Барлау жұмысы нақты нәтиже береді

Ел экономикасын өркендетудің басты тетігі – өнеркәсіп кешенін дамыту. Өндіріс орындарының көптеп ашылуы халықтың әлеуметтік әлеуетінің негізгі кепілі болмақ. Қарқаралы ауданының аумағында орналасқан бірнеше ірі кәсіпорын аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына септігін тигізуде. Алдымен, жұмыссыздық азайды. Халықтың табысы артып, әлеуметтік тұрмысы түзелді. Жерасты шикізатының алуан түрі шоғырланған ауданда, тағы бір кен орнының көзі табылды. Нақтырақ айтқанда, Озерное учаскесінде бүгінгі күнде мыс қорына барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«OreVision IP» технологиясы негізінде жерүсті электрлік барлау жұмыстары және дронды қолдану, аэромагниттік түсірілімдер жасау және алдыңғы қатарлы геофизикалық технологиялар арқылы жүзеге асуда. Заманауи технологияларды қолданып, Озерное кен орнында жұмыстарын жүзеге асырушы – «Kazakhmys Barlau» ЖШС. Геофизикалық технологиялармен іске асып жатқан жұмыстардың барысымен таныстыру үшін арнайы тұсаукесер көрсетілімі өтті. Шараға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі – Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Берік Тоқмурзин, Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті «Орталыққаздерқойнауы» өңіраралық департаментінің басшысы Нұрлан Маукулов, «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов, «Abitibi Geophysics Inc» компаниясының өңірлік геофизигі Пам Колес қатысты.

Шикізат қорын анықтаудағы аэрогеофизикалық технологиялардың мүмкіндігі көрсетілген шарада озық үлгідегі Mobile Geophysical Technologies компаниясының дрондары, аппаратуралары мен технологиялары таныстырылды. Қазақстанда алғаш рет сынақ ретінде пайдаланылып отырған технологиялар еңбек өнімділігін он есе арттырып, кен орнының құрылымы мен магниттік өлшеудің дәлдігін нақты анықтайды. Сондай-ақ, Озерное учаскесіндегі мыс барлау жұмысын жүзеге асырып жатқан «OreVision IP» технологиясы тек пайдалы қазбаларды зерттеп қана қоймай, жерасты суларын іздестіруде де зор мүмкіндік береді. Аталмыш канадалық технология 500-600 метр тереңдіктегі шикізатты анықтай алады екен.

Қарағайлы кенішінен 13 шақырым қашықтықта орналасқан Озерное учаскесінде мыс қорын барлау жұмыстары 1972-1980 жылдармен 2009-2011 жылдары жүргізілген. Осы аралықтағы жүргізілген зерттеу нәтижелері қорытындыланып, мыс қорының едәуір көлемі анықталады. Бүгінде осы мәліметтердің нәтижесінде барлау жұмысын жаңа технологиялардың көмегімен одан әрі зерттеуді бастаған «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты түсіндіріп берді.

  • Жалпы, жаз мезгілі – геологиялық зерттеу жұмыстарына өте қолайлы. Сондықтан, біз «Қазақмыс» холдингінің тапсырмасымен моноқалалардың жан-жағындағы минералды шикізатты ұлғайту бойынша арнайы жобалар жасадық. Сол бағдарламалар бойынша көптеген жобаларды қолға алып, жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Солардың бірі – Қарқаралы ауданы аумағында орналасқан перспективасы зор Озерное учаскесі. Бұл жерлерде геофизикалық-магниттік және аэрофизикалық жұмыстар жүргізілуде. 400 мың тоннадан астам мыс қоры шоғарланған деп жоспарлануда. Ал, біз қолданып отырған жаңа технология сол мыс қорын 1 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға жұмыс жасайды. Қолданылып отырған технология уақыт үнемдеуге таптырмас мүмкіндік. Жалпы, барлау, зерттеу, бұрғылау жұмыстарын жүргізу үшін «Қазақмыс» холдингпен төрт жылға келісім жасалынған. Бірақ, заманауи технологияның көмегімен бір жарым айдың ішінде шикізаттың нақты көлемін анықтауға қол жеткіземіз. Барлау бригадасында өте білімді, білікті отандық мамандар жұмыс жасауда. Мамандарымыз Канадада тәжірибе алмасып, оқып келген, – дейді Ғалым Нұржанов.

Учаскеде мыс шикізатына барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан «Kazakhmys Barlau» ЖШС-нің жұмыс көлемі – ауқымды. Зерттеудің бірнеше сатысынан тұратын барлау жұмыстарын дәлдікпен, жылдамдықпен, нақтылықпен жүргізуді қолға алған серіктестік облыс бойынша осындай бірнеше жобаны іске асырып отыр. Аудандағы аталмыш учаскеден мыстың мол қоры анықталған болса, тағы бір іргелі өнеркәсіп орны іске қосылмақ, – дейді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

Өнеркәсіп орындарын көптеп ашу, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту, сол арқылы аудан халқының әлеуметтік әлеуетінің арттыру – ұлттық экономиканың өсуіне оң ықпалын тигізеді.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.