Ағылшын тілі орталығы ашылды

Мемлекет басшысының «Үштұғырлы тіл» саясатын нақты әрекеттер арқылы қолдау – уақыт талабы. Жуырда Қаражал қаласында осы мақсатпен ағылшын тілін оқыту орталығы ашылды. Игілікті шаруа жас маман Тоғжан ЖАРҚЫНБАЙДЫҢ «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үш млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз несие иегері атануы нәтижесінде іске асырылды.

Тұрғындар тілегімен үндескен орталықтың материалдық тұрғыда жабдықталу жайы көңілге қуаныш ұялатады. «Оксфорд» баспаханасында жарық көрген соңғы үлгідегі оқу кітаптары, ноутбуктер, магниттімаркерлі тақта, құлаққаптар, моноблок, дискілер, теледидар, бір сөзбен айтқанда, тіл үйрену үшін қажетті құрал-жабықтармен толық көлемде қамтамасыз етілген.

Ең бастысы, тәуекелге бел буып, кәсібін тыңнан бастаған Тоғжан Бейсенбайқызының осы бағыттағы машығы мен кәсіби шеберлік деңгейі өте жоғары. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ түлегі, бакалавриаттан кейінгі ғылым магистрі дәрежесі бар. АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Харрисбург қаласында арнайы тағылымдамадан өткен. Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Дәурен Жақыпов, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қаланың Құрметті азаматтары, жалпы бұқара қауым, сондай-ақ, ағылшын тілін үйренуге ынталы жастар мен оқушылар қатысты.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.