Бас тақырыпРуханият

Ұлытауда «Jezkiik» этникалық музыка фестивалі өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арқа аймағындағы жұмыс сапарының екінші күні ұлт ұясы — Ұлытау ауданында жалғасты. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында облыс әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі мен “Кazakh tourism” ұлттық компаниясы ұйымдастырған ауқымды іс-шараға қатысты. “Ұлытау-2019” Халықаралық туристік форумында сөз сөйлеп, “Жезкиік” ІІ Халықаралық музыка фестивалін тамашалады.

“Бұл — бүкіл Қазақ елі қадір тұтатын қастерлі өлке”

Қазақстанда ішкі және сыртқы туризмді дамытуды көздеген халықаралық форумға қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, “Kazakh tourism” ұлттық компаниясының, ЮНЕСКО бюросының сарапшылары, туризм қауымдастығы өкілдері, Қазақстан, Германия, Моңғолия, Түркия және Қырғызстан туроператорлары, этнографтар қатысқан алқалы жиында өз сөзін осылай бастаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев этнографиялық, тәу етушілік және экологиялық туризмді дамыту үшін Ұлытаудың әлеуеті зор екенін қадап айтты.

Әсіресе, этнотуризмді дамытуға, шетелдік және отандық туристерді қызықтыратын нысан қалыптастыруға қатысты ойын ортаға салды. Елдегі туристік саланың әлеуеті мен оны жетілдіруде алда тұрған міндеттерге тоқталған мемлекет басшысы кәсіби мамандар даярлаудың, аймақта қажетті көлік-логистика инфрақұрылымын жасаудың, креативтік және инновациялық шешім шеңберінде ақпараттық қамтамасыз етудің маңызына назар аударды. Ұлытаудың киелі жерлері туристерді тартатын нысанға айналатынына сенім білдірді.

Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу — баршамызға ортақ парыз. Бүгінде атқарылған жұмыс аз емес. “Ұлытау” ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығы ел игілігіне айналды. Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді елдің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолын ойластыру керек. Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр.

Ал, ұлы ханның үлкен ұлы — Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде елдегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-баба аманатына адал болу — бізге сын. Сондықтан, біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру — өте маңызды міндет.

Ұлытау — халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыс Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет. Ашығын айту керек, қазіргі отандық туризм индустриясы — кенже қалып келе жатқан сала. Жыл сайын қыруар қаражат салсақ та, бұл сала толыққанды дамымай отыр. Ал, Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орын жеткілікті…

Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-баба рухын туризмнің озық үлгісі арқылы дәріптеу керек. Сондықтан, елдегі туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Бұл жұмысты Ұлытаудай қасиетті жерден бастау қажет, — деп, сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.

Форумда “Kazakh tourism” ұлттық компаниясы мен Моңғолия, Германия және швейцарлық “Инди гайд” компаниясы, “Ұлы дала скауты” қозғалысы арасында меморандумға қол қойылды. Туризм саласына серпін беретін бұл құжат Моңғолия мен Қазақстан арқылы өтпелі турлар ұйымдастыруға, сөйтіп, Қазақстанға шетелдік туристерді тартуға жол ашады деген үміт бар.

Мәнерлі музыка мерекесі

Форумнан кейін этноауылды аралап, жұртшылықпен жүздескен Мемлекет басшысы “Jezkıіk»” ІІ Халықаралық музыка фестивалінің ашылу салтанатына қатысты. Ат құлағында ойнаған “NOMAD STUNTS” каскадерлер тобының қойылымын, Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің, “Аққу” фольклорлық-хореографиялық ансамбльінің, қазақстандық “Тоқырауын толқындары” және “Hassak”, италияндық “MORESCA NOVA”, испандық “CARMEN GUERRERO FLAMENCO”, сербиялық “Serbian Abrasevic band”, венгриялық “Dunaj banda” фольклорлық ансамбльдері мен этнотоптарының өнерін тамашалады.

Бұл күні Ұлытаудың етегіндегі табиғаты тамылжыған “Болатсайдың” бойын ымырт үйірілгенше ән мен күй кернеп тұрды. Жан-жақтан жиналған өнерсүйер қауым Қ.Байжанов атындағы облыстық концерттік бірлестік солистерінің, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Қосанова мен Жәмилә Баспақованың, “Қазақконцерт” солистері Асқар Мұхият пен Аманкелді Күзебайдың — әнін, алматылық Айгүл Үлкенбаева мен Жарас сатыбалдиевтің, нұр-сұлтандық Секен Тұрысбеков пен Аманғали Жүзбайдың — күйін, республикалық байқаулар лауреаты Ерболат Шалдыбековтің — жырын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынованың термесін тыңдап, орындаушылар талантына дуылдата қол соқты.

Концерттің ұйымдастырылуы керемет. Бәрінен бұрын музыка мерекесінің табиғат аясындағы этноауылда өтуі өзіндік ұлттық ерекшелігін айқындап тұр. Италияда мен мұндайды ешқашан көрген емеспін. Қазақтың ұлттық тағамынан дәм татып көрдім, өте ерекше екен. Айтпақшы, үйрететін ұстаз табылып жатса, домбырада ойнау ойымда бар, — дейді италиялық музыкант Пьетро Маскиандаро. 

Бүгінде есімі алты Алашқа әйгілі айтыскерлер Аманжол Әлтаев пен Сара Тоқтамысова “Ұлы дала дүбірі” деген тақырыпта сөз сайыстырды. Ұлт ұясы — Ұлытау жарты сағат бойы жыр жауһарына сан қырынан арқау болып тартылды.

Этнофестивальде қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда былғары, киіз, ағаш және басқа шикізаттан жасалған алуан түрлі бұйым қойылды. Ұлттық тағам әзірлеу майталмандары шеберлік сағатын өткізді. Ынта білдірушілер ұлттық тағам әзірлеу әдісінен жан-жақты мәлімет алды. Небір ұлттық спорт түрінен сайыс өтті. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен бірнеше көрініс көпшіліктің назарына ұсынылды. Осының бәрі музыка мерекесінің мазмұнын байыта түсті.

Фестиваль Қазақстанның эстрада жұлдыздары мен танымал топтары қатысқан гала-концертпен аяқталды.

 Әлібек Әбдіраш

 

Басқа материалдар

Back to top button