Жаңалықтар

Жыраудың ғұмыр белестері

(Соңы. Басы өткен санда).

1757 жылдың күзінде қазақтың бірінші лауазымды елшілігі Пекинге аттанды. Боғ­дыханға арналған сый-сыяпаттың ішінде тоғыз-тоғыздан ақ түстен тазы, жылқы, түйе, тағы басқалары бар. Елшілік Пекинге Баркөл тұсынан өтті. Елшіліктің құрамында Абылай мен Әбілпейіздің сенімді он шақты сұлтан-биі бар еді. Қазақ елшілігінің негізгі талабы қайткен күнде де Тарбағатай мен Алтайдан айырылып қалмау.

1760 жылы Бұқар жырау Абылай ханның Қоқанға қарсы аттанған жорығына қатысты.  Абылай мен Әбілмәмбет жинаған жасақ Шудан асқанша, олардың елшісі Қоқан төңірегіне барып та қалды. Осы жолы Бұқар жыраудың:

Алатаудан асыңыз,

Ашуыңызды басыңыз.

Ашуыңызды бассаңыз,

Сексен түйеге тең артып,

Айыбын аттай арқалап,

Алдыңызға келмей ме,

Ердене деген құлыңыз,

Ала шапан киінген –  деген толғауы қанды қырғынды тоқтатып, екі елді бейбіт жолға бастап жіберді. Ақыры бітім болып, шат-шадыман той-мерекемен аяқтаған.

1762 жылдың көктемінде Қаракесек жай­лауында, Қаздауысты Қазыбек ауылында,  Дал­баның күнбатыс беткейінде өткен жиынға қатысты. Қаздауысты Қазыбек пен Бұқар жы­раудың соңғы рет жүздесуі еді. Қазыбектің бұл басқосуды ұйымдастыруына Әбілмәмбеттің хаты себепші болған. Әбілмәмбет қазақтың ескі ұлы хандарының тәртібімен Түркістанда отыратын. Бірақ, Сәмеке баласы Есім хан осы аймаққа ауыз сала бастапты.  Бұқар жырау болса, бұл мәжіліске толғана келді:

Биік тауға жарасар,

Ығынан тиген панасы.

Терең сайға жарасар,

Тобылғылы саласы.

Ер жігітке жарасар,

Қолына алған найзасы.

Би жігітке жарасар,

Еліне тиген пайдасы.

Ақсақалға жарасар,

Тілеуқорлық айласы.

Бәйбішеге жарасар,

Еміздіктеген сабасы.

Келіншекке жарасар,

Емшектегі баласы.

Қыз он беске келгенде,

Шашынан көп жаласы.

Бұл жалғанда бір жаман –

Ағайынның аласы.

Осы толғау әңгімеге кіріспе болды. Қазақ билерінің ескі жолымен Қаздауысты Қазыбек екі қошқардың арасын арандатпай, қайта қосып, жақындастырып берді. Дәстүрлі қазақ билігі қашанда адамдардың арасын ашпай, қайта қосады, біріне-бірін жеңгізіп бермей, керісінше, туыстастырып жібереді. Қазыбек сол дәстүрмен Әбілмәмбет пен Есімге Түркістан уалайатын қылдай қылып тең бөліп берді.

1765 жылдың күз айларында Абылай хан­ның әскері Алатауға аттанды. Есілден бас­талып Көкшетауға соғып, Атасу өзенін бойлай Бетпаққа өтетін, одан Мойынқұм ар­қылы Таластың ағысымен жоғары жүріп ескі Әулие ата – Таразға соғып Жетісуға шығатын, Алатауға баратын жолды Бұқар жыраудың дуалы аузымен халық “Хан жолы” деп атап кетті.

1765 жылдың соңында Қоқанмен соғыста жарадар болған Абылайдың жанында болды. Қаратау бойында сұлтан шатырын тігіп жіберіп, Бұқар өзі білетін ем-домын істеп жатыр. Ол кезде жауынгерлердің бәрі де мұндай жағдайға дайын жүреді, қолдарында барын беріп, ем түрлерін айтып, кеңесіп жүр. Абылай жарақатының ауырлығынан қауіптеніп, Бұқар күбірлеп толғап отыр:

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,

Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,

Үш жүзден үш кісіні құрбандық қылсам,

Сонда да қалар ма екен жаның-ай?!

