Жылыжай жайқалып тұр
Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»
Жылыжай ісін дамытуды Қарағайлы кентінің тұрғыны Жандос ҚОНЫСБАЙ 2012 жылдан бастап қолға алып келеді. «Жас келсе, іске» дегендей, ынтамен кіріскен ісі жеміссіз болмады.
Алдымен Жандос барлық технологияны сақтай отырып қияр мен қызанақ өсірді. Ісі нәтижелі болды. Құлпынай өсіруге арналған арнайы жоба жасап, облыс әкімінің 2,8 млн. теңге грантын жеңіп алды. Бүгінде сол қомақты қаражатты кәдеге жаратып, заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа типтегі жылыжай кешенін іске қосты. Жылыжайдың ашылуына аудан әкімі Х.Мақсұтов, аудандық мәслихат хатшысы С.Нұркенов, аудандық мәслихаттың депутаты Р.Смағұлов, аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы С.Шәмшиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы С.Төлеубек қатысты.
Жылыжай Татарстанда шығарылған материалмен жабдықталған. Суық өткізбейтін, жылуды сақтайтын, күн сәулесін жақсы қабылдайтын арнайы жабыннан жасалған және одан өсімдікке қажетті 7 түрлі дәрумен бөлініп тұрады. Ішінде құлпынаймен қатар, қияр мен қызанақ, баялды көкөністері өсіп тұр.
Ал, құлпынайды Ақтаудағы «Беккер» деген фирмадан әкелген. 360 түп. Тамшылатып суару әдісі қолданылады. Күніне 40-50 литр су жұмсалады. Ал, жылыжай іші ресейлік электроконвектор деп аталатын жылу құрылғысы арқылы жылытылады. Жылыжай жұмыстары толығымен автоматтандырылған, арнайы электронды құрылғымен басқарылады.
Жылыжай үздіксіз қысы-жазы екі рет өнім береді. Биыл Жандос 2,5 тонна қияр, 500 келі қызанақ жинады. Өнімді халықтың қалтасы көтеретіндей қолжетімді бағамен сатады. Тапсырыс күнделікті түсіп отырады. Өз дүкенінен басқа кент басындағы 7 дүкенге тасымалданады. Күніне 20 келі өнім алады.
Жандос жұмысын одан әрі ширата түспек. Жылыжайды кеңейте түсуді жоспарлауда.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.