Ақпараттық портал ашу ұсынылды

Қарағанды облысының үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) өткізген іс-шараларының қорытындысымен қоса, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бөлінген сомалар туралы да есеп беруі тиіс. Толық шығармашылық және қаржылық есептерді ақпараттық порталда жариялау қажет. Портал ашуды «Қамқор плюс» қоғамдық бірлестігінің басшысы Нияз СҮНДЕТӘЛИЕВ ұсынды. Осылайша, жұмсалған қаражаттың тиімділігін бағалауға және азаматтардың сенімін арттыруға болады. Бұл мәселелер облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

– Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды алып, азаматтарға қол ұшын беру үшін құрылған ҮЕҰ өз қызметін бизнеске айналдырады. Олардың мемлекеттік тапсырысты алған соң, кейбір өзекті мәселелерді ескерусіз қалдыруы – дұрыс емес. Сондықтан, жұмыс пен оның тиімділігі жарияланатын ақпараттық портал құру қажет деп санаймын, – деді Нияз Сүндетәлиев.
Сонымен қатар, виртуалды отырыс кезінде белсенді волонтерлерді ынталандыру ұсынылды. Өйткені, олар карантинде қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етті. Марапаттау белсенділердің құлшынысын арттырады, – деп есептейді облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев.
– Облыста 15 наурыздан бастап еріктілер һәм кәсіпкерлердің күшімен аз қамтылған отбасылар мен азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған жеті жүз іс-шара өткізілді. 13 мыңнан астам отбасыға қолдау көрсетілді. Бұл шамамен 50 мың адам. 42 млн. теңгеден астам қаражатқа азықтүлік және басқа да тауарлар сатып алынды. 44 мыңнан астам бетперде тігіліп, таратылды. 7 сәуірден бері аймақта 3 мыңнан астам отбасына көмек көрсеткен «Сарыарқа жастары» волонтерлік штабы қол ұшын берді. 7-11 мамыр аралығында кәсіпкерлердің күшімен ардагерлер мен аз қамтылған отбасыларға 3 мың азықтүлік себеті үлестірілді. Әрқайсысының салмағы 50 кг, – деді Нұржан Арғынұлы.
Сондай-ақ, ол алдағы уақытта еріктілер жұмысын жалғастыратын негізгі жеті бағытты атады. Басқарма басшысының айтуынша, «Асыл мұра» бағытына да ерекше назар аударылады. Оның аясында өңірдің тарихи және мәдени көрікті жерлері ретке келтіріледі. Сонымен қатар, жоспарланып отырған волонтерлер слетінде тәжірибелі нұсқаушылар оларды төтенше жағдайлар кезіндегі нақты іс-қимылдарға үйретеді. Осы сияқты кеңестер, семинарлар тұрақты түрде өткізілмек. Еріктілердің қызметі барлық әлеуметтік желілер арқылы насихатталады.
Қоғам белсенділері Татьяна Савицкая мен Елена Варганова нашақорлық пен экология мәселелерін ұмытпауды еске салды. «Үкіметтік емес сектордың жұмысын есірткі таратушылар мен табиғатты ластаушыларға қарсы біріктіру қажет» – дейді олар.
Кеңес төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов барлық ұсыныстар негізінде салмақты және объективті шешімдер қабылданатынын айтты.

Жәлел ШАЛҚАР