Талғат Хасенов, Ауған соғысының ардагері: «Жерлесіміздің сүйегін қайтарсақ дейміз…» 

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына – 30 жыл. Бұл ретте, біз облыстағы «Ардагер» Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағының төрағасы Талғат ХАСЕНОВТІ әңгімеге тартқан едік. Жалпы, от-жалынның ортасынан оралған оғыландар әркімге ағынан жарыла бермейді ғой. Десе де, етігімен қан кешкен есіл ердің сыр-сұхбаты қағазға осылай таңбаланды.

Талғат Болатұлы, бас-аяғы он жылға созылған соғысты көзбен көрдіңіз ғой?

Көрмегенде ше? 1985-1987 жылдары Жалал-Абадтағы №66-шы бригадада артиллериялық дивизонның көпмақсатты жеңіл брондалған ауыр жүк көлігінде дивизион командирі Маринов, батарея командирі Рябиченко сынды басшылардың жүргізуші-механигі болдым. Дивизиядағы аса ірі қару-жарақ сапында «Д-130» гаубицалары, 40 ұңғылы «Град» катюшалары бар еді.

Жаудың иманын үйірер мұндай қарумен жауынгерлік әрекеттерге де жиі қатысқан боларсыз?

Жауынгерлік әрекеттер деп Шешенстандағы соғыс іс-қимылдарын айтар едім. Ал, бізде операция деп айдарланды. Екеуі – екі түрлі мағына. Өз басым ең ірі деген 25 операцияға қатыстым. Ұсақ-түйек операциялар тағы бар. Мұндай жорықтар 15-20 күнге дейін созылушы еді. Мәселен, арнайы жасақ немесе барлау взводы мәліметтері негізінде операцияға шығып, бір қышлак маңындағы таулар мен төбелерге зеңбірек оғын жаудырамыз. Қай арнайы жасақ болсын, артиллерия қолдауынсыз жорыққа шыға алмайды. Ал, Ауғанстан негізінен таулы аймақ болғасын, зеңбірек пен катюшалар көмегі ауадай қажет еді. Ондай операциялар түнде де жалғасып жататын.

Осынау жарияланбаған соғысқа өңірімізден бас-аяғы 2000 сарбаз аттанып, оның 86- сы шейіт кеткені де шындық қой?

2000 сарбаз аттанғаны рас. Ал, шейіт кеткен 86-ның 82-сі мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер болса, әскери қызметтен тыс 4 азаматтық тұлға да бар болатын. Оған жезқазғандық он адамды тағы қосыңыз. Сонда әлгі сексен алтыңыз дұрыс санақ еместігін аңғарасыз. Ауғанстан соғысына қатысқан осы өңір азаматтары турасындағы «Боздақтар» кітабында да шейіт болған тек 86 жауынгердің аты аталады. Олардың есімі Қарағандыдағы Жеңіс саябағы мемориалында қашаулы. Жыл сайын 15 ақпанда аталған мемориал алдында жиналып, тағзым етеміз. Биыл да осы саябақта митинг өтіп, дала асханасы жайылады, әскери шатырлар құрылады.

Шейіт кеткендер есімі тасқа қашалды десек, Үкімет тарапынан көзі тірі ардагерлерге бұдан зор көңіл бөлінетін болар?

Өкінішке қарай, олай болмай тұр. ҚР 1995 жылғы 28 сәуірдегі №2247 «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» Заңы бар. «Теңестірілген» деген тұсы осы Ауған соғысы ардагерлері мен Чернобыль АЭС апаты салдарын жоюшыларға қатысты. Осы Заңның 6-бабында «басқа мемлекеттердiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар» деп көрсетілген. Әрине, бұл заңда басымдық – Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне берілді. Оған – дау жоқ. Ұлы Отан соғысы – ол Ұлы Отан соғысы! Алайда, жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдігіміз соларға теңестірілген еді. Өкінішке орай, 1991 жылғы 1 сәуірде аталған заңның кей тұстары күшін жойды.

Мүлде назардан тысқары қалдыңыздар ма?

Олай деуге де ауыз бармайды. Осы күні Ауған соғысы ардагерлеріне небары 15600 теңге, мүгедек-ардагерлерге 50-60 мың теңге көлемінде жәрдемақы белгіленген. Автокөлік салығы, табыс салығы тұрғысында да жеңілдіктер жоқ емес. Қала ішіндегі жолақы – тегін. Алайда, от кешіп, оқ тескен азаматтар үшін бұл мардымсыз көмек дер едім. Пәтер алу кезегінде де қандай да бір жеңілдік жоқ. ҚР байырғы заңы бойынша өмірден озған ардагерді жерлеуге 88-90 мың теңге көлемінде жәрдемақы белгіленген еді. Қазір ол да жоқ. Әр ардагер өмірден озған сайын жәрдембата жинаймыз.

«Жыламаған балаға емшек бермейді». Мәселе жабулы қазан жабулы күйінде қала бере ме?

Осы тұрғыда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың қолға алуы негізінде Ауған соғысы ардагерлерінің әлеуметтiк мәселелерін шешуге қатысты жұмыс тобы құрылды. Онда негізінен шейіт кеткен сарбаздардың аналарына жәрдем жасау, ардагерлерге пәтер алу жолын жеңілдету, жәрдемақыны 30-35 мың теңгеге дейін жоғарылату, бала-ларымыз жоғары оқу орындарында ақылы білім алған жағдайда 50% жеңілдік жасау, мемлекет ішіндегі қалааралық қатынас көліктерінде тегін жүру сынды мәселелер қарастырылуда. Одан мемлекет бюджеті ортайып қалмасы анық. Осы күні жұмыс тобының төрт отырысы өтті. Бастысы, Мәжіліс депутаттары қолдау көрсетуде. Ендігі ретте, сараптау комиссиясы зерделеп, сенаторлар келісім бергеннен кейін Мемлекет басшысының бекітуін ғана күтетін боламыз.

Осындайда олқылық орын алған кезде қан майдандағы азапты күндеріңіз еске түсетін болар?

Күндеріммен қоса түндерім де ойға оралады. Ауғанстан аумағына аяқ басқан алғашқы 4 ай өтер-өтпесте ажалмен алғаш рет бетпе-бет келгендей болдым. Түн ішінде ұзын-сонар автоколонна жолға шықты. Бір мезетте, гранатомет гүрс ете қалмасы бар ма? Көзді ашыпжұмғанша граната алдымызда келе жатқан «ЗиЛ-131» автокөлігінің кабинасына тиіп, күлін көкке ұшырды. Марқұм жүргізушісі жетімдер үйінде өскен жігіт еді. Отқа оранған көлік күні бүгінге дейін көз алдымда тұрады да қояды.

Ол соғыс оралмасын деп тілейік. Десе де, от кешкен өңірді қайта бір көруге келісер ме едіңіз?

Ауған топырағын қайта басуға әлі де ниеттімін. Биыл Кабул қаласына дейін баруды жоспарлап отырмыз. Одан әрі өткізбейді. Мақсат – қыдырып, сейілдеу емес, шариғат сотымен құрбан болған теміртаулық Виктор Грызуновтың сүйегін алып қайту. Хабар-ошарсыз кеткеніне биыл – 27 жыл. Жерлесіміздің сүйегін қайтарсақ дейміз. Бұл жоба ресейлік іздестіру тобымен бірлесе отырып жүзеге асырылмақ. Парыздың ең үлкені де сол болмақ!

Әңгімеңізге рақмет!

Cұхбаттасқан Рауан ҚАБИДОЛДИН