Баламасы жоқ жоба – Майқұдықта

Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Оның алдын алу, күресу және жол бермеуге атсалысу – әрқайсымыздың міндетіміз. Осы және тұрғындарға жемқорлық жөнінде дұрыс ақпарат беру мақсатында Майқұдықтағы аймақтық акушерлік-гинекологиялық орталығында республикадағы алғашқы қоғамдық қабылдау іске қосылды.

Қоғамдық қабылдау облыстық «Сарыарқа – адалдық аланы» жобалық кеңсесінің бастамасымен Қарағанды облысы әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ашылды.

Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюмен қатар, азаматтар үшін қоғамдық орындарда өзіне тиесілі заңды қызметтерді орнымен пайдалануға қолайлы жағдай жасау, сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат беру де – негізгі міндеттер қатарында.

Аталған орталықтың директоры Татьяна Юзиктің айтуынша, бұл бастаманы қуана қабылдаған. «Өйткені, денсаулық сақтау саласы адам өміріне жауапты болғандықтан, кедергісіз, адал жұмыс атқаруды қалаймыз. Елімізде осындай қоғамдық қызметтің алғаш рет біздің мекемеде ашылуы – үлкен абырой, әрине. Сондай-ақ, бұл бізге бірегей міндеттер жүктейді» – деді ол.

Қабылдау тәулігіне 24 сағат жүргізіледі. Орталықта қызметкерлер мен ем қабылдаушыларға тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы дәрістер оқылады, парақорлықпен күресуге қатысты құжаттар рәсімделген.

Қоғамдық қабылдауды аптасына бір рет облыс әкімінің салаға басшылық жасайтын орынбасары мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің жетекші мамандары жүргізеді.

  • Сондай-ақ, құпия қабылдау жүргізу үшін кіреберісте арнайы жәшік қойылған. Егер тұрғындар, жұмыс барысында қандай да бір заң бұзушылықты байқап қалса немесе арыз-талабы болса, оны жазып арнайы жәшікке салады. Хаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне беріледі. Сонымен қатар, 1424 жедел желісі мен 8701 377 66 82, 8702 444 97 13 нөмірлеріне қоңырау соғуларына болады, – дейді облыстық «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Кусенбаева.

Сала мамандарының айтуынша, бұл пилоттық жобаның жұмысы жіті қадағаланып, тиімділігі сарапталады. Егер, оң нәтиже беріп, денсаулық сақтау саласындағы тұрмыстық жемқорлық деңгейінің төмендеуіне ықпал етсе, облыстың барлық емханалары мен стационарларында да ашу жоспарланған.

Жәлел ШАЛҚАР.