Абай тұлғасына терең үңілді

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр аймағында іс-шаралар өтуде. Қарағанды экономикалық университетінде өткен «Ұлы Дала данышпаны» атты сайыс та мерейтойға орайластырылған. Шараға өзге ұлт студенттерінен құралған үш команда қатысып, бақ сынасты.

Орыс тілінде білім алатын өзге ұлт студенттерінің арасында Ұлы Дала кемеңгері Абайдың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, мемлекеттік тілді жете меңгеруге жағдай жасау және қолданылу аясын кеңейтуге ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған білім сайысы 6 бөлімді қамтыды.

«Кел, танысайық!», «Сөзмерген», «Сұхбаттаса білеміз бе?», «Өнерлінің өрісі кең», «Мақал – сөздің мәйегі» және «Кім жылдам?» бөлімдерінде қатысушылар Абайдың өмірі мен шығармашылығын, ұлағатты сөздерін, өлеңдері мен әндерін, қара сөздері және афоризмдерін басшылыққа алып, алғырлықтарын танытты.

Білім жарысы еркін форматта өрбіп, Абайдың сан қырын қамтыды. Әдемі әндер әуелеп, жыр-терме де орындaлды, мың бұрала би де биледі қатысушылар.

Университет кітапханасының директоры Қамарсұлу Сәтемірова, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі, ақын Жәлел Қуандықұлы, Қоғаммен байланыс және кәсіптік бағдар беру жұмысы орталығының бас маманы Гүлден Сәтбекова 5 балдық жүйемен бағалап, жеңімпазды анықтады.

Бизнес, құқық және технологиялар факультетінің «Адамның баласы» тобы 72 ұпаймен III орынды місе тұтса, экономика, басқару және кәсіпкерлік факультетінің «Өнерпаздар» тобы 74 ұпай жинап II орынға ие болды. Басқа командалардан бәсі басым түсіп, оқ бойы озық келген қаржы, логистика, цифрлық технологиялар факультетінің «Жалын» тобы 78 ұпаймен I орынды жеңіп алды.

Жастардың өтінішімен ақын Жәлел Қуандықұлы түрлі тақырыптағы бірнеше өлеңін оқыды.

Сайысты ұйымдастырушы қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті кафедрасының меңгерушісі Клара Қабатаева қолдау білдірген қонақтар мен студенттерге алғысын айтып, бұл бағытта алдағы уақытта жұмыстар жалғасатынына тоқталды.

  • Тыңғылықты дайындалдық. Жастардың қазақ тіліне деген қызығушылықтары жоғары деңгейде. Сайыста байқалғандай, күнделікті өмірде де мемлекеттік тілде сөйлеуге тырысады. Бұл жеңіспен тоқтамай, басқа да жарыстарға қатысу ойымызда бар, – деді қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы Құрмет Бажикеев.

Өз тілшімізден.