Жол жөнделеді
Егіндібұлақта ауылішілік жолдарды жөндеу қолға алынды. Орташа жөндеумен 70% жол қамтылатын болады.
Қаражат «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінді. Бұл қаржыға жолдардың 50%-дан астамы асфальтталды. Мердігер компания жұмысты қазан айының соңына дейін аяқтауға уәде беруде.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Егіндібұлақта жұмыс сапарымен болып қайтты. Өңір басшысын ДСК құрылысы, жөнделген жолдардың сапасы және басқа да бірқатар мәселелер қызықтырды.
Естеріңізге сала кетейік, Егіндібұлақ тұрғындары бірнеше рет биліктен бұқаралық спортпен айналысуға жағдай жасауды өтінген болатын. Биыл мәселе шешілді. 100 орындық трибунасы бар ДСК құрылысы басталды. Мұнда бокс, күрес, фитнес залдары және футбол алаңы болады. Кешен заманауи спорт жабдықтарымен жабдықталған. Бұл құралдар спортшылардың жаттығуына барлық жағдай жасайды.
Қазір металл конструкцияларын монтаждау және монолитті қабырғалардың құрылысы жүріп жатыр. Нысанды 2022 жылы пайдалануға беруге уәде етілген.
Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауылдағы болып жатқан өзгерістерді талқылады. Ақсақалдар Егіндібұлақтың қысқа уақыт ішінде айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Мектеп пен мәдениет үйі жөнделді, аулалар абаттандырылуда, балалар алаңдары орнатылуда, көшелер жарықтандырылуда, жолдарға көңіл бөлінуде.
Сапар соңында облыс әкімі жол және спорт кешені құрылысшыларына барлық жұмыстарды жеделдетіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Облыс әкімі баспасөз қызметі.