Бас тақырыпМәселе

«Жол жаққа қараймын…»

«Жол мұраты – жету» десек, бүгінде жолаушы мұраты – вокзалдан мезгілімен кету боп тұр. Өйткені, келер уақытынан кешіккен пойыз қыстың көзі қырауда жолға шыққандарды титықтатып келеді. Сапардағы жолаушының ғаріптігін кейінде пойыз атаулы жиірек еске салып жүр. Себебі, жаңа жылдың алдында отарба жүрісінен жаңыла бастаған-ды. Алайда, жыл туған соң да оңалып кете қоймады. Басында 1-2 сағат кешіккен пойыздар. Келе-келе 4-5 сағаттап жолаушыны қаңтарып қоятын жаман ғадет тапты. Пойыз күткен екі көзі төрт жолаушыдан бүгінде шағым да аз емес. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» АҚ бірнеше рет мәлімдеме жасады. Алғашында «Ұлттық тасымалдаушы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін теміржол учаскелерінде қозғалыс жылдамдығына шектеу қойды» деді. Одан соң «Ауа райының қолайсыздығынан» десті. Ұлттық компания пойыздардың қозғалыс кестесін қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын және қадап айтты. Дегенмен, жолынан қалған жолаушыны бұл мәлімдеменің ешқайсысы сабырға шақыра алмай тұр…

Бұған дейін БАҚ атаулы жолаушылардың «Қазақстан темір жолының» қызметіне, пойыз кешігуіне наразылықтарын мәлімдегені аян. Қаңтардың алғашқы жұлдызынан бастап, 6-сына дейін пойыз кешігуінің себебін ҚТЖ былай деп мәлімдейді… «Ұлттық тасымалдаушы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін теміржол учаскелерінде қозғалыс жылдамдығына шектеу қойды. Вокзалдарда пойыздардың кешігетіні хабарланып отыр. Ақпарат 1433 анықтама қызметі арқылы тәулік бойы беріледі. Егер пойыз 3 сағаттан артық кешіксе, жолаушыларға SMS хабарлама жіберіледі.

Кешіккен пойыздың әр сағаты үшін билет құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төленеді. Пойыз 6 сағаттан артық кешіксе, мейрамханада тегін тамақ беріледі. Сол сияқты вокзалдардағы тамақтану орындары мен сауда нүктелерінің, санитарлық аймақтардың (дәретханалардың) үздіксіз жұмыс істеуі бақылауда», – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы». Қаңтардың 4-5 күндері бірнеше бағыттағы жолаушы пойыздары кешікті. Атап айтқанда, қатарынан екі күн 7 бағытта пойыздар уақытында жүрмеді.

Десек те, жолаушы пойызының белгіленген уақытынан кешігетінін вокзалға келгенде бір-ақ білетіні бар. «SMS хабарлама жіберілді» десе де, ондай хаттың түспегенін жеткізеді кейбір жолаушылар. Осы орайда ҚТЖ-да олқылықтар барын мойындауы тиіс. Негізі, пойыздың «қонаққа» келгендей «асықпауы» алғаш емес. Қыс түгілі шіліңгір шілдеде керіліп-созылып жүріп алатыны да жоқ емес.

Нұрғайын Асқарқызы – жолаушы пойызының көп кешігетіне бірден-бір куә. Ол пойызбен жиі қатынайтынын, ал пойыздардың уақытынан кешікпейтін кезі аз екенін айтады.

– 30 желтоқсанда Алматыдан шығатын пойызға 2 жарым сағат кешігіп отырдық. Қарағандыға 4 сағат кешігіп түстік. Қарағандыдан Алматыға тағы да 1 жарым сағат кешігіп міндік. Мұның бәрі – жолаушыға кедергі. Уақытын ұрлайды, жұмысынан қалдырады, – дейді ол.

Ежелден елдің сеніміне кірген бірден-бір көлік ол – осы пойыз. Билет құнының қалтаға сайлығы мен жол жүрудегі жайлылығы арқасында өзге қоғамдық көліктердің көш басында. Бірақ қазіргі кебі «сенімнен шығуға» итермелеп барады. Ауа райы ма, әлде өзге де техникалық себеп бар ма, нақтысы бұқараға беймәлім. Ресми хабарламалар бар гәп – күннің райында дегеннен танбайды. Күнге кімнің бұйрығы жүрген?! Ал, стратегиялық нысан – шойын жолдың былайша «сыр» беруі мәселелерге тереңірек үңілуді меңзейді.

Қазіргі пойыздардың жай-жапсары туралы мәлімет алу үшін ҚТЖ-ның сайтында көрсетілген баспасөз қызметіне телефон соққанымызбен, тұтқаның арғы жағындағы автомат «абонент байланыс аясынан тыс жерде» деп тақылдап тұрып алды…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button