Сәкен гимназиясындағы салмақты істер

С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясында қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шараға қала әкімі Ораз Тәуірбеков, Сәкен ақынның немере інісі, белгілі меценат Сәкен Сейфуллин, тарих ғылымдарының докторы, сәкентанушы Марат Әбсеметов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Ақылбек Данабекұлы, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының өкілі Шынар Қапанқызы, «Үркер» қауымдастығының мүшелері және мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Мерейлі күні жас шәкірттер Сәкен ақынды жырға қосып, көрнекті тұлғаның рухына тағзым жасалды. Мектеп-гимназияның алдындағы С.Сейфуллиннің ескерткіш-мүсіні білім ордасының түлектері құрған «Үркер» қауымдастығы үйлестіру кеңесінің төрағасы Еркен Беркеновтің басшылығымен жаңғыртылды. Қоғам қайраткерінің мүсінін ашу құрметіне ие болған қонақтар ескерткіш төңірегіне гүл шоқтарын қойды.

Мұнан соң мектеп фойесінде «Ғибрат» қауымдастығы оқушылары «Жалынды күрескер ақынның мұрасын қастерлейік!» тақырыбы аясында Сәкен туралы өлеңдерді мәнерлеп оқып, «Сәкен сұңқар» әнін нақышына келтіре орындады. Сәкен жайлы түсірілген деректі фильм мен бейнебаян көрсетілді.

Шара С.Сейфуллин кабинетінің тұсаукесерімен жалғасты. Мектеп-гимназияда мерейтойға орай «Сәкентану курсына» арнайы бағдарламалар дайындалған. Курсқа қатысушылар түрлі ақпараттар мен мәліметтер жинау мақсатында «Сәкен ізімен» атты экспедиция ұйымдастырған. Ақынның туған өлкесі Қарашілік пен Ортауға арнайы сапарлап, Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен мұражайынан оның өмірінен сыр шертетін жәдігерлердің көшірмелерін жеткізіп, арнайы кабинетке қойылды. Мектеп оқушылары сапар барысында алған әсерлерін әңгімелеп, өз ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ, оқушыларға әртүрлі бағыттағы техникалық мамандықтарды танымал етуге бағытталған кәсіптік бағдар беруге, болашақта өмір жолын таңдауға қолдау көрсету мақсатында Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Ақылбек Данабекұлымен, мектептегі дарынды оқушылардың өнерін шыңдап, театрландырылған қойылымдар қоюға, көркемсөз шеберлерін кәсіби деңгейде дайындауға, келешекте өнер саласы мамандарын даярлауға бағыт беру мақсатында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облысы қазақ драма театрының өкілі Шынар Қапанқызымен меморандум жасалып, екі жақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Сәкен Сейфуллиннің өміріне арналған «Емен – ұзақ жасайтын ағаш» атты сахналық қойылым да көптің көңілінен шықты. Сәкен мен Гүлбаһрам арасындағы мөлдір сезім, құты қашқан қоғамдағы үрей, Сәкеннің тұтқындалуы, Гүлбаһрамның жәбір көруі әсерлі берілген 3 актілі спектакль көрерменді баурап алды. Сондай-ақ, шара барысында мектептің үздік оқушылары «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданды.

Шара барысында қала әкімі Ораз Тәуірбеков жиналған қауымға құттықтау лебізін арнады.

  • Жыл басынан бері қаламызда ұлы тұлғаның мерейтойына арналған бірнеше мәдени-танымдық іс-шаралар өткізілді. Біздің бүгінгі шарамызға арнайы келіп отырған құрметті қонақтарымызға шынайы алғысымды білдіремін.

Сәкен Сейфуллиннің ұлт бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен еңбегі ұшан-теңіз. Өз шығармаларымен қазақ әдебиетін байытып, еліміздің мәңгі өлмес рухына айналды. Жырларымен қазақ жастарын білімді, зиялы, отаншыл, патриот болуға бағыттады. Мемлекет және қоғам қайраткері тұрғысында да еңбегі ерекше. Сәкен 28 жасында үлкен саясатқа араласып, өзінің білімі, ақыл-парасаты, отаншылдығымен еліміздегі көптеген мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Сәкен Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетін басқарып отырған кезде ұлт, жастар, оқу-ағарту, еңбекке үндеу, өнеркәсіп, әуе кемесі сияқты тақырыптарда ауқымы кең мақалалар жариялап отырды. Мысалы, «Әр қазақтың жадында оқу болсын» деген мақаласында «Қазақ халқына ең әуелі оқу керек» – деп, қырғыз-қайсақ аталып жүрген ұлтымызға қазақ атауын алып беріп, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алуына жол ашты. Нағыз ұлттық кодымыз – қазақ деген атымызды қайтаруға Сәкен Сейфуллиннің қосқан үлесінің баға жетпес құндылығын баршамыз жадымызда сақтауымыз керек.

Тарих сахнасына келген күннен бастап-ақ, небір тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерсе де, еш мойымаған, жасымаған ақынның салған әр соқпағы – үлгі-өнеге. Сәкен Сейфуллин – біздің ұлттық мақтанышымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тіккен қазақ еліне Сәкеннің үздік үлгісі, өрелі өнегесі өте керек» деген болатын. С.Сейфуллиннің 100 жылдығында осы оқу ошағына ұлы тұлғаның есімі беріліп, мүсіні орнатылды. Мектеп түлектерінен құрылған «Үркер» қауымдастығы биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оған реставрация жасап, жаңғыртты, – деп мектеп түлектеріне алғыс білдірді.

Қала әкімі мектеп театры ұсынған қойылымды да ерекше атап өтіп, келешекте облыстық С.Сейфуллин атындағы драма театрымен бірлесіп, жұмысты жетілдіре түсетінін сонымен қатар, мектепте ұлы тұлғаның мұражайын ашуда ауқымды жұмыстардың атқарылатынын тілге тиек етті. Бұдан басқа, С.Сейфуллин кабинетінің ашылуына орай сертификатты және Жаңаарқа ауданында өткен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған облыстық шараның тәбәрігі – Амантай Кәкеннің кітабын мектеп-гимназия директоры Гүлзада Манатаеваға салтанатты жағдайда табыстады. Ал, «Үркер» қауымдастығына қала әкімінің Алғыс хатын табыс етсе, келген қонақтарға қала тарихынан сыр шертетін кітаптар ұсынды.

Ақынның немере інісі Сәкен Сейфуллин мен тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов біртуар тұлға туралы естеліктермен бөлісіп, қайраткердің қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы ой өрбітті.

  • Әлемнің 25 еліне сапарладым. Тарихи құжаттарды зерттеу мақсатында. Сонда байқағаным, Сәкен жайлы тың ақпараттар әлі де толық ашылмай келеді, – деді М.Әбсеметов.

***

Мұның алдында «Үркер» түлектер қауымдастығының бастамасымен С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназияның алаңына 125 түп тал отырғызылды. Игілікті іске «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Экосфера» ЖШС және білім ошағы оқушыларының атааналары қолдау көрсетті.

Қуаныш АМАНҚҰЛ