Бас тақырыпРуханият

Сонары сұлу жырдың Сәкен-ғұмыр

Жарты әлемге жария болып, Жаңаарқада дүркіреп бір өткен Сәкен Сейфуллин мерейтойы Қарағандыда қайта лаулап берді. Бүгін мұндағы С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында айтыс басталып кетті. Анау-мынау емес, ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, композитор, ғалым Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойының құрметіне өткерілмек халықаралық айтыс. Қазақ ақындарымен қатар, Қырғызстан, Қытай мен Моңғолиядан айтыскерлер келіпті. Сонымен, екі күнге жоспарланған айтыстың алғашқы кезеңі былай болды.

Әуелі қазылар алқасы таныстырылып, Ерлан Қошановқа сөз берілді. Халықаралық айтысты «Нұр Отан» партиясы мен облыс әкімдігі ұйымдастырған. Қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов – әйгілі әртіс, режиссер! Құрамында Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Әсия Беркенова сынды ақындар, айтыс өнерінен докторлық қорғаған профессор Қойлыбай Асан, қарымды қаламгер, сенатор Нұртөре Жүсіп, айтыс өнерінің дүлдүлдері – Бауыржан Халиолла мен Аманжол Әлтай бар.

Айтысты алғысөзбен ашқан Ерлан Қошанов тартымды сөйледі. Елмен амандасқан соң: «Биыл – біз үшін сұңқар ақын Сәкеннің жылы. Көріп отырсыздар, залда ине шаншар орын жоқ. Театрдың кіші залына да үлкен экран қойылған, онда да ел сықап отыр. Фойеде де сондай – экраннан тамашалаушы ел. Халық үшін айтыс – сенім. Ел басқаға сенбесе де, ақынның сөзіне сенеді. Ақындар да арын, мінезін ешқашан сатпайды. Адамды көзі, құлағы, тілі алдауы мүмкін, бірақ, жүрегі алдамайды. Ақындардың жүректен шыққан сөзі жүрекке жетіп жататыны содан деп білеміз.

Мен біздің бір ауыз сөзімізді жерге тастамаған Жүрсін Ерман ағамызға алғыс айтамын. Тәуелсіз Қазақстанның айтысын Жүрсін Ермансыз елестете алмаймыз. Айтыстың бренді! Бұл кісі біздің жерлес болған соң, мақтан етеміз – бір жағы. Енді, Сәкен Сейфуллин сөзімен айтсақ, «асау тұлпарлар», шабыңдар! Құрғақ сөз жарыстыратын емес, ой мен рух таластыратын дода болады деп сенемін, іске сәт!», – деді Ерлан Жақанұлы.

Айтысты ақын Жүрсін Ерман жүргізді. Ортаға шығып, Сәкен ағасы жайлы толғанған ақын С.Сейфуллинді жырлауға келген көп айтыскерлерден артық айтып кетті аз сөзінде. Ақындардың алғашқы жұбы – жаңаарқалық Төлеген Жаманов пен оралдық Бауыржан Шермиденов. Жаман айтысқан жоқ екеуі. Төлеген ақын алғашқы болып сөз бастауды өзі сұрап алыпты Жүрсін ағадан. Қырғызстаннан келген Жеңішбек Тоқтабек ақын «сіздерде күні бұрын жұптастырып қояды екен. Мен қазір Бекарыс Шойбекпен айтысатынымды біліп тұрмын. Бізде кім-кіммен шығатынын алдын ала білмейді» деп қалды. «Қырғыз аталып жүрген Қазаққа Қазақ атын алып берген Сәкен ғой» деп кеудесін көтеріп қойды.

Айтысты бастаған Төлеген ақын елмен амандасып, Сәкен туралы толғана келіп, батыстан келген қарсыласына тиісе сөйлеп, әңгіменің әлхамын қайырды. Бауыржан Шермиденов төгілтіп жырлады. Батыс жұртының мақамы, сөз саптасы сезіліп тұр. Екі ақын да тақырыпты жырлауда кенде қалмады. Бірақ, Бауыржанның бір айыбы – «Сәкен туған ауыл Өспен» деп айтып жіберді. Оны қарсыласы да байқамай қалған болу керек. Анығында, ақын Нілді (Өспен) ауылында екі жыл мектепте оқыған. Оны білмегені қаншалықты қате екендігін менен жақсы білерсіздер. Сондай-ақ, Бауыржан өзі Оралдан келіп тұрып, онда Сәкен алғаш қазақ мектебін ашқанын айтпай кеткені – ақындығына сын емес пе? Дегенмен, мұндай шаршы топта алғашқы болып сөз бастау оңай емес. Қазылар алқасы екі ақынға да бірыңғай он – ең жоғары балдан көтерді.

