Жолдау жолданды, Қарағанды қамданды
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру Қарағанды облысының әкімдігінде кеңінен егжей-тегжейлі талқыланды. Барлық бағыттар бойынша басқарма басшылары есеп берді. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Облыс – өңдеу өнеркәсібінде көшбасшы. Бұл секторда өңірде 845 кәсіпорын жұмыс істейді. Өндіріс көлемі тұрақты өсуде. Мәселен, биыл 3 трлн. теңгеге өнім өңдеу көзделді. 11 жаңа өндіріс іске қосылады. Ал, 2030 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінде 33 инвестициялық жоба жоспарланған, оның жартысына жуығы – тау-кен өнеркәсібінде.
Агроөнеркәсіп кешенінде өнімді қайта өңдеу үлесін арттыру міндеті тұр. Биыл 12 инвестициялық жоба іске асырылып, қымыз өндіретін жаңа кәсіпорын, үш асыл тұқымды репродуктор ашылады. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру басталды. Оның шеңберінде 640-қа жуық микрокредит беріледі. Аграрлық ғылымды дамыту курсы қабылданды, онда серіктестер Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталық – тұқым шаруашылығы саласында және А.Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы – тозған жерлерді қалпына келтіруде.
IT саласын дамытуға келетін болсақ, аймақта «Террикон алқабы» хабы жұмыс істейді. Оның негізінде бағдарламалау мектебі жұмысын сәтті үйлестіруде. Облыста кадрлар даярлаудан бастап, IT-қызметтерді экспорттауға дейінгі IT-кластер құрылғаны атап өтілді. Президент инновациялық жобаларды іске қосудың негізгі көзі венчурлік қаржыландыру болуы тиіс екенін қадап айтты. Капиталы шамамен 10 млн. долларды құрайтын «Terricon venture» қорын құру жоспарлануда.
Жиында минералды-шикізат базасының дамуы туралы айтылды. Облыста көмір, мыс, алтын, темір және марганец кендерінің және басқа да пайдалы қазбалардың теңгерімдік қорлары бар. Ірі компаниялар мыс-порфир, хром, түсті және асыл металдарды іздеу және барлау жұмыстарын жүргізеді. Бұл өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер құруға инвестициялар тарту перспективасын ашады.
Туристік саланы дамыту маңызды бағытқа айналуда. Осы салада облыста 13 инвестициялық жоба бар. Қолдау «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, туризм бойынша мөлшерлемесі 3%-ға дейін төмендетілетін жаңа өңірлік кредиттеу бағдарламасы іске қосылады. Бұл туризм инфрақұрылымын дамытушы кәсіпкерлерге демеу болмақ. Мәселен, спорт және сұлулық индустриясы саласындағы үш жобаны іске асыруға жеңілдікті несиелер берілді.
Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудың жүйелі жоспарын әзірлеуді тапсырды.
– Өңдеу өнеркәсібі салаларын дамыту бойынша жұмысты жалғастыру, жоспарланған инвестициялық жобалар мен жаңа өндірістердің уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету қажет. Минералдық-шикізат базасын кеңейту үшін өңірге, оның ішінде геологиялық салаға инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды. Жүйе құраушы компанияларды сатып алу әрі отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын күшейту керек, – деп атап өтті өңір басшысы.
Сондай-ақ, энергетикалық және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су ресурстарының тапшылығын жою, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту мәселелері, бюджеттік қатынастардың жаңа моделіне көшу және Жолдауда айтылған басқа да бағыттар бойынша бірқатар міндеттер белгіленді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»