Жылыту жүйесіне қосылды
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданына қарасты Шахтер кентінде 30 жылға жуық орталық жылу болмаған. Тұрғындар осы уақытқа дейін пәтерін пешпен немесе электр құрылғыларымен жылытып келген. Енді, міне, көптен бері шешімін таппаған мәселе шешілді.
Жаңадан жүргізілген жылу трассасынан 33 көпқабатты үйге жылу таратылады. Келесі жылы қалған 29 үйді қосу көзделіп отыр.
Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, тұрғындар үйішілік желілерді қалпына келтіру үшін Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының пайызсыз несиесін пайдаланғанын атап өтті.
Бұл игі іске «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бағдарламасы көмектесті.
– Пәтерлер жылы. Бәріміз өте қуаныштымыз. Осы күнді көп күттік. Барлығы жақсы жұмыс істеп тұр, батареялар жып-жылы. Бізге бөліп төлеу мүмкіндігін бергені үшін бастаманың басы-қасындағыларға шексіз алғыс айтамыз. Құжат рәсімдеуге де көмектескенін атап өту керек. Осындай соманы қарапайым тұрғындар бірден қалтасынан шығарып бере алмайды, – дейді Шахтер кентінің тұрғыны Ольга Иванова.
Жуырда алғаш рет жаңа желі бойымен жылу жіберілді.
Өз тілшімізден.