Жол құрылысы мен баспана салу – қарқынды
Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда облыстық және аудандық маңыздағы жолдардағы құрылыс жұмыстары еселене түседі. Облыс бюджетінің бүйірін тоғайтады әрі халықтың әл-ауқатын арттыруға біршама септігі тиеді деген жоба аясында 3,5 адам жұмыспен қамтылмақ. Одан бөлек, биыл біраздан бері үй кезегінде тұрып, баспанаға зар болғандардың да арманы орындалады деп күтілуде. Яғни, облыстағы 850 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлап, кезек 994-ке дейін төмендейді деген жоспар бар.
ЖОЛ САПАСЫ – БАҚЫЛАУДА
- 2020 жылы аймақтың жол инфрақұрылымын, оның ішінде «Орталық-Оңтүстік» ауқымды жобасын жетілдіру жұмыстары жалғасады. 1500 шақырымнан астам автомобиль жолдарын жөндеуге қаражат жоспарланған. Оның 793 шақырымы – республикалық маңызы бар автомобиль жолдары, – дейді Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саят Шаймин.
Сондай-ақ, Қарағандыда – 23 шақырым, қалалар мен аудандардың жергілікті бюджетінен 90 шақырым жол мен ауылдық жерлердің көше жолдарын жөндеу жоспарланған. 17 шақырым болатын Новодолинка-Шахан-Молодецкое бірінші транзиттік нысанын да қайта құрылымдау – жоспарда.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Айдос конкурс жұмыстары жүргізіліп жатқанын, соған қарамастан, материал дайындау жұмыстары қарқынды екенін айтады. Оның айтуынша, жұмыс қызған шақта 2,5 мың техника, 3,5 мың адамды жұмысқа тарту жоспарда.
- Республикалық жолдарды салуға үлкен үміт артамыз. Жұмыс көлемі артатындықтан, облыстық кәсіпорындарға да жүктеме көп. Алдағы үш жылда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге облыс жолдарының 30%-дан астамын бірінші және екінші санатқа көшіргіміз келеді. Олар –Теміртау -Нұр-Сұлтан, Теміртау-Қарағанды және тағы сол сияқты жолдар, – деді Жеңіс Қасымбек.
Дегенмен, аймақ басшысы өткен аптада Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен мәжілісте «Қазавтожолға» қатысты сын болғанын да айта кетті. Атап айтқанда, Алматы бағытындағы Қарағанды-Балқаш және Балқаш-Бурылбайтал учаскелеріндегі құрылысқа қолданылатын материалдарының сапасы төмен.
Жеңіс Махмұдұлы Теміртау-Қарағанды тасжолының да сын көтермейтініне тоқталды. «Пайдалануға берілгенімен, ретке келтірілмеген, жарық жоқ» деген ол көктемге дейін барлық ақауларды реттеуді тапсырды. Одан бөлек, өткен жылы қолданысқа берілуі тиіс «Солтүстік-Шығыс» айналма жолындағы 5 өтпежолдың ешқайсысы дайын емес.
- Бұл республикалық нысандағы жол екенін түсінеміз, бірақ тездетуді сұраймыз. Міндеттеме қабылданса болды, қаржыландыруды 25 қаңтардан бастауға дайынбыз, – деген Жеңіс Қасымбек Серік Әділханұлына қатаң тапсырма берді. Одан бөлек, Жезқазған-Қызылорда тасжолы бойынша жобалық құжаттарды маусым айына дейін дайындап, келесі жылға қалдырмай, биылғы жылдың қыркүйегінен жұмысты бастау туралы айтты.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова жол құрылысы мамандығы бойынша 529 маман даярланғанына назар аударды. Олардың жұмысқа кірісуге әзірлігін, одан бөлек, жұмыспен қамту қызметінде тіркеуде тұрған 575 тұрғын да жол жұмыстарына шығуға дайын екенін жеткізді.
БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында 2019 жылдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 421,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш биыл еселене түсіп, 2020 жылы 1602 отбасы жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде көпбалалы отбасылар үшін – 162, халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігі үшін 1440 пәтер беріледі.
- Республикалық бюджеттен 695 пәтер салуға қаражат бөлінді, оны іске асыру нәтижелері бойынша халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне 349 пәтер беру жоспарлануда, – дейді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов.
Сондай-ақ, 2020 жылы облигациялар шығару арқылы несиелік тұрғын үй салу үшін «Бәйтерек девелопмент» АҚ есебінен Қарағанды, Балқаш қалаларындағы объектілерді аяқтауға, Қарағандыда жүзеге асырылып жатқан жобаларға, Жезқазған, Абай қалаларында 2 жаңа объектінің құрылысы, жалпы алғанда, 1067 пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік бар. Одан бөлек, қала-аудан әкімдіктерімен бірігіп, Қарағанды облысы бойынша тұрғын үй құрылысын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жоспарының жобасы әзірленген. Бұл кезеңде 5 млн. 339 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалуға беру жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желіде көп айтылып жүрген «Панель Центр» шағынауданындағы пайдалануға беру мерзімі созылып кеткен 3 және 5 блок-секцияларына да тоқталды.
Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров «2019 жылдың соңында мердігер компаниямен шарт тоқтатылып, конкурс жұмыстары жүргізілген. Жұмыстарды жалғастыруға жергілікті бюджеттен қаржы да бөлінді. 3 және 5 блок-секциялары жаз айларында пайдалануға беріледі» деп сендірді. Мерзімі өтсе де, әлі қаңқасы ғана тұрған «Шапағат» тұрғын-үй кешеніндегі 3 және 4-үйлерге де сараптама жұмыстары жүргізіліп, қорытынды жасалған. Ол үшін бюджеттен бөлінген қаржы да бар. «Жаз шыға бұл үй де пайдалануға беріледі» – дейді қала басшысы.
Салтанат ІЛИЯШ.