Басты тақырып

Жолың болсын, жолаушы!

     11 қарашадан бастап жол жүру ережесіне өзгерістер енгенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Мәселен, биылғы қыста көлік дөңгелегі шегелі дегенді білдіретін «Ш» белгісін жапсыру міндетті емес.

Дөңгелек демекші, қалтамдағы қа­ражатты үнемдеймін деп, бекерге айыппұл төлеп жүрмеңіз. Себебі, қыс мезгілінде қысқы дөңгелектермен жабдықталмаған техника құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жасалған қадамның бірі – бұл. Оның артында адам өмірі тұрғаны және бар.

Біз сөз етіп отырған талап сақталмаған жағдайда салынатын айыппұл көлемі – бес айлық есептік көрсеткішке тең (бір айлық есептік көрсеткіш – 2269 теңге).

Бұған қоса, көлігіңіздің екі алдыңғы және екі артқы дөңгелектері бірдей болуы шарт.

Жол жүру ережесіне енгізілген тағы бір жаңалықты біле жүріңіз. Те­мір тұлпарды тоқтатқан полиция қыз­меткері бірден көлікке келіп, жүргізушінің талабы бойынша өзінің қызметтік құжатын көрсетуге міндетті. Содан кейін көлік жүргізушісіне тоқтату себебін түсіндіруі керек. Жол ережесі расымен бұзылған жағдайда оны растайтын дәлелдерін көрсетуі тиіс.

Сондай-ақ, енді, жолда көлігіңізбен кері шегініп, жүруге болады. Әрине, өзгелерге қауіпсіз әрі кедергі келтірмейтін жағдайда. Дегенмен, көше қиылысында және айналатын жолда көлікпен кері жүруге болмайды.

Төрт не одан да көп жолағы бар екі бағытты жолда қарсы бетке көлікпен өтуге тыйым салынады. Және қоғамдық көлікке арналған жолақта өзге көліктердің жүруіне, тоқтауына жол берілмейді.

Жаңартылған ережеде екі аяқты көлікпен жүрудің де реті ескерілген. Құжатқа «велосипедші», «велосипед жолы», «велосипедке арналған жолақ» деген ұғымдар енгізілген. Сондай-ақ, «мопед», «жол жиегі» деген сөздердің түсінігі барынша кеңейтілген.

Велосипед жолы және велосипед жолағы бойынша велосипед жүр­гізушілеріне жас ерекшеліктеріне қа­рамастан қозғалыс рұқсат етілген. Бұл жолдармен мопедпен жүруге де болады.

Велосипед жолы мен велосипед жолағы жоқ жерлерде мопед пен велосипед жүргізушілері (14 жас­тан асқан) жолдың оң жақ бөлігінің шетімен қозғалуы керек. Оларға маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен қозғалуға да рұқсат етілген. Яғни, велосипед тізгінінде 14 және 16 жастан асқан адам болса, жолдың оң жағымен жүруіне болады. Немесе  қоғамдық көлікке арналған «BUS LANE» жолағының шетімен жүруіне рұқсат.

Велосипедшілер, жасы 14 жастан төмен балалар да велосипед жолы мен жолағы жоқ жерлерде жол жиегімен, тротурар немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуына рұқсат. Әрине, жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік тудырмайтын жағдайда. Басқа жағ­дайларда велосипедші жаяу жүргінші ретінде велосипедін жетектеп жүруі шарт.

Айтпақшы, велосипедтің рөліне де тым болмағанда бір қолыңызбен ие болуға міндеттісіз. Бұл көлік түріне мінгесіп жүруге де тыйым салынды. Ұзындығы немесе ені 15 см-ден асатын жүк немесе өзгелерге кедергі болатын жүк тасуға, велосипед жолы бар кезде өзге жолмен жүруге болмайды. Трамвай жолында және бірден көп жолағы бар жолда солға бұрылуға, кері айналуға, жаяу жүргіншілер жолағынан велосипедпен жүріп өтуге де тыйым салынады.

Жаңа ережеге сәйкес, «Фотобейне тіркеу» белгісі жоқ екен деп жүйтки беруге де болмас. Жол ережесінің бұзылуын автоматты түрде жұмыс істейтін бейне құрылғылар де тіркейді.

Жолыңыз болсын!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button