Голощекинге тағы да қазақ.

 

Ұлттық ұлы рухымызды,

Зымиян қу жақ быт-шыт қып бұзды.

Жік-жікке бөліп зиялымызды,

Тамұққа айналдырды өмірімізді.

 

Бабадан жеткен ән-жырымызды,

Мәдени мұра байлығымызды

Жоюды көздеп қыспаққа алды,

Ана тілі мен төл дінімізді.

 

Құм қылды қайрат-жігерімізді,

Таптады барлық өнерімізді.

Кескенде үміт-күдерімізді,

Білмедік кімге сенерімізді.

 

Айтылған адал, ақылды сөзді,

Тыңдамай ар мен ұяттан безді.

Ерлерді елден аластап қуды,

Көтерді көкке есер мен езді.

 

Мінезі оның секілді құйын,

Ұмытады пікірін, ойын,

Тәркілеу соңы аштыққа ұласып,

Тиді бұл дәуір Алашқа қиын.

 

Бәрін де соның ертерек сезіп,

Отыра алмадым үндемей төзіп.

Байыппен айттым халықтың зарын,

Лепірді ол сонда малтасын езіп.

 

Ел ішіндегі алуан жайдан,

Шындықты айтқанды ұнатсын қайдан?

Кіші октя́брьді  жасаймын мен деп,

Даурығып қу жан, бізге ашты майдан.

 

Қолында билік, ит болып қапты,

Одан кейін қасқыр боп шапты.

Жиырма сегіздің желтоқсанында,

Қызылордада түрмеге жапты.

 

Онысы аздай сібірге айдатты,

Ондағы қорлық сорды қайнатты.

Қазақтың емес, орыстың жерін,

Өркендетуге жанды қинатты.

 

Азапты, ауыр жұмысқа салды,

Жұқарып, жүнжіп, жүйкеміз талды.

Бейнеттің төзбей қиындығына,

Талай боздақтар сол жерде қалды.

 

Оралып едік сібірден біз сау,

Отыз жетіде тағы бір құрсау.

Қырылып сұмдық сұрқиялықпен,

Зиялы біткен ұсталды боп жау.

 

Беймезгіл көкте ойнаған жайдай,

Зымияндықты кім көрген мұндай?

Атып та жатыр, асып та жатыр,

Зұлымдықпенен жендеттер сондай.

 

Бұл зұлматта да таппадық қайран.

Қанішер еткен Сталин қирар.

Халықтың қанын судай ағызған,

Басылмас оңай Советтік ойран.

 

Ұлттардың барлық қаймағын сүзіп,

Қалдырмай түгел алғандай тізіп.

Шығатын кезең алыста болар,

Шынжыр бұғауды талқандап үзіп.

Өркендеп ел боп тұрса деп Алаш,

Билігі өзінде болса деп Алаш.

От пенен суға түстік қой біздер,

Тәуелсіздігін алса деп Алаш.

 

Әлі де солай, ұраным – Алаш,

Өмірлік шырқар жыр-әнім – Алаш.

Бір замандарда өз азаттығын,

Алады сөзсіз Отаным – Алаш.

 

Өлсем де достым «Алаш» деп өлем,

Қойнына жердің «Алаш» деп енем.

Елу жыл, бәлкім бір ғасырдан соң,

Халқыма сонда «Алаш» деп келем.

 

Демеймін саған әзірге сыр аш,

Бізге де түбі жаяды құлаш.

Әуелі бізді қайта оралтады,

Тәуелсіздігін алам десе Алаш.

 

Бодандықтың түнегін Алаш,

Жарады бір күн жүрегін Алаш.

Кек кернесе о дүниеде,

Тілерміз біз де тілегін Алаш.

 

Файзолла, саған айтатын бір сөз,

Қатерлі әрі қауіпті бұл кез.

Өрттен де бір түп көде аман қалар,

Амалшыл ең ғой зәбірге сен төз.

 

Мұраттас болған замандастарға,

Антына адал қаламдастарға.

Мұхтарды аман сақтаңдар дедім,

Жеткізеді ол елін асқарға.

 

Өзіне айттым кетеміз біз деп,

Отыр ғой сонда құртуды көздеп.

Кешірім сұрап, жори арыз жаз,

Жүрген жан болып әділдік іздеп.

 

Амалсыз олар кешірім қылмақ,

Жұрттан сөйтіп жақсы атақ алмақ.

Осылай жазсаң Мұхтаржан, дедім,

Басыңа сонда қонады зор бақ.

 

Ол маған қарап, аң-таң боп тұрды,

Ойланып біраз көңілін бұрды.

Бұл қалай болмақ, ел не деп ұқпақ,

Демей ме тұзақ өзіне құрды.

 

Жоқ, қалқам, дедім сөкпесең ірге,

Сен енді бізбен кетесің бірге.

Болашағың зор – үміт артамыз,

Рухын ұлттың жеткізгей өрге.

 

Біздерден саған аманат – осы,

Халық жауы емес, халықтың досы.

Екенімізді бір сенен артық,

Білетін түбі болмайды кісі.

 

Аталы сөзге ақылды тоқтат,

Өсетін халық асылын жоқтар.

«Жарайды, аға» – деп құшағын жайды,

Көзінен жасы бұршақтап Мұхтар.

 

Сол болды оны соңғы көргенім,

Ұнады бәлкім үлгі бергенім.

Рухын ұлттың көтерсе Мұхтар,

Менің де онда өмір сүргенім.

 

Файзолла, солай заманың жұтты,

Қай кезде де елге болады салмақ.

Тәркілеуменен аштықта өшкен,

Қазақтың орны қай кезде толмақ?

 

Жасымда мынау алпыстан асқан,

Нұр тайып беттен, ажарым қашқан.

Отырмын мең-зең айыпқа батып,

Туған халқыма атанып дұшпан.

 

Сырқырап жан-тән,сыздайды жүрек,

Еленбей әсте елге еткен еңбек.

Еңсеңді басып, есіңді алған,

Ашылар қашан бұл қара түнек?

Соңымнан ерген қуатты бір лек,

Үркердей шоғыр келе жатқан түйдек.

Міржақып, Сәкен, Мағжан мен Мұхтар,

Болса екен аман деп тілек тілеп.

 

Атырам таңды, батырдым күнді,

Бар шығар жандар менен де мұңды.

Қаншама азар берсе де даттап,

Мойындамадым тағылған мінді.

 

Сезеді жүрек… ажалым жақын,

Өлмейді босқа азамат ақын.

Өзіңе, досым, аманат жырым,

Бұл жазған тегі ең соңғы хатым.

 

Отанға сенем, халқыма сенем,

Айтыңдар менен ұрпаққа сәлем.

Жеткізер түбі еліме байтақ,

Атымды менің ақсұңқар өлең.

 

Ауысар ұрпақ, алмасар жылдар,

Уақыт пен біздің жалғасар жырлар.

Жояр ма құнын елге еткен еңбек,

Егер де ұрпақ табылса сынар.

Келеді алысып ақ пенен қара,

Қайғы мен қуаныш, бақ пенен нала.

Ежелден бері өтуде осылай.

Жаға жыртысып, шындық пен жала.

 

Жеңеді түбі әділет, бірақ,

Болады анық жауап пен сұрақ .

Басынан тұнып, ашылса, егер,

Мұхитқа айналар жылға мен бұлақ.

 

Танбаған бір сәт сүюден халқын,

Садуақасов Смағұл марқұм.

Голощекин мен Сталин бізді

Тұйыққа тірер деп өтті әр күн.

 

Ұғар ма айтшы, ғалымды надан,

Қажытты бізді қан шеңгел заман.

Жатырмын тілеп, Бейімбет, Сәкен,

Мағжан мен Мұхтар болса деп аман.

 

Шәкәрім – ағам, Жүсіпбек – інім,

Біреуі – айым, біреуі  – күнім…

Секілді еді-ау, опат боп кетті

Сүюден танбай халқы мен елін.

 

Ұстаймын мен де солардың жолын,

Ажал мен апат – оңым мен солым.

Қатем болса егер, кеше гөр елім,

Күткенім, енді, менің де өлім.

 

Файзолла достым, өлеңнің кені,

Айрықша аңсап сағындым сені.

Аман ба, айтшы, алыста жатқан,

Аяулы ана, Торғайдың елі.

 

Досыңның сәби бал шағы өткен,

«Ақкөлге» жаным бардың ба көптен?

Сонау бір жастық күндердегідей,

Тердің бе гүлдер ақ шалғын беттен?

 

Шүкіршілік деумен мен туған ауыл,

Бүтіндік дей ме елдегі тәуір.

Қыстауға келіп мәре-сәре боп,

Жүр ме екен қайран ағайын-бауыр?

 

Сағынтты мені сүйікті мекен,

Түсіме кірді апам мен көкем.

18 жылға сотталған еді-ау,

Патшаға қарсы күрескен әкем.

 

Мерзімін өтеп, қайтқанда елге,

Қарсы алдық шығып, жазира белге.

«Ақкөлім саған жеттім бе шын?» – деп,

Топырақты сүйді жата қап жерге.

 

Мені де шырмап сағыныш сондай,

«Ақ көлді» ойлап құмарым қанбай,

Отырмын достым, ертең де маған,

Сыйлайды екен тағдырды қандай?

 

«Ақ көлде» шіркін көзімді жұмсам,

Бір төмпешік болып сол жерде қалсам,

Арманым жоқ қой қабірімді сонда,

Құшақтап тұрса май қара жусан.

 

Файзолла достым, кемел көңілді,

Сыйлаймын сендей кемеңгер ұлды.

Кітап қып басып берейін деп ем,

Жібермей қойдың өлеңдеріңді.

 

Қыс кетіп, шығар көгілдір көктем,

Ұмытылар әлі азабың шеккен.

Дарынды жас ең, соңымнан ерген,

Ауылда қалдың, қайтейін, әттең.

 

Файзолла, маған тағылған кінә,

Шылғи өтірік, қып-қызыл жала.

«Халқыңды қорлап өлең жаздың, – деп,

Сүймейсің оны, ниетің қара.

 

Деп жаздың бүкіл толқытып елді,

Өзіңді тұр ғой сор күтіп енді.

Жерұйығым деп жырладың жалған,

Сарыарқа деген жалаңаш шөлді.

 

Бұған өзіңнің жырларың дәлел,

Бәрі айқын онда тексерсең, егер.

Мазақ қылғансың жалқау, надан деп,

Жауым деп отыр сондықтан сені ел.

 

Жырладың жалған «елім, елім» деп,

Зар қақтың босқа «тілім-тілім» деп.

Отырсың бүгін сормаңдай болып,

Көзің іріңдеп, қолың дірілдеп.

 

Қазақ емес, біз ежелден қырғыз,

Аталып солай, жазылған елміз.

Сен келіп оны қазақ деп жаздың,

Дейсің оқуды қазақша жүргіз.

 

Халықпыз күншіл, бірлігі осал,

Білімсіз, ойсыз, тірлігі нашар.

Ру-ру боп шуылдап жүрміз,

Ұлт болмасақ, береке қашар.

 

Ойладың жаулық Советке әр күн,

Мысалдар жазып, дүркін де дүркін.

Әліппе жасап, «Тіл құрал» қылдың,

Зорлап кіргізіп арабтың әрпін.

 

Бітеді ертең дәмің мен тұзың,

Бүгіннен бастап тірліктен безін.

Орысқа үйлендің, себебін айтсақ,

Жек көресің сен қазақтың қызын.

 

Өтірік деп айтшы осының бәрі,

Болмайды енді қулығың дәрі.

Бетін бояған «Халық жауысың»,

Өмір сүрмейсің сен, мұнан әрі».

 

Осылай деп бір қанқұйлы қазақ,

Төндірді менің басыма тұзақ.

Дедім мен оған – Білгеніңді істе,

Бола алман енді сендерге мазақ.

 

Қалғандай сірә жындануға аз-ақ,

Қанталап көзі әлгі қу қазақ.

Халқымды оятқан асыл сөзімді,

Қылды ғой менің өзіме тұзақ.

 

Мүмкін бе мұндай қорлыққа төзу,

Сұрқия жанның іші тар, сөзі у.

Көнеді екенсің маңдайға бітсе,

Осындай, егер, жазымыш жазу.

 

Өзің де, жаным, қаламыңды ұста,

Өлең жыр сыйла халқыңа нұсқа.

Талантты туған бауырым менің,

Жетерсің мүмкін бақытқа, ырысқа.

 

Сүрдік қой өмір қолайсыз шақта,

Тасталдық жанған қып-қызыл шоққа.

Бір кезде саған аманат қылған,

Мұрамды жеткіз келер ұрпаққа.

 

Елу жыл өтер немесе ғасыр,

Айығар сонда бүгінгі тасыр.

Тарихқа түгел тексеру болар,

Талқыға түсер жасық пен асыл.

 

Сенемін, досым, өлгенмен өзім,

Ұрпаққа жетіп, өлмейді сөзім.

Ақиқат таңы атады анық,

Осыған менің жетеді көзім.

 

Суреттерде: 1. Сәкен Сейфуллин Ахаңның 50 жылдық мерейтойында.

  1. Ахаңның сол жағында Қарқаралы ау­даны, Бесоба ауылының тумасы Иман Әлімбеков.
  2. Ахаңның түрмедегі соңғы суреті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button