Жылды жарқын жеңіспен түйіндеді
27-28 желтоқсанда «Сарыарқа» хоккей клубы өз алаңында павлодарлық «Ертіс» командасын қабылдады. Қазақстан чемпионатының аутсайдерін жерлестеріміз ойсырата жеңді.
Матч басталғаннан прессингпен ойнады «Сарыарқа». Дегенмен, қарсылас қорғаныс аумағында да, орталықта да лайықты қарсылық көрсете алды. Тіпті, алаң иелерінің қақпасына қауіп те төндірді. Бірақ, «Сарыарқаның» қақпашысы Дмитрий Пахоленко қателікке бой алдырған жоқ. Бірінші кезең голсыз өтті.
Ал, екінші кезеңде қарағандылық қырандар шайбаны жаудырды. Алғашқы голды форвард Тимур Шингараев соқты. Бір минуттан кейін Руслан Демин мен Евгени Королинский есепті еселеді. Тағы екі шайбаны Андрей Буяльский мен Александр Борисович қарсылас қақпасына дарытты. Кезең соңында «Ертіс» тек бір ғана шайбаға шамалары жетті.
Соңғы кезеңде «Сарыарқа» тактикалық, психологиялық жағынан толықтай басымдыққа ие болды. Қарқынды шабуылдар мен жойқын соққылар тағы да үш голға ұласты. Форвард Глеб Зайцев дубль авторы атанды. Бірінші матч 8:1 есебімен аяқталды.
Екінші ойын да алаң иелерінің дегенімен өтті. Шабуылшы Никита Баженов бірінші голды соқты. Ойсырай жеңілген «Ертіс» ойыншыларының еңселері тіктелмеді. Қорғаныста ғана ойнады. Екінші және үшінші кезеңде «Сарыарқа» шабуылды күшейтіп, 6 шайба соқты. Артем Валеев, Тимофей Симонов, Егор Кузьменко және Андрей Буяльский гол авторлары. Александр Борисович болса, дубль жасады. Екінші ойында 7:1 есебі тіркелді.
«Сарыарқа» 2024 жылды жарқын жеңіспен түйіндеді. Сонымен қатар, «Сарыарқа» осы маусымдағы 100-ші шайбасын соқты. Чемпионат кестесінің 4-орынында тұр қарағандылық қырандар.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz