Жыр – ғұмыр
Саналы ғұмырын ұлтымыздың болашағы – ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі Мәпіш ШӘРІПҚЫЗЫ – қолына қалам ұстаған ақын, отағасын пір тұтқан нағыз қазақ әйеліне айналған парасатты жан.
Жол үстінде
Баяндай қасиетті өлкеде туып, ару Алматыда оқып, Сарыарқадай сырлы өлке, қазыналы Қарағандыға Тәкеңмен (мемлекет және қоғам қайраткері, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Талғатбек Әбдіразақов) қол ұстасып келіп, жұптарын жазбай, аймақ экономикасы мен ғылым-білімінің дамуына, әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қос бәйтерек.
Мәпіш апайдың туған өлкесі Баянауылға баруының өзгеше мәні бар, Павлодар облысының Баянауыл аудандық мәслихаты Мәпіш Шәріпқызына «ауданның Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылдап, жерлестері сол атақты тапсыруға 90 жасқа толар қарсаңда ел-жұртымен жүздесіп, шығармашылық кешін өткізуге арнайы шақырыпты.
Тоқсанның төріне иек артқан ақын ана, ұлағатты ұстаздың көңілі алабұртып, жүрегі толқиды. Өйткені кір жуып, кіндік кескен туған жеріне бірінші рет жалғыз келе жатыр. Қасында өмірлік қосағы – Қарағанды қаласы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы – ардақты Тәкең жоқ бұл жолы.
95-ке толуына бірер ай ғана қалғанда Жеңістің 70 жылдығын көруді нәсіп етпей, ауыр науқастан қайтпас сапарға аттанған сыңары Тәкеңнің өмірден өткеніне төрт жылға таяғанымен, отағасын Алланың әр күні аузынан тастамай, бір шаңырақтың астындағы 65 жыл 6 айлық ғұмырын, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген, немере, шөбере сүйген бақытты өмірін еске алудан Мәпіш апай ешқашан жалықпайды. Алланың берген сыйы, табиғат берген таланты өлең өріп, естелік жазатын қасиет-қабілетін ерінің жолына, оның бағы мен бақытына құрбан еткен бір әйел болса, ол – осы Мәпіш апай. «Жол» деген аты бар, ойлы-шұқырлы кедір-бұдыр қара жолмен немересі Қаныштың көлігі бірде баяу, бірде қатты орғып, зырғып келеді. Баянның жап-жасыл белдері мен айнадай көлдері көрінгеннен Мәпіш апайдың кеудесін бір құдірет күш кернеп, тіл ұшына жыр шумақтары орала берді.
«Сағынып келдім, асығып келдім көруге,
Балаңмын ғой, перзенттік сәлем беруге.
Тағдырыма шүкіршілік етемін,
Тоқсан жаста шығып тұрмын төріңе.
Көңіл жүйрік, әлсіз соққан жүрегім,
Ескерткішім – қалдыратын өлеңім.
Шексіз емес, шектеулі ғой уақыт,
Бола қоймас, қайта айналып келуім…»
«Бұл менің қасиетті Баяныммен қоштасу өлеңім, мәңгілік ешкім жоқ қой» деп Мәпіш апай жасаураған жанарын алыс көкжиекке қадады. Бір көлікте сапарлас болып келе жатқан бәріміз де бір сәт үнсіз қалдық…
Бірінші шегініс
Мәпіш апайдың үлкен атасы Талапкер атақты Иманжүсіптің сарбаздары қатарында болыпты. Осы Талапкер атасының ұлы Шәріпті үйлендіргені де бір қызық оқиға. Ол туралы Мәпіш апайдың өзі «Ой-өрнек» жинағында былай деп жазады:
«Бір күні атам руы талас Төлеубайдікінде ас үстінде көңіл-қошы келіп отырып, «құдаласайық» дейді. Төлеубай келісіп, екеуі уағадаласады. Дастарқан басындағы әңгімені естіп отырған Жамал бәйбіше қазақ жолымен еріне қаншалықты қарсы келгісі келмесе де: «Қадиша әлі жас қой, Қадиша әлі жас қой» дей береді. Тұлымы желпілдеген 7 жасар қызын айттырып жатқан Талапкердің ұлы 23-тегі азамат болса, қалай шыдасын. Бірақ отағасы айтты, бітті…»
Әкелердің батасына періште әумин десе керек, 9 жылдан кейін, 16-ға толған Қадишаны той жасап, ұзаттырып келін етіп түсірген екен Талапкер атасы. Жарықтық атасы қайтыс боларынан үш күн бұрын шымылдық құрғызып, төсек салғызып, «енді шымылдықты ашпаңдар, ас-суды шымылдықтың сыртынан беріңдер» деп балаларымен қоштасарда, 31-дің аштығынан аман қалу үшін үшеуінің де отбасыларымен бір шаңырақтың астына, Шәріптің маңына топтасуы керектігін айтады. Үш күн бойына тасбиғын тартып, Аллаға жалбарынып кешірім сұраумен болады, үшінші күні бесін шамасында баласы Шәріпті шақырып «Қай мезгіл?» деп сұрайды. «Түс ауып барады, әке!» дегенде, «Қап, кешігіп қалдым-ау, бесін болып қалған екен, жастығымды түзе, аяқ-қолымды түзе» деп, өз иманын өзі айтумен қиналмай жатып, көз жұмғанын Шәріп әкесінің үнемі айтып отыратыны көкейінде қалыпты.
Әкесі Шәріп пен анасы Қадиша 8 ұлқызды дүниеге әкеледі, екеуі жастай қайтыс болғандықтан, Мәпіш 5 ұлдың ортасында бұлаңдап, ерке болып бойжетеді. Бетінен қақпай өсірген, көрікті де, ақылды қызға құда түсушілер көбейіп бара жатқан соң, ата-анасы нағашысымен бірге Алматыға оқуға аттандырады.
16 жасқа толар-толмаста ауылдағы 8 жылдық оқуды тәмамдаған Мәпіш әкесі Шәріп пен анасы Қадишаның ұйғаруымен Алматыға келгенінде, қыздар институтының дайындық курсына қабылданады. Екі жылдық дайындық курсын зеректігінің арқасында бір жылда бітіріп, келесі жылы студент атанады. Қыздар институтының үшінші курсында оқып жүргенде, соғыстан қайтқан солдат Талғатбек Әбдіразақовпен танысады. Ол да Баянның жігіті. Жетім өскен, балалар үйінде тәрбиеленіп, майданда болған. Жараланып, елге оралғаннан кейін, Қарағандыда қызмет етіп жүрген беті екен. Жыл бойына күн құрғатпай хат алысып тұрады. Келер жылы диплом алды, ұстаздары аспирантураға қаласың деп орнын да дайындап қойған. Аспирантурада оқығысы келетінін Тәкеңе айтып еді, болашақ жары «бір жыл күте алмаймын, елге қайтасың, үйленеміз» деп қатаң шешім шығарды. Сөйтіп аспирантураны отбасы мұратына айырбастап, 1949 жылы Тәкең екеуі Қарағандыда жас отаудың түтінін түтетіп, отын жақты.
Екінші шегініс
Елдің әлеуметтік жағдайы түзеліп, бүгілген белі жазыла қоймаған, соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Мәпіш Шәріпқызы мектепке мұғалім болып орналасты. Отағасы Талғатбек Әбдіразақов бірде комсомол, бірде пар тия қызметінде. Мәпіш жаңа түскен жас келін болса да, үй шаруасына, балалардың баржоғына ерінің көңілін алаңдатпайды. Қайрат пен Әлия дүниеге келген жылдары Тәкең Мәскеуде аспирантурада оқыды. Серік өмірге келіп, үш балалы болған жылдары да ерінің Мәскеуде Қоғамдық ғылымдар академиясында оқуына қарсы болған жоқ. Бар қиындық пен ауыртпалықты өз мойнымен көтеріп, отағасының қызмет бабының қалыптасуына, ғылым жолына түсуіне қажет жағдайдың барлығын жасап бақты. Әйелдік осалдық көрсетпеді. Өзі де мектептің маңдайалды мұғалімі атанды. «Мәпіш мұғалім» дейтін шәкірттерінің алды бүгінде 80 жастан асып кетті. Міне, осындай үлкен өмір жолында Тәкеңнің атағы мен абыройына сай азаматтың сенімді серігі, тылдағы тірегі болып жүргенде де шығармашылықпен айналысуға уақыт таба білді. Алғаш мектепте әдебиетшілермен, ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастыра жүріп, өзі де ұлттың ұлы ақындарын насихаттауға құлшынып кірісетін. Әлі есінде, С.Сейфуллиннің туғанына 70 жыл толуына арналған кеште жасаған баяндамасы «шешен қарындас» атандырды. Десек те, өз өмірі мен шығармашылығын отағасы Тәкеңнен кейінгі екінші орынға қоятын әдебінен еш жаңылған жоқ. Тек қолы қалт еткен сәттерде көңілге түйгені мен көкейге келіп қалған жыр шумақтарын дәптер бетіне түсіре беретін.
Балалар ержетіп, ұл ұяға, қыз қияға қонды, әрқайсы бір-бір отау болды. Тәкең де табиғатынан турашыл, бетің бар, жүзің бар демей, әділін айтатын, ешқашан ерінбейтін еңбекқорлығы, ізденімпаздығы мен білікбілімінің арқасында түрлі жауапты қызметтер атқарды, қоғам мен мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары нарықты экономиканың заңдылықтары мен шарттары қандай болатынын жіліктеп түсіндірген республикаға белгілі бірден-бір экономист ғалым Талғатбек Әбдіразақов болатын.
Түсіне білген адамға,
Екінің қалған бірімін.