1768 жылы Абылайдың жазғы ордасында Қылшақты өзені бойында өткен кеңеске қатысты. Үш жүздің игі жақсысынан бұл мәжіліске 70 адам қатысты. Әңгіменің тақырыбы – Қытай мен Қазақ хандығының арасын реттеу. 1757 жылдан бері екі мемлекеттің арасында ондаған елшілік жүрді, барлығы сол шекара-жер мәселесіне бағытталып, бір-бірінің аңдысын аңдағандай. 1762-1765 жылдары Іле, Хоргос, Лепсі, Алакөл, Тарбағатай, Ертіс маңында қазақ-қытай шиеленістері өршіп кетті. Сонымен бірге, кейде қытай, кейде қазақ әскери одақтастық мәселесін көтеріп қояды. Қытай қазақты орысқа қарсы пайдаланғысы келсе, қазақ осы одақты орысқа сес қылмақ, оңтүстік жақ Ауған елі, Парсы да Қазақ пен Қытайдың арасын анық білуге құштар-ақ.

1769 жылы Абылайдың үлкен ұлы Уәли бастаған елшілік  Бейжіңге аттанды. Уә­ли­дің  жол­дастарының   ішінде  Бұқар ба­ла­сы  Жарыл­ғап та бар еді. Жастарға ақыл­шы болсын, өмірден көрген-түйгені көп еді де­сіп Жалайырдың белгілі биі Қара биді қос­ты жандарына. Со­ныменен 1769 жылдың жазғытұры Уәли бас­таған, Жа­рылғап пен Қара би қостаған үлкен қазақ елшілігі шекаралық мәселелерді реттеуге Бейжіңге суыт жүріп отырып, мамыр айының ортасында жетті. Абылайдың өз кіндігінен тараған бел баласының Бейжіңге келуі Цяньлунды жұмсартты. Көшпелі, өркөкірек елдің ханы бірінші рет өз баласын жіберіпті, оның жанында қазақтың ұлы абызының баласы жүр, келіссөздер өте жемісті болды.

1770 жылы Абылайдың Қырғыз Ала­тауына жасаған жорығына Бұқар жырау қа­тысқан жоқ. Кәрі жырау өз елінде болды, ел тірлігіне қатысты, араласты. Бұл уақыт қазақтың Са­ры­арқаны қысқа лайықтап, жерді ру-ру болып меншіктей бастағаны еді.

1771 жылдың наурызында  Бұқар Төрт­уыл басшыларымен бірге Абылай ор­да­сына Бурабайға жолға шықты. Әңгіме Еділ қалмағының Жоңғария жеріне көшуіне бай­ланысты еді. Ресейден Еділ қалмағын қайтару­ға көмек туралы өтініш келген. Нұралымен, сұл­тан Айшуақпен, Қайыппен Ор, Сағыз өзен­дерінде, Мұғалжар тауында соғысып көп адамынан, малынан ажыраған торғауыттардың халі нашар еді. Жазғытұры уақыт адам үшін де, мал үшін де сондай жағдайсыз. Абылай қалмақты үлкен әскер болып жабыла шабуды жөн көрмеді. Бұқар жырау осы шешімді қолдады. Қария жырау ханнан оңашада көп сыр тартқан, екеуінің келіскені – қантөгісті болдырмау. Қалмақ қазір күшігін жоғалтқан қасқырдай ызалы келеді, қансырап соңғы әлін жинап келеді.

Бұқардың “Шаңды жорық” барысында Абы­лай ордасы тігілген Шұбарағаш деген жер­де торғауыт елшілері келгенде айтқаны:

Айта да айта кетсін жұртына,

Мұздар да мұздар қатсын мұртыңа.

Еш келмеді қыртыңа,

Кең Абылай – кең аям,

Шұбарағаш құба жон

Мекен еткен шөлде аям.

Телі менен тентегің

Иіліп алдыңа келді, аям.

1771 жылы жаз соңында Бұқар жырау Түркістанда Абылайдың үш жүзге хан сайлану рәсіміне қатысты.  Абылайды төбесіне тәңірідей тұтып, бар қасиетін жұртқа марапаттап, мақ­тауын жеткізіп жүрген Бұқар осы тойда ең бір ғажап толғауларының бірін шығарды. Қазақтың басы төрге жеткен күн, аузы аққа тиген күн, үш Алаштың баласы Абылайды төбесіне көтеріп хан сайлаған күн. Жырау қалай толғамасын мұндайда, сөздің шұрайы, тұнығы осындайда ақтарылмас па?

Күпшек санды күреңді,

Тәбияға жаратқан.

Қырық сан қара қалмақты,

Жарлығына қаратқан.

Айбалтасын алтынменен булатқан,

Алапасын арттырып,

Арпалап атты қунатқан.

Лабашы деген бір ерді,

Антыменен улатқан.

Еренші менен Серенді,

Тозғындатып шулатқан,

Үшбу елдің бектерін,

Мәслихатқа келтіріп,

Еңсесі биік боз орда,

Салтанатқа орнатқан.

 

Ғаділдігін Наушаруандай,

Ғаділдерге жеткерген.

Жомартлығын Хатымтайдай

Жомарттардан өткерген,

Күнде мехман күзетіп,

Кесекілеп ет берген,

Имандының ісіне қарап бет берген,

Бір Құдайдың дидарын,

Сен көрмесең кім көрер?!

Табандасқан дұшпанға,

Күнінде қылыш шауып өткерген!

1772 жылы қазақтың хас батыры, атақты қолбасшы Қаракерей Қабанбай хал үстінде дегенді естіп, Бұқар Арқада Сарыбелде отырған батырдың ауылына барды. Қабекең қыстан бері ауру екен, қуықтан суық тиіпті. Төсек тартып жатқан қазақтың “дарабоз” батырын көргенде Бұқар жылап құшақтай алды.

Айналайын Қабанбай,

Кіретін жауға тайсалмай,

Жау келгенде жарағым.

Асқынып елге дау келсе,

Түрулі еді құлағың.

Баса-көктеп жау келсе,

Басындырмас шырағым.

Мың жылқыны суарған,

Төскейдегі бұлағым.

Бүгін түсте естідім,

Қабанбай ауру дегенді,

Құлазып, көңілім қобалжып,

Жетімсіреп жыладым.

Арғыннан айттым жүз кісі,

Найманнан айттым жүз кісі,

Үйсіннен айттым жүз кісі

Үш жүз кісі болар ма!

Айналайын Қабанбай,

Құрбаныңа атағам,

Қара мойын бір лағың.

Бұл дүниенің қарты едің,

Әулиенің арты едің,

Айналайын Қабанбай

Қайдан да болар тұрағың?!

1774 жылдың басында Пугачевтен Үпақ пен Шүкір дегендер Абылай ордасына келді, қазақтың ұлы ханын Мәскеуге бірге аттанайық деп шақырады. Оларды кері қайтарғаннан кейін, хан ел басшыларын жинай бастады.  Ақылдаса келе, мәслихат тең жарылды, бір жағы “қыл құйрық” деп ту көтеріп шекарадағы бекініс атаулының күлін көкке ұшырмақ, екіншісі Ресейдің қуатынан сескенеді, талай заман қалмақпен, қытаймен соғысып қалжыраған халық бейбітшілік өмірге жаңа үйреніп келеді. Осындай шақта ел назары қазақ әулиесі атанған Бұқарға қарайды.  Бұқар жырау сөзі тоқтауға шақырған өтімді, бітімшіл сөз болды:

Абылай ханның қасында,

Бұқарекең жырлайды.

Жырлағанда не дейді,

Соғыспа деп жырлайды.

Бұқарекең деген кәріңіз,

Соғыссаң кетер сәніңіз,

Бізден бұрын өтіпті,

Ғазіреті Ғалы шеріңіз.

Менің жасым тоқсан үш,

Мұнан былай сөйлеуім –

Маған да болар ауыр күш.

 

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба.

Күнінде мендей жырлайтын,

Тоқсан үште қария

Енді де саған табылмас.

1775  жылы XVIII ғасырдағы қазақ тари­хының ұлы тұлғасы, «ерлік дәуірінің» қаһарман жауынгері, ойшыл стратегі, қазақ тәуелсіздігі үшін күрестің даңқты қолбасшысы Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр фәни тіршіліктен мәңгілік өмір соқпағына түсті. Бөгенбаймен тірісінде көп сыйласқан, аса қадірлеген Бұқар Абылайға батырдың өлімін толғаумен жеткізді:

Қазақтың ханы Абылай,

Ақиықты аспанға

Ұшпастай қылып торлады.

Құлағанға ұқсайды,

Қазақтың қамал-қорғаны.

Қайғырмаңыз, ханзадам,

Айтпасыма болмады,

Батырың өтті Бөгенбай!

Қиядан қиқу төгілсе,

Аттың басын тартпаған,

Қисапсыз қол көрінсе,

Қорқып жаудан қайтпаған,

Қазақ деген халқынан,

Батыр шыққан даңқынан,

Қарсыласқан асылдар

Қорғасындай балқыған

Батырың өтті Бөгенбай!

 

Өкпе қылған ел үшін,

Жауда кеткен кек үшін,

Қазақтың абырой-арына

Сарып қылған бар күшін,

Қайыры болсын халқыңа,

Сабыр қыл, ойлап келмесін

Тағдырдың мына келтесін.

Қарияң келіп жырлап тұр,

Еңбегі сіңген ер үшін,

Батырың өтті Бөгенбай!

1775-1778 жылдары Бұқар жыраудың Қазақ хандығының сыртқы саясатына байланысты айтылған толғаулары ерекеше. Бұқар хан ордасындағы тірлікке қарап отырып, он-жиырма жылда болған күрт өзгерістерге таң. Қазір бәрі Қытайға барғаны да, бармағаны да қытайдың көк-қызыл шәйі жібек шапанын киіп алған. Сарай маңында қытайша білетіндер көбейді. Саудасы, ортақ. Бұқар болса, заманның ағы­мынан сескенеді, қара құрттай қытайдың қаупі күшті.

Шүршіт келсе Сырға көш,

Ішетұғын суы бар.

Келіп сізді қамайды,

Ой Түндік пен Белеңді.

Баяғыдай еркіндеп,

Сарыарқада қалмаңыз,

Сірә ғана шер еді, – деп ара-тұра ханға да білдіріп қояды.

– Қытайдан қашсаң, орыс бар, – дейді хан. Орыстың кесірінен осы күні қоныс тар. Ертіс пен Есілді алды, бекіністерін салды, қазақ ар жақтағы кең жайлауына көше алмай қалды. Қазақ орыстың нанына үйір болып барады, ағаш үй көрсе қызығып қалады. Бұқар болса:

Ағаш үйде кәпір бар,

Пұсырманның баласы,

Сірә бір кеңес құрыңыз,

Бір ауызды болыңыз.

Қалған елді тастаңыз,

Бөтен елмен үйір болып,

Іргеңізді қоспаңыз.

Кәпір алмас демеңіз,

Наны қатты жемеңіз.

Зәбірі қатты бұ кәпір,

Алмай қоймас демеңіз – деп толғайды.

1778 жылы Бұқар жырау тоқсан бес жасқа келді. Абылай ордасы Көмекей әулие атанған ақылгөй абызды, абыройы көкке өрлеген жы­рауды қозы көш жерге дейін шығарып салып, қоштасып жылап қалды:

Бағаналы орда, басты орда,

Байсал орда қонған жұрт.

Мамыражай ел болып,

Байсалды жайлау табылды.

Көлдей қамқа төсеніп,

Көрікті ханым түскен жұрт.

Ханым берген қамқа тон,

Жырау киіп кеткен жұрт.

Іңкәрлары алшаңдап,

Атпен тойға келген жұрт.

Көріп туған көкше тай,

Төре астында ат болған жұрт.

Көлеңкелі Көкше тау,

Көпке қоныс болған жұрт.

Көбең байлар семіріп,

Көк баһарі болған жұрт.

Көңілдестер би болып,

Көпке кеңес айтқан жұрт.

Қош, есен бол, бізден кейін қалған

асыл жұрт.

1779 жылы Бекболатпен ерегестен кейін Түркістан өлкесіне сапар шекпек екен деген  хабарды алғанда Бұқар жыраудың айтқаны:

Ақсары атан еспелі,

Ел жайлауға шыққан жұрт.

Ақтың жолын күзетпей,

Жамандықты тұтқан жұрт.

Мамырласып бай болып,

Байсал тауып жортқан жұрт,

Хан жарлығын алмады,

Ханға тізгін салмады.

Баяғыдай баршындап,

Бір ауызды болмады.

Қас тұрпайы болған жұрт !

1779 жылы Абылай хан Түркістанға аттан­ған сапарында Далба тауының баурайындағы Бұқар ауылына соғып қоштасты. “Мен жақында түс көрдім” деді Абылай жырауға қарап. “Егер сәуе көрмеймін десең сол түсімді жорып бер”. “Не көрдің, айта ғой?”  деді жырау да, бойы бір жеңілдеп қалғандай, ауыр сезімдер ықпалы сәл босаңсығандай. Сонда хан “Түсімде бір жолбарыс келіп шатырымның алдына мойнын созып, шөгіп жатып алды. Бұл не қылғаны деп жанына жақындап едім, әлгі жолбарысым аю болып кетті. Аюға жақындасам, ол қасқырдай ырылдап ит-құсқа айналып, енді ит-құсқа қарасам, ол түлкі болып шыға келді. Осыдан кейін түлкінің орнына қарсақ, қоян, бақа-шаян, әйтеуір, неше түрлі жәндік толып кетті. Осы болды көргенім” деген екен. Кәрі құрлықтағы мыңдаған жылдық тарихы бар соңғы көшпелі мемлекеттің соңғы ханы мен жырауы үнсіз егіліп отырды дейді. Жұмбақтың шешімі екеуіне де белгілі еді.

1780 жылы 97-ге келген қария жырау маңайындағы күтушілерінен далаға алып шығыңдар деп өтініш жасады. Күздің қара суығында далаға шыққаныңыз не дегендеріне болған жоқ, шықты. Сұрғылт аспаннан сыр аңдағандай қарт жырау көкке көп үңілді, сәуе көргені ме, Тәңірімен тілдескені ме, әлде жырау рухы жеті қат көкті шарлап соны қайтара алмай тұр ма?! Бір уақыттарда сұлық қалпына жан бітіп жырау ерні бір дұғаны күбірлегендей:

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де

Қызыққа тоймас адамзат!

Әлемді түгел білсе де,

Қызығын қолмен бөлсе де,

Қызықты күні қырындап,

Кисынсыз күйге түссе де,

Өмірге тоймас адамзат!

Жақындап ажал тұрса да,

Жанына қылыш ұрса да,

Қалжырап, көңіл қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да,

Үмітін қоймас адамзат!

“Мені дүниеден қайтқанда аманатқа сақтап, Әзіреті сұлтанға апарып қоймаңдар. Қыс ішінде әуре болып, қарбаласқа түспеңдер. Маған осы Сарыарқа төсінің топырағы бұйырсын. Әйтпесе, елдің құты қашады, ырысың кетеді. Басыма қорған тас үйіңдер, әспеттеп бейіт көтермеңдер. Менің кием осы Сарыарқаға ие болсын. Қазақтың ендігі Жиделі Байсыны – осы жер” деді.

1780 жылы фәни жалғаннан қазақтың киесі атанған Көмекей әулие Бұқар бақи сапарына, мәңгілік өмір еліне аттанды. Оның асқақ арманшыл рухы Сарыарқа көгінде иесін іздеп шарқ ұрды, шарықтап, шалықтап қазақтың Әулиесін жер бетінен таба алмай торықты. Далба қойнауындағы оқшау төбенің басында жас үйілген тас жатыр, соны көрді. Оның жанында жыраудың кәрі досы Үмбетей жырлап отыр:

Асқар тауды құлатып,

Тоқсан жеті жасында,

Арыстанды сұлатып,

Отырмыз біз қасында.

Сияпатын жіберген,

Хан Абылай асына.

Үйіріліп жылқы айдатқан

Сойылсын деп басына,

Шыдап қалай тұрайын,

Егіліп мен жылайын,

Зарым шықсын ішімнен,

Біраз енді жырлайын,

Түсіріп еске өмірін,

Қауымға баян қылайын!

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button