Бас тақырып

Ақиқаттың алдаспаны ардақталды

Масс-медиа қызметкерлері арасында қаһарман қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Нұрмахан Оразбек атындағы облыстық бильярд турнирі өтті. Оған ақпарат айдынында желкен жайған жас буын өкілдерімен қатар құрметті ардагер журналистер де қатысты. Дода екі жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Ұйымдастырушы – «Saryarq Aqparat» медиахолдингі, бас демеуші – Арқаның Атымтайы, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков. 

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бұл турнир журналистер қауымының кәсіби мерекесіне орайластырылған. Жыл сайын Арқаның журналистері бильярдта бас қосады. Биылғысына ардагер журналистер, аймақтың қадірменді ақсақалдары Сүйіндік Жанысбай мен Аман Жанғожин, аты аңызға айналған фототілші Валерий Петухов, Михаил Бодажков қатысты. Қатысушылар арасында «Saryarq Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілдә мен Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов та бар. «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Қуаныш Аманқұлов, облыстық «Saryarqa» телеарнасының журналистері Ботабек Тілегенов пен Мақсат Бейсенаев та қатысты.

Сүйіндік Жанысбай турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, турнир өңір журналистері бас қосатын, бірлік пен ынтымақты арттыратын алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.

– Осы турнирді ұйымдастырушыларға ерекше алғыс! Бұл күні қарымды қаламгер, Арқа баспасөзінің қарашаңырағы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы болған Нұрмахан Оразбек ағамызды еске аламыз. Жас буынға сол даңқты журналситің жолын берсін! Турнирде мықтылар жеңіске жетсін! Ауызбірлігіміз, ынтымағымыз беки берсін! – деді Сүйіндік Жанысбай.

Валерий Петухов облысымызда дәстүрлі турнирдің болуы, журналистер үшін зор қуаныш екенін айтты.

– Басқа облыстардың бәрінде осындай турнирлер болып жатады. Соларға қарап қызығатын едік. Енді, міне, бізде де бар. Мен үшін бұл зор қуаныш. Осы жерден шабыт алып, марқайып қайтамыз, – деді ол.

«Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры, турнирді ұйымдастырушы Қайрат Әбілда осы турнир қаһарман редакторға деген құрмет екенін айтты.

– Бұл турнирді ұйымдастырудағы мақсатымыз айқын. Бұл – қаһарман редактормыз Нұрмахан Оразбекке деген құрметіміз. Екіншіден, бильярд – спорттың ерекше түрі. Біз осы арқалы саламатты өмір салтын насихаттаймыз. Шамамыз келгенше, осы турнирді жыл сайын ұйымдастырамыз. Барша әріптестердің басы қосылады. Ардагер журналистерімізге зор алғысымызды білдіреміз. Алдыңғы толқын ағалар жас толқынға осылайша жол көрсетеді. Баршасына тек сәттілік пен жеңіс тілеймін! – деді Қайрат Жүнісұлы.

Турнирде бильярдтан әуесқойлар арасындағы облыстық бірінші лиганың чемпионы Ақтілек Жүнісов төрешілік етті.

Турнирдің бірінші орынын Валерий Петухов алды. Ал, Михаил Бодажков екінші орыннан көрінді. Қола медальді Сүйіндік Жанысбай қанжығалады. «Көрермен көзайымы» аталымы Қуаныш Аманқұловқа табысталды. Жеңімпаздарға кубок пен медаль және қаржылай сыйлық берілді.

Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button