Осакаров

Шер-шемен күйі шертілді

ОСАКАРОВ АУДАНЫНДА ЗАР-ЗАПЫРАН ЗАМАННЫҢ ЖАНДЫ КҮЙЗЕЛТІП, КӨҢІЛДІ ҚҰЛАЗЫТАР ЕСТЕЛІГІН САНАДА ЖАҢҒЫРТҚАН ШАРАЛАР САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАР ЖОСПАРЫ АЯСЫНДА КЕҢІНЕН ҚАМТЫЛДЫ. ОСПАДАРЛЫҚ ПЕН ЖҮГЕНСІЗДІК БЕЛЕҢ АЛҒАН КЕЗЕҢДЕ ҚҰРБАН БОЛҒАНДАР МЕН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР РУХЫНА ТАҒЗЫМ РЕТІНДЕ «ШАҢЫРАҚ» САЯБАҒЫНДА ОРНАТЫЛҒАН МОНУМЕНТ ІРГЕСІНДЕ ЖАЛПЫ БҰҚАРАНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН МИТИНГ-РЕКВИЕМ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. ХАЛЫҚТЫҢ ЖҮРЕК ТҮКПІРІНДЕГІ ШЕР-ШЕМЕНДІ ҚОЗҒАҒАН ЖИЫНҒА АУДАН ӘКІМІ НҰРКЕН ҚОБЖАНОВ ҚАТЫСЫП, СӨЗ СӨЙЛЕДІ.

Есіл ерлерді еске алу мақсатында бір минут үнсіздікпен басталған жиында аудан басшысы, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық ардагерлер ұйымы мен өскелең буынның өкілдері, қуғын-сүргіннің құрбанына айналған жандардың ұрпақтары, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары монумент маңайын гүл шоқтарымен көмкерді.

  • Біздің аудан шежіресіндегі маңызды мәліметтер тұнған айрықша беттер – жалалы болып, жапа шеккен жергілікті тұрғындар мен осы өңірге еріксіз жер аударылып келген адамдардың қасірет-қайғысының айғағы. Олар тұрғылықты жұртшылықпен бірге тағдыр тауқыметін қоса арқалады, өмірдің қиын-қыстау кезеңдерін қатар жүріп өткерді. Бүгін біз митинг өткізіп тұрған саялы бақ пен монумент есімдері ешқашан ұмытылмас сол адамдардың құрметіне арналған. Өткен жылы селолық округтер қоғамдық қауымдастықтарының атынан осы жерге атаулары номерленген кенттер мен ауылдардың құрметіне граниттен арнайы тұғырлар орнатылды. Осының барлығы этносаралық келісім мен бірлікті, өзіміздің өткен жолымызға ізет көрсететінімізді білдіреді. Елбасының «Аға буын ұрпақтың тарихы мен олардың тәлкекке толы тағдырын жадымызда сақтау – адамгершілік парызымыз және осынау сұмдықтың қайталануына біздің ешқашан жол бермейтіндігіміздің кепілі» деген сөзі – ұлағатты ұстанымның өлшемі, бұлжымас бағдар, – деді Нұркен Сайфиддинұлы өзінің жалпы қауымға арнаған лебізінде.

Аудан әкімінен кейін сөз алған Есіл селолық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Лидия Шкиндерова, Озерный селолық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Лидия Ильина, Трудовой селолық округі ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Антонина Стельмашук және Батпақ ауылының тұрғыны, зұлмат құрбанының ұрпағы Халимат Джамбулатова азапты өмірдің тозағынан өткендер мен сол жылдары қисынсыз қиянат құрсауына түсіп, бақиға «көшіп» кеткендердің, олардың отбасы мүшелерінің бастарынан кешкен ауыр жағдайы туралы тебірене әңгімеледі.

Құрбандарды еске алу шарасы аясында Осакаровка кентінің Байғозы қажы атындағы орталық мешітінің бас имамы Жоламан Яхиев аруақтар рухына дұға бағыштап, кенттегі православ шіркеуінің иерейі Максим Сенькин діни рәсімді өткерді.

Митинг-реквиемде сөздің шынайы мағынасында шер-шемен күйі шертілді.

***

Сол күні аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейінде атаулы күн тақырыбына орайлас мазмұндағы дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Өткеннің өкінішті һәм адамзат баласы үшін жағымсыз жайттарын зерделеп, қысастық әрекеттерді айыптаған алқалы жиында аудан әкімінің орынбасары Алма Шалабаева бастаған мемлекеттік ұйымдардың басшылары мен қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, балалық шақтары зобалаң кезеңге дөп келген аға буын өкілдері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары және жалпы кент тұрғындары бас қосты.

Өзінің кіріспе сөзінде Алма Қабыкенқызы халықтың жадынан ешқашан өшпейтін орны толмас қайғының сол кездегі әр әулеттің басына түскенін атап өте келіп, қай буынның өкілдері болса да, құрбандар рухына тағзым етуді қасиетті борышы санайтынына назар аударды. Өткен шақ пен бүгінгі күннің ара-жігін салмақтап, қай қоғамның болса да, тарих тағылымынан сабақ алуы тиістілігін тілге тиек етті.

Еңбек ардагерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары – Николай Женжрука мен Александр Торговкин соқтықпалы, соқпақты ғұмыр кешкен тағдыры талайлы жандардың өмір жолы хақында орнықты ой толғады. Олардың нақты деректерге негізделген әңгімелері дөңгелек үстел отырысына қатысушылардың жанарына жас үйірді.

Жиын барысында жұртшылық назарына зобалаң зардаптары және осы өңірде туған мемлекет қайраткері, қиянат құрбаны Әбдірахман Асылбековтің асыл істері мен оған жабылған жала жайлы жан-жақты баяндайтын деректі фильмдер ұсынылды.

Қалың елді терең ойға жетелеген отырысты музей директоры Әлібек Саққұлақов өте тартымды жүргізді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button