Руханият

Жыр – жүректің лүпілі

Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» атты облыстық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты жоғары деңгейде өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Мүшәйраны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының облыс­тық филиалы бірлесе ұйымдастырды.

Бұл жолы да поэзия мерекесі Арқа ақындарының басын қосып, Абай мұрасын дәріптейтін рухани алаңға айналды.

Мүшәйраның әділ бағасын беретін қазылар алқасы құрамында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ақын Қойлыбай Асан болды.

Жыр додасына аймақтың түпкір-түпкірінен 25-ке жуық ақын қатысты. Қазылар алқасы қатысушылардың туындыларындағы көркемдік қуатты, мазмұн тереңдігін, Абай идеясының жаңғыруын бағамдап, үздіктерді анықтады.

Сонымен, мүшәйраның бірінші орын жүлдесін қарағандылық ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бағдат Мүбәрак жеңіп алды.

Ал, ІІ орын биігінен теміртаулық ақын Таңсәуле Әгенқызы көрінсе, ІІІ орын – қарағандылық Дәуренбек Бұланбаев пен теміртаулық ақын Ерболат Қуатбекке бұйырды.

– Мүшәйраға «Сөз немесе Абайдың жұмбағы» деген өлеңімді ұсындым. Жалпы, бұл туындымда сөздің құдіреті, энергиясы һәм киесі жайлы айтқым келді. Яғни, меніңше, Абай поэзия жолына қадам басқан әр ақын үшін белгілі бір деңгейде бағыт беруші компас сияқты. Жүлделі болғаныма қуаныштымын, – деп атап өтті үшінші орын иегері Ерболат Қуатбек.

Сонымен қатар, мүшәйра аясында есімі елге мәлім, өмірден ерте озған ақындар Дәулет Ырысбайұлы, Қайрат Асқаров, Сәттібай Жүнісов атындағы арнайы жүлделер тағайындалды.

Аталған сыйлыққа Саят Тұяқбай, Мақсат Күземхан және әріптесіміз Ерік Нарын ие болды.

Кеш барысында Абайдың ән мұрасы да жаңғырды. Сержан Мұсайын, Саян Мұздыбай, Аяжан Акеева, Арайлым Жүкенова сынды өнер иелері Абай әндерін орындап, көрерменнің ықыласына бөленді.

Алаштың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым», – деген еді.

Бұл мүшәйра – сол маржандарды теруге ұмтылған ақындардың рухани сапары іспеттес. Абайды тану, оны дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың адами биіктікке, рухани тұтастыққа бастар жол.

Мүшәйра соңында ұйымдастырушылар мен қазылар жеңімпаздарға алғыс білдіріп, Абай тағылымын насихаттауда мұндай шаралардың маңызы ерекше екенін атап өтті. Абайдың асыл сөзі – әдебиет пен ұлт санасының мәңгілік шамшырағы екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button