Көрікті әсем өмірдің,
Бедері кеткен түрімін.
Тәкеңді айтар жырымын,
Сөйлесетін тілімін,
Үзілмейтін үнімін.
Айтқан сөзін растар,
Қалдырып кеткен мөрімін.
Әзірше мен тірімін,
Екінің қалған бірімін…
Бұл – Мәпіш апайдың Тәкеңе арнаған жүрек жырларының бірі ғана .
Тәкеңнің Әбдіразақ атасы Мәшһүр Жүсіп әулиемен үзеңгілес, сыйлас болған жандардың бірі екенін де Мәпіш апай Тәкең дүниеден өткеннен кейін қосағының өмірі мен еңбек жолына арнап шығарған «Қыран ғұмыр» кітабында жан-жақты талдап жазады. Мәпіш апайдың өлеңдерінің басым көпшілігі өмірлік серігі Талғатбек ағаға арналған. Өмірін де, өнерін де тағдыр қосқан қосағына бағыштап, өзін тек отағасынан кейінгі орынға қойып үйренген асыл жар, аяулы ана, мейірімді әже Мәпіш Шәріпқызы осы жасқа келгенше өзінің туған күнін тойлап көрмегенін айтады. «Тәкеңдей азаматтың алдында менің туған күнім деген не, тәйірі» дейді ақын апа. Міне, енді сол туған күннің тойланатынын баяндық жерлестері еске түсіріп отыр. Еске түсіргенде қандай!
Баянауыл бесігінде
Аудан орталығындағы еңселі Мәдениет сарайына жазғы күн шілде болса да, көрермен көп жиналды. Жергілікті халық театрының өнерпаздары да тыңғылықты дайындалған екен. Ақын апаларының әр тақырыптағы өлең жырларын нақышына келтіре, біріненбірі қалыспай мәнерлеп оқыды. Шығармашылық кештен гөрі танымдық-тағлымдық, тәрбиелік мәні бар үлкен шараның шымылдығын Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов ашып, Мәпіш апаға Баянауыл ауданының Құрметті азаматы куәлігін салтанатты жағдайда тапсырды. Сахна төрінде жерлестері алдында толқып отырған абыз анадан әкімнің бата сұрауы да шынайы құрмет пен інілік ілтипаттың белгісі еді.
Кеште әріптесіміз Еламан Қабділмәшімнің Мәпіш апайдың шығармашылығын талдап, таразылап жасаған баяндамасы кішігірім ғылыми еңбектен кем болған жоқ. Мәпіш Шәріпқызының «Жапырақ ғұмыр сыбдыры» атты кітабынан бастап, «Ай сәулесі», «Кешкі самал» жыр жинақтарындағы адамгершілік, махаббат, ұрпақ тәрбиесі, адам бойындағы асыл қасиеттерді жырлаумен қатар, жағымпаздық, жылпостық сияқты жаман ғадеттерді сынаған өлеңдері ойлы оқырманын олжаға кенелтті. Өрнекті сөздермен өрілген орамды ойлар бүгінгі жастарға үлгі-өнеге, жол көрсетер шамшырақ тәрізді. Көңілдің көп иірімдерін өлеңмен өрген қаламгер ұстаздың көп шығармалары ғұлама ғалым, өмірлік серігі Тәкеңе арналғанын жоғарыда айтып өттік. Жерлестерімен жүздесуде сөз алған замандастары да осы жайтқа баса назар аударып, ақын ана жырларының өзегі – мәңгілік таза махаббат, биік парасат, жұбайлардың сыйластығы мен бір-біріне деген құрметі, отбасының тірегі ер-азаматты қадір тұтып, қастерлеу, туған-туысқа деген мейірім, Отан-анаға сүйіспеншілік, туған жерге сағыныш тақырыптарын айрықша атап өтті. Мәпіш апайдың қаламынан өлең-жырлар ғана емес, ұлтымыздың ұлы тұлғаларымен дәмдес болған сәттері айтылған өрелі әңгімелер де жүрекке жылы тиер естеліктер болып қағазға түскен. «Ой-өрнек» атты соңғы жинағында академиктер Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, мемлекет, қоғам қайраткерлері Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәшенев, Ермұхан Бекмаханов, Әлімхан Ермеков, Шапық Шокин, Шәкен Айманов сынды қазақтың біртуар, дара тұлғаларының қилы тағдырлары, терең ой, ұлтына арнаған ұлағатты сөздерін оқып, ой түйесіз.
Барша Баянауыл жұрты, кешегі көзкөргендер, бүгінгі кітап оқитын оқырман жастар Мәпіш Шәріпқызының қаламгерлігіне жоғары баға беріп, тоқсанның тойы қазыналы Қарағандыда да жалғасын тапқанда, ән мен жырдан шашуымызды шашып, біз де барамыз деп, ұлттық рухпен рухтанып тарқасты.
Сағат БАТЫРХАН,
халықаралық телерадио журналист.