Руханият

Жомарт жанмен жүздесу

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен, Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Өлке тұлғалары» кітапханалық тележобасы аясында заң ғылымдарының докторы, профессор, меценат, «Құрмет», «Парасат» орденінің. иегері, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Бақтыбай Жүнісовпен «Жомарт жүрек нар тұлға» атты кездесу кеші өтті. 

Сурет: ұйымдастырушылардан

Кездесу кешіне қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен қалалық Жастар Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті заң факультетінің студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Іс-шараны кітапхананың өлкетану. бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханова тізгіндеп, кеш қонағының өмірі һәм шығармашылығымен, қайраткерлік тұлғасымен кеңінен мағлұмат берді.

«Жайсаң да жайдарлы жомарт жүректі Бақтыбай Жақсылықұлын «Қазақтың Бақтыбайы» десе де артық емес. Өйткені ол – алғашқылардың бірі болып Қарағандыда «Жеңіс» саябағын салуға атсалысты. Оның қолдауымен Қарағанды облысының тарихындағы көрнекті тұлғалар туралы кітаптар жарық көрді. Ғылыми-зерттеу саласы да, қылмыстық-атқару және криминологиялық саясат мәселелері, қылмыстың алдын алудың арнайы шарасы ретінде жазалау мәселелері болғандықтан, жастарды адал еңбек етуге, біреудің ақысын жемеуге баулып, өз ісімен үлгі болып келеді. «Орталық. Қазақстан» академиясы болып қайта құрылған Қарағанды «Фемида» академиясының негізін қалаушы және ректоры. Бұдан бөлек, 15-тен астам оқулық пен монографиясы жарыққа шықты. Қарағандыда мемлекеттік тілде жарыққа шығатын аймақтық «Арқа ақшамы», қалалық «Қарағанды хабары» және «Вестник Фемиды» газеттерінің құрылтайшысы. Індеттің кезінде де елмен бірге болып, көмегін аямаған арда азамат. Кездесу кеші де жастарға кейіпкердің игілікті істерін насихаттау, қазақтың нар тұлғалы азаматы, халқына адал еңбегі сіңген, туған жерге деген шексіз махаббатымен игі істерінің жан-жақты мазмұнын ашуды көздеді.

– Атақ, дәрежені ешқашан бірінші орынға қойған емеспін. Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғағанда жаным толқып, қатты қуанғанмын. Өйткені, диссертация жұмысын Мәскеуде жүріп жаздым. Оған бір жарым жылымды арнадым. «Қорғамай қайтпаймын!» деп өзіме ант бергенмін. Қорғаған соң бір-ақ келдім. Есіл еңбегімнің ақталғаны мені шексіз қуанышқа бөледі. Содан бері алдыма мақсат қойып, мақсатыма ақырындап жетіп келемін. Өзімнің ұстанымым солай. Тынымсыз еңбек ету керек. Сонда дегеніңе жетесің. Кітап оқығанды жаным сүйеді. Жастардың да білімге құштар болғанын қалаймын. Сондықтан да, алғыр шәкірттер мен озық ойлы ұстаздарға стипендия тағайындап отырамын. Қандай жетістікке жетсем де еңбегіммен жеттім. Үлкендердің қамқорлығын көрдік, аялы алақанының жылуын сезініп өстік. Жастар да біздің қамқорлығымызды сезініп, еліне адал қызмет ететін білімді, патриот әрі бәсекеге қабілетті маман иесі болғанын қалаймын, – деді кеш қонағы Бақтыбай Жолжақсыұлы .

Кешке қатысқан жастар қайраткер ағаларына көкейіндегі сұрағын қойып, тұшымды жауап алды. Бақтыбай Жолжақсыұлы әр сұраққа берген жауабын шынайы өмірмен байланыстырып отырды. Еркін форматта сұхбат түрінде өткен кездесуден жастардың көп нәрсе түйгені анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button