Жылу жүйесі қатаң бақылауда
Былтыр Теміртау қысқа дайын болмай шығып, біраз дүрліккен еді. Қазан айында қазандықтан жылу тарамай, қараша пәтерінде дірдектеген. Өндіріспен аты шыққан шаһар қара суықта қарыны ақтарылған кейіпте жатқан. Бұл жағдай – ащы сабақ болды. Алдымыздағы қысқа дайындық қызу. «Аузы күйген үрлеп ішеді». Биыл қамдануға ертерек кірісті. Металлургтер қаласындағы дайындық деңгейін тексеруге Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиевтің өзі келді. Жылу электр орталықтарын аралады және тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыс хақында есеп берді.
Министр «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты 2-ші жылу электр орталығына, «Bassel Group LLS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «ҚарГРЭС-1» кәсіпорындарына барды. Алмасадам Сатқалиевтің сөзінше, жөндеу жұмыстарының сапасы мен деңгейі көңілден шығады. Теміртау қысқа дайын.
Нысандарды аралап келгеннен кейін министр шаһар тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында министр энергетикалық нысандардың жылыту маусымына дайындығы, өңірді газдандыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу мәселелеріне қатысты жоспарларымен бөлісіп, тұрғындардың сауалына жауап берді.
– Шахтинск қаласы мен 2-ші ЖЭО бойынша кестеден кешігу бар. Осыған қарамастан энергия станциялары жылу маусымы басталған кезде қажетті жылуды бере алады. Көмір жеткізу мәселесі де министрлік бекіткен кестеге сай жүргізіліп отыр, – деді министр.
Облысты жылумен қамтамасыз ететін екі ірі жылу электр орталығы бар. Олар – ЖЭО-3 және ЖЭО-2. Екеуінің қуаты – 2400 Гкал/сағ. Ал нысандардың орташа тозуы – ЖЭО-3-те 66%-ға, ЖЭО-2-де 79,7%-ға жеткен.
Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық науқаны штаттық режимде жүріп жатыр. Биыл ЖЭО-2-де №4 қазандық агрегатына күрделі жөндеу және №5 қазандық агрегатына кеңейтілген жөндеу жасалған. Сондай-ақ, №3 турбоагрегатты толықтай жөндеу жоспарда бар. Энергетика министрлігінің басшысы сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері технологиясын қолдану арқылы өңірдегі энергия өндірісін дамытуға болатынын айтты.
Қазіргі уақытта облысымызда жалпы қуаттылығы 267,6 МВт құрайтын 7 ЖЭК нысандары бар. Оның ішінде қуаттылығы 266 МВт құрайтын – 5 күн электр станциясы және қуаттылығы 1 МВт болатын – 1 биоэлектростанция және 0,6 МВт қуаттылықтағы гидроэлектростанция.
Министр күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Облыста жиын-терімге 20,7 мың тонна дизель отыны бөлінгенін айтты. 2 айда өңірге жағармай көлемінің 33%-ы жеткізілген.
Газдандыру бойынша өңірде 76 млрд. теңгеге 24 іске қосу кешені орнатылмақ. Оның ішінде құны 65,2 млрд. теңгеге 16 іске қосу кешенін орнату арқылы Қарағандыны газдандыру жоспарланған.
Сондай-ақ, республикалық бюджеттен 2023 жылға Қарағанды және Теміртау қалаларына дейін газ желілерін салу бойынша жоспарланған 3 жобаны жүзеге асыру мақсатында 5,9 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған.