Жылдың басы һәм жасы
Көк Тәңірі. Асқақ Алтай. Бөрілі байрақ. Темір Түрік. Жеті қазына. Жер-жаһан. Бағзы заманда бабалар мен ежелер Арқайым сынды қалаларда салтанат құрғанда әлемнің жетінші кереметі Хеопс пирамидасы салынатын жазық сахара шөл емес, гүлге оранған жерұйық болатын. Бұған да алты мың жылдай уақыт өтіп, ақиқат әпсанаға айналыпты. Бүгінгі әңгіме – сол көне мәдениетін жадынан шығарып алған қазақтың бұрынғы Жыл басы мен оның тарихи жасы һақында.
Бұл мейрамның қазіргі атауы парсыныкі болғанымен, бұрнағы заты – түріктің өзінікі. Айтпағым, мәдениеті тарихтың терең қойнауынан бастау алатын парсы жұртын кемсітіп, олардың да тұрмыс салтына тән мерекені жоққа шығару емес. Тек, дәстүрдің көне түркілерден келе жатқанын дәйекті дәлелдер мен деректерге сүйене пайымдап көру. Осы мақсатта қазақтың дәстүрі мен Ресейдің Орал мен Алтай арасындағы тұмса табиғатының аясында тілі мен тінін саф күйінде сақтаған түркі ұлыстарының салтына жүгіндік.
Түріктің талбесігі – алтын Алтайда табиғаттың төрт мезгілі түрліше құлпырып, әр маусым өзара айқын ажыратылған. Көктемі мен жазы, күзі мен қысы еншілеріне үш айдан алған. Қазіргі наурыз айының аты ол заманда ергеу еді. Не себепті ергеу? Ергеу, көктеу, мезгеу… Әз Жәнібек ханның саяси кеңесшілерінің бірі, тарихшы, шипагер-ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы көктемнің үш айының атауын «Шипагерлік баян» кітабында осылай жазып қалдырған. Ақылға қонады. Өйткені, ергеу – еруді, көктеу- көк шыққанын… білдіреді. Ергеу айында күн мен түн теңелетін мезетті көшпелі жұрт ежелден білген және күні бүгінге дейін тойлап келеді. Өйткені, аспан әлемінен түйген білімі терең-тұғын.
Алдыменен, отбасының жебеушісі отыз басты От-Ана мен қасиетті Жер-Анаға тәу етіп, даладағы ошақтың отына май құйып, шоғына ас салып, алаулаған жалынмен қырық басты Қыс-Ананы шығарып салған. Осыған ұқсас жоралғыны жаңадан отау тіккен ұяда қазақтар мен көне түріктердің жаңа түскен келіндері жасаған. Бірақ, көктеу мейрамында мұны тек бақсылар ғана атқарған. Оларға тәу еткен соң адамдар ең бірінші өлілерді еске алып, құрбандық шалған. Содан кейін тірілермен көріскен. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз содан қалса керек-ті. Ал, көрісу дәстүрі еліміздің батыс өңіріндегі қазақтарда әлі де сақталған. Айтпақшы, бізде Рамазан айында айтылатын жарапазанның төркіні де – осы ескіден. Бала мен шаға жиылып, ауылды аралап, әже мен ежеден көктеудің келіп қалғанын сүйіншілеген.
Сол шақта әр үйдің есігі айқара ашылып, алқақотан жайғасқан жұрт ас ішіп, әңгіме-дүкен құрған. Кейінгі ислам дәуірінде бұл салт тілемсектікке айналып, сорлы қалыпқа түскендей күй кешті. Тарихшы В.Радлов түркілер жайлы бірінші кітабының алғысөзінде бабалар тілінің қуаттылығына таңдана тұрып, «…олар араб пен парсының мәдениетін санасына …бойұсына сіңірді» деп жазғаны біраз жайттың бетін ашатындай. Сол заманда дін исламды ғана алмай, тіліміз бен ділімізді жаралап, құлдық қамытты мойнымызға іліп алдық-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, бабаның қосағы «ежені», жас бала мен бозбаланың арасын жалғаған «шағаны» ұмытпас едік.
Ол заманда да аналар ошақтың суалмаған қара қазанына мерекелік ас дайындаған. Асулы етті сүзіп алған соң, сарыала сорпаға емдік құрақ шөптер қосып, көже қайнатқан. Себебі, көнекөздер «ұзынсарыда» жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетінін біліп, ағзадағы дәрумен жетіспеушілігінің орнын осылай толтыратын болған. Бұл ас бүгінгі күні Алтай мен Орал тауының аралығын мекен еткен жұрттарда – сол қалпында, ал Алты Алаштың баласында наурызкөже күйінде сақталған.
Түркілер күн мен жердің қозғалысын шоқжұлдыздардың орналасуы арқылы бағдарлап, наурыз, маусым, қыркүйек, желтоқсан айларының маңызды межелерін мерекелеуді қалыптастырған. Өйткені, сол уақыт аралықтары астрономиялық құбылыстар екенін ежелден зердесіне түйген. Наурызда күн теңеледі. Табиғат оянады. Маусымда күн шарықтайды. Тіршілік рахатқа кенеледі. Қыркүйекте қайта теңеседі. Үйге молшылық келеді. Желтоқсанда күн тоқырайды. Айналаны қараңғылық тұмшалайды. Сондықтан, жылдың көктемнен басталып, қыспенен аяқталатыны адамның ғұмыр жасына сәйкес келуі де бекер емес.
Қалың орманның аясында кіндігі кесілген түркілер балқарағай мен қайыңды қатты қадір тұтып, киеге балаған. Өйткені, олардың жаңғағы мен бүршігі мол болса, жабайы аң-құстың да қарасы көп болған. Ендеше, аңшының да қанжығасы жиі майланады деген сөз. Сондықтан, әр жылдың аяғында ағаш бұтақтарын безендіретін болған. Біздің әулие тұтып, ағашқа ақтық байлайтынымыз содан қалған. Бірақ, қол білсе де, ес ұмытқандықтан, осы ғұрыпқа кейіннен Иса пайғамбардың қауымы иелік етіп кетті. Бұл – Тәңіртауды Тянь-Шанский, тарпаң жылқыны Пржевальский меншіктегендей барымта. Біз олардың барлығын қарсылықсыз қабылдадық. Өйткені, жадымыздың рухани бөлігі амнезияға ұшыраған еді.
Қола дәуірдің алғашқы кезеңінде адамзаттың көп бөлігі алғашқы қауымдық құрылыстан азырақ ілгері еді. Ал, түріктердің өркениеті биік-тұғын. Себебі, ат тұяғымен жаһанды құйынды шаңға көміп, күллі дүниені тітіреткен бабалар арбаға алғашқы болып дөңгелек орнатты. Сол сәтте дүние шыр айналып, әлемдік тарих сахнасында ең құдіретті империялардың басым денін түріктер құра бастады. Қытайға қорған соқтырды. Ескендір мен Кирдің сағын сындырды. Рим дірілдеп, Еділге тізе бүкті. Жаһанды жалпағынан басты бабалар. Жау таппаған сол шақта бауырға бауырды талатып, Тәңірінің қарғысына ұшыраған да тағы сол түркілер. Оған дәлел – Ақсақ Темір мемлекетінің Алтын Орда мен Осман империяларының күйреуіне себепкер болуы. Алтын Орда иелік еткен дархан даланың алып атырабы бізде қалғанымен, данасы мен дарасы іргедегі ормандай елге сіңіп, қанын асылдандырып, тілін байытты. Әйтпесе, Мәскеудің маңын жайлаған қыпшақтың қалың қосыны аспанға ұшып кетті деймісің. Оған қарапайым мысал, біз «Мен» дейміз, олар «Я» дейді. Біз «Маған», «Менге» десек, олар «Мне», яғни, «Менге» дейді түркілердің тілінде.
Алысқа ауандап кетпей тұрғанда, аяңдап наурыздың басты құбылысының бірі Самарқанның көктасына келейік. Самарқанның қабырғасы біздің дәуірден бұрынғы VII ғасырда қаланған. Яғни, оның негізін қалаушы сақтар болған. Себебі, Геродоттан жеткен тарихи деректерге сүйенсек, ол өңірді сол заманда хаомаварга сақтары жайлаған және қаланың аты Симесикент болған, мұны Әмір Темірдің ордасындағы испан елшісі Руи Гонсалес де Клавихо өз саяхатын баяндайтын жазбаларында анықтап тұрып, жазып қалдырған. Бұл қала қытай деректерінде Семисекан деген атпен белгілі. Мағынасы – семіз қала. Түрікше жіктер болсақ, семиси – семіз, кент – қала. Барлығы айқын. Мұны X ғасырда өмір сүрген парсының энциклопедист-ғалымы Әбу Райхан әл-Бруни мен XIII ғасырда ғұмыр кешкен армянның Сумбат есімді жылнамашысы да жазып қалдырған. Уикипедия солай деп сайрап тұр. Олай болса, арасын мыңдаған шақырым бөліп жатса да, көктастың жібитінін білген терістіктегі халық пен түстіктегі жұрттың рухани тұтастығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Әлде, олардың жадында бұл құбылыс сонау мұз дәуірінен сақталған ба екен?
Соңғы жүздеген жылдарда жаһанды тізгіндеп, ғылым мен технологиясын ілгерілеткен елдер түркінің мыңдаған жылдық тарихын бұрмалап бақты. Алайда, қиянатқа қадам баспайтын, ғылымға адал Вильгельм Томсен сынды ғалымдардың арқасында ақиқаттың ақтаңдақ шымылдығы түрілген болатын. Соның арқасында қорғандар мен қалалардың, руналар мен таңбалардың тылсым құпиялары ашылды. Десек те, түркі халықтарына ғана тән салт-дәстүрді, тілдегі түбір сөздерді және олардың этногенезіне қатысқан тайпаларды басқа ұлыстарға телуге құмар, империялық кеудемсоқтығы кәсібилігінен басым ғалымсымақтар әлі де жетерлік. Олардың мақсаты өзінің құлдық тарихын жасырып, басқаны кемсіту екендігі – белгілі жайт…
Түйіндей келгенде, әлі де орыс тілінің ересен ықпалымен дойтш халқын неміс деп, ханзу ұлтын өзіне жақын қидан жұртының есімімен егіздеп, қытай деп жүрген қазаққа алдымен наурыздың «ергеу» деген атын қайтару керек сияқты. Ал, Наурыз мейрамның атауын иеленіп қалса, жарасымды болмақ.
Жалпы, ғылым мен білімнің сәулесін шашқан ағартушылыққа ден қоймай, халқының саны кем, тілінің халі мүшкіл, рухы жаралы жұрттың еңсесін тіктеп, өткенін қайыра жаңғыртуы – оңайға соғар іс емес.
Құрманғазы ӨТЕБАЙ