Қарағандыда 62 аула абаттандырылды

Қарағандыда 62 ауланы абаттандыру жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды. Тағы 38 аулада жұмыстар жалғасуда. Жөндеу жұмыстары қазан айының басында толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат жинында Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина мен Октябрь ауданының әкімі Мейрам Қожухов баяндады. 


Аулалардағы жөндеу жұмыстары асфальттауды, тас төсеуіштерді төсеуді, жиектастарды, шамдарды, орындықтар мен урналарды орнатуды қамтиды. Биылғы жылы 100 ауланы абаттандыру жоспарланған.
— Басты мәселенің бірі — аулада жарықтандырудың болмауы. Шамдар бар, бірақ олар жанбайды. Жөндеу жұмыстары аяқталған аулалардың тұрғындары  жарықтың әлі қосылмағанын айтуда. Оларға жарықтандыру нысанды қабылдаған соң қосылатынын түсіндіріңіздер. Нысанды қабылдау қазан айының басында жүзеге асырылады. Оның барлығы қаражатқа байланысты. Жарықтандыру шығындарын аудандық әкімдік төлейді, — деді қала әкімі Нұрлан Әубәкіров.
Ол аудан әкімдеріне жөнделген аулалардың техникалық төлқұжаттарын әзірлеуді тапсырды. Қала басшысының айтуынша, бұл коммуналдық қызмет көрсетушілер мен кәсіпкерлерді техникалық жұмыстарды жүргізгеннен кейін асфальт пен кеспе тастарды қалпына келтіруге міндеттеуге көмектеседі.