«Аналар күні» аталса…. немесе 8 наурыздың эволюциясы

Посткеңестік елдерде 8 наурыздың мерекеленіп келе жатқанына елу жылдан астам уақыт өтіпті. Тарихы туралы да бірнеше нұсқа бар. Бірі – сонау Грекияға барып тірейді. Енді бірі – парсыға байлайды. Ал, көпке мәлімі ХІХ ғасырда Нью-Йоркте өткен «тігіншілердің» жаппай қарсылығымен, одан соң пролетариат әйел Клара Цеткинмен байланысты. Тереңірек үңілсек, бұл – әйелдердің ерлермен теңдігі негізінде туындаған мереке. Ал, одан әрірек, түбегейлесек, моральдық мәселелерге барып тіреледі. Деректер, АҚШ-тағы, Еуропадағы жезөкшелердің «еңбегіне» ақы сұрап, көшеге шығуымен сабақтайды. Интернеттің ашық ресурстарындағы мәліметтер кезінде осы мерекенің митинг, демонстрациялармен жалғасты болғанын айтады. Ал, қазіргі таңда – мереке қыз-келіншектерге ерлер қауымының көңіл бөліп, сый-сияпат жасайтын күніне айналған. Жөн шығар. Бірақ, өзінің бір кездегі революциялық мәнін осы күні эволюциялық тұрғыда жоғалтқан бұл мерекені елімізде неге «Аналар мерекесі» деп атап, оның мәні мен мағынасын неге салмақтай түспеске дейді ішкі ойымыз…

Тарихы АҚШ-тағы «текстильщик» қыз-келіншектердің «көтерілісінен» бастау алып, одан кейін коммунист Клара Цеткин, Роза Люксембургпен жалғасатын мерекенің тарихы – тым тұңғиық.

Ал, ресми түрде Еуропа елдерінде 1911 жылдан аталып өте бастап, 1975 жылы БҰҰ тарапынан халықаралық маңызға ие болды. Содан бері әлем елдері бұл күнді мереке ретінде қабылдап келеді. Оған дейін Кеңес үкіметі 1966 жылдан ресми мерекеге айналдырды. Оның қатарында Қазақстан да бар. Әрине, құп. Десек те, бұл күнның атауы қазіргі таңда – Аналар күні аталуы тиіс, біздіңше. Ана – қазақ үшін қашан да қастерлі ұғым. Өмірдің бастауы. Ұлттың ұйытқысы. Өмірдің өзегі..

Білеміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қыркүйек айының екінші жексенбісі – Аналар күні ретінде айшықталды. Бірақ, сол жексенбіні есіне алып, аналарға құрмет көрсетіп жатқан адам кемде-кем. Ал, 8 наурыз – сұранып тұр. Посткеңестік елдердің қайсыбірі «Аналар» мерекесіне айналдырып жіберген. Неге? Яғни, олар да эволюциялық үрдіс соны талап екенін ұғынып отыр.

Мәселен, бүгінгі таңда кейбір елдерде бұл мереке өзгерді. Армения 7 сәуірге ауыстырып, Аналар күні ретінде атайды екен. Тәжікстан 8 наурызды «Аналар күні» деп әспеттейді. Ал, тіпті, Эстония мен Литва елдері оны ескінің сарқыншағы деп, мереке қатарынан сызып тастапты. Еуропаның көптеген елдері де бұл күннен гөрі Аналар күніне басымдық береді екен.

Олай болса, тарихының өзі бір түрлілеу, күмән мен күдігі қалың күнді неге Аналар күніне айналдырмасқа? Күнтізбеден алып тастауды емес, тек атауын өзгерту қажеттігін айтамыз. 8 – наурыз мерекесінің эволюциясының өзі соған жетелеп тұр емес пе?

Қызғалдақ АЙТЖАН