Келесі жұп – семейлік Рүстем Қайыртайұлы мен қызылордалық Нұрмат Мансұров. Бұл қос ақын салмақты айтыс жасады. Бір-бірін қағытып та отырды, тақырыпты да тамаша шиырлады. Пікірлері де пайымды. Елдегі саяси-әлеуметтік мәселелерді де орнымен көтере білді. Нұрматтың шетелдерге мемлекеттің қарызы көптігін айта отыра, «баға доллармен бірге шарықтап барады, дүние қымбат, үй қымбат, жерде жатқан – адамның құны ғана» дегені ұтымды айтылды. Біз Нұрлат деп отыр едік. Қазылардың да тарапынан сәл жоғарырақ бағаланды. Нұрмат ақын Қызылордадағы Сәкен ауылынан екен. Рүстем алғашында «сол ауылдан екеніңді қазылар ескерер деп, ауылыңның атын саудалап келіп отырсың ба?» дегенімен, қарсыласы ыққан жоқ. Аңыратып тұрып жауап берді. «Сәкен туған топырақта Сәкен атындағы ауылдың баласы жарқырамауы керек пе? Біз Сәкен атына ауыл беріп, оны ұлағатпен ұстап, атын шығарып отырмыз. Ол аты жақсылықтан шыққан құтты ауыл. Онан да өзің тұратын Алматыдағы Сейфуллин көшесін айт, ауыл түгілі, көшесін дұрыс ұстай алмай отырып неге мән айтасың?» деген уәжбен әңгімені Сәкен есіміне кіршік түсірмеу жағына әдемі бұрып әкетті. Және көзілдіріктің астынан қарағанда, Сәкенді ұстатып жіберген Троцкийге ұқсайды екенсің деп түйреп түсірді қарсыласын. Екеуі құрдас екен, онысы жарасымды көрінді.

Түркістандық Бекарыс Шойбеков пен Қырғызстанның астанасы Бішкектен келген Жеңішбек Тоқтабеков айтысты. Бұл екі ақын әзілдесе отырып жыр көрігін қыздыра білді. Жеңісбектің бір сөзін ұқсақ, бір сөзін ұқпағандықтан, пікір айту қиынырақ болып тұр. Бекарыс ақын оның еліндегі «автомат» атын айтып еді, қырғыз бауыры «сені де ақындардың киллері» дейді, маған да оңай соқпай тұр дегенге жықты.

Айтыстың шын мәніндегі ақтаңкері, Торғайдың айтулы ақыны Айбек Қалиев пен көкшетаулық Әлібек Серғалиев шықты. Бұл екі ақынның сөз саптасы мен өлең мәнері мінсіз болғанымен, екеуі бір-біріне соқтығып, қайым өлең айтысудан әрі аспады. Алған әйелдерін, асабалықтан тапқан ақшаларын, айлықтарын айтып кеткен жерлері де болды. Бір-бірінің қатынын есептеу, неге керек сол?! Баяғыда үлкендер «қайым өлең айтыспай қойыңдар» деп тыйып тастаушы еді, солары дұрыс екен деп бір қойдық. Тіпті, Құнанбай мен Абайды өздерінің тоқал алғандағы әңгімесіне қыстыра кеткені қаншалықты орынды осы? Ақын деген елдің, ұлттың әңгімесін айту үшін шықпай ма айтысқа? Айтысты елдің жақсы көретіні содан. Онда халықтың сенімінен шығу керек? Сәкенді оқып, оның шығармашылығын жаңа қырынан пайымдау жоқ. Ылғи елдің аузында жүрген, жалпақ тілмен айтқанда, жауыры шыққан әңгімелер. Сәкен арқылы күллі ұлт пен халықтың трагедиясын жеткізер деп ойлап едік…

Біз осымен айтыстың алғашқы бөліміне байланысты баянымызды тоқтата тұрамыз. Екі күн бойы өтетін айтыстың алғашқы бөлімінің екінші кезеңі мен қорытынды ақтық кезеңін газетіміздің келесі санынан күтіңіз, оқырман.

 

Жәнібек ӘЛИМАН,

“Ortalyq Qazaqstan”

 

 

Басқа материалдар

Back to